Жақы туралы жақсы хабардармыз ба?

Жақы – жылқы терісінен түгін сыртына қаратып тігетін сырт киім. Ол тігілген теріге, жылқының жас ерекшелігіне қарай «құлын жақы», «тай жақы», «құнан жақы», «бесті жақы» болып бірнеше түрге бөлінеді. Жақыны тігуге көбінесе жылқының қара, торы немесе ала түстісі таңдалып сойылған.

Тай немесе жабағыны сойғанда терісін еппен сыдырып алады да, жақсылап илейді. Тайдың жалын көбінесе киімнің сыртқы бойын қақ жара тігінен немесе екі иығынан бастап, жеңдерінің ұшына дейін төгіліп тұратындай етіп пішеді.

Жақыны сәндік үшін немесе ішіне тығыз жүн салынатын болғандықтан, жауын-шашын кезінде жылы жүру үшін киеді. Жақы – негізінен күз немесе көктем мезгіліне арналған киім. Киімнің бұл түрі мал күзеткенде өзге киімдердің (тон, ішік) сыртынан жамылып отыруға ыңғайлы болған. Жақының дақы деп аталатын түрі кең әрі қалың етіп тігіледі.

Бұл туралы әдебиетші Дәркембай Шоқпарұлының «Тайжақыдан Тараққа дейін», «Ер қанаты» еңбектерінде кеңінен қамтылып, айтылған. «Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында да жақы туралы жақсы жазылған. Жақы туралы жас ұрпақтар да біліп, мүмкін болса киіп жүргенінің артығы жоқ. Ата-бабамыз киген киім бүгінгі ұрпаққа да бөтен болмаса керек.

Есет ДОСАЛЫ