Жаңа айыппұлдар жол-көлік оқиғасын тоқтата ала ма?
Осы орайда Елорда полициясы бағдаршамның сары сигналына өтуге тыйым салу туралы ескерту жасауда. Себебі асығыстық жарға жығуда. Қаншама қайғылы оқиғалар болып жатыр. Polisia.kz сайты көбінесе жол-көлік оқиғалары бағдаршамның сары түсі жанып тұрған сәтте өту кезінде болатынын зерттеу нәтижесі көрсеткенін жазыпты. «Бұл ретте жүргізушілерге Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерінің 5-тарауының 24-тармағының 3-тармақшасына сәйкес бағдаршамның сары сигналы қозғалысқа тыйым салатынын, ал жыпылықтаған жасыл шам жақын арада тыйым салу сигналы шығатынын ескертеді», – делінген полиция хабарламасында.
Алдағы уақытта заңбұзушылықтарды бейнебақылау камералары автоматты түрде тіркейтін болады. «Осыған байланысты жүргізушілерді жолда сақ болып, жол ережесін сақтауға шақырамыз. Мәселен, соңғы бір жылда 3 мыңнан аса оқиға тіркелді. Жол-көлік оқиғалары бағдаршамның тыйым салынған сигналына (қызыл, сары) өтуі, оның ішінде сары сигналына өткені үшін болған. Соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 246 адам жарақат алған. Жыл басынан бері 400-ге жуық жол апаты тіркелді», – делінген хабарламада.
Жол ережесін сақтауды көлік жүргізушілері жадынан бір сәтте шығармауы керек. Бұл жерде адам тағдыры тұр. Осы тұрғыда көлік жүргізушілеріне ескерту ретінде айта кетсек, егер бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсеңіз, қандай жаза күтіп тұр? Оны да біле жүреңіз. 2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) жоғарылаған – 3450 теңге. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар көлемінің ұлғаюына да әсер етеді.
Бұл заңбұзушылық 599-баптың 1-бөлігі бағдаршамның тыйым салу сигналына немесе реттеушінің тыйым салу қимылына өту болып саналады. Бұл үшін Қазақстанда 2023 жылғы заңға сәйкес 10 АЕК немесе 34 500 теңге көлемінде айыппұл жазасы қолданылады.
Егер де бір әкімшілік құқық бұзсаңыз, яғни сіз бағдаршамның қызыл түсіне өтіп айыппұл төлеп, осы жағдайды бір жылдың ішінде қайталасаңыз, онда 15 АЕК немесе 51 750 теңге айыппұл төлеп жазаланасыз. Бұл 599-баптың 2-ші бөлігі.
28 ақпанда палатаның жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе өзгерістермен таныстырды. «Заң жобасы шағын электрлі және көлік құралдарының жекелеген түрлерін тіркеу мен пайдалануды құқықтық реттеуге, жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыруға бағытталған. Сондай-ақ, жолдар мен жол құрылыстарын күтіп ұстауға байланысты құқық бұзушылықтар үшін көлік құралының рұқсат етілген жылдамдығын айтарлықтай асырған тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру ұсынылады», – деді ол.
Демек, жаңа айыппұлдар «пайда» болуы мүмкін. Осы орайда былтырғы 2023 жылғы Қазақстанда көлік айыппұлы мен салығының мөлшері қалай өзгергенін айта кетпекпіз.
Былтыр ең төменгі айыппұл мөлшері 10 мың теңгеден асып түсті. Мысалы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК 387 теңгеге артып, 3450 теңге болды. Қазақстанда жиі бұзылатын жол ережелері бойынша айыппұл мөлшері мынадай:
Ең төменгі айыппұл жүргізушінің тұрақ ақысын төлемегені үшін салынады. Оның мөлшері – 3 АЕК. Сәйкесінше айыппұл мөлшері былтыр 9 189 теңгеден 10 350 теңгеге дейін өскен. Жиі бұзылатын жол ережелері: жылдамдықты 10-20 км/сағ асыру – 5 АЕК: 15 315 теңгеден 17 250 теңгеге артқан;
Бағдаршамның қызыл түсіне өту – 10 АЕК: 30 630 теңгеден 34 500 теңгеге бір-ақ «секірген». Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру полисінің құны да артып, базалық сақтандыру сыйақысы (1,9 АЕК) 5 819,7 теңгеден 6 555 теңгеге «табан» тіреген. Ал көлік салығының мөлшері де артыпты:
Қозғалтқыш көлемі 1100 текше сантиметрге дейінгі көліктер үшін – 1 АЕК: 3 063 теңгеден 3 450 теңгеге, ал көлемі бес литрден асатын машиналар үшін – 200 АЕК: 612 600 теңгеден 690 мың теңгеге «иек артыпты».
Осы жылы айыппұл тағы өсетін болса, көлік салығы көтерілсе, көлік иелерінің қалтасына ауыр болмай ма? Жалпы айыппұлды көтеру арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мүмкін бе? Сұрақ көп…