Қазақстан халқының 7,6 млн адамы ауылда тұрады

Елімізде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі — 7,2%. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров сейсенбідегі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды.

«Бүгінгі таңда республикамызда 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұрады, жалпы еліміздегі халық санының 38,4%-ын құрайды. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі — 7,2%, ал жұмыссыздық деңгейі — 4,7%. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33% немесе 1,2 млн адам», — деді ол.

Министрдің мәлметінше, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендер саны 6 838-ден 6 256 дейін, яғни 582 бірлікке қысқарған.

«Негізінен, ауыл санының қысқаруы, халық саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізіледі. Министрлік жыл сайын Өңірлік стандарттар талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг және талдау жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы қамтамасыз ету деңгейі 64,3%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 тармаққа өсті. Бұл ретте, объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілудің ең жоғары деңгейі Маңғыстау – 72,4%, Атырау – 70% және Ақтөбе облыстарында – 69,6% байқалады. Қамтамасыз етілу деңгейі төмен келесі облыстар: ШҚО – 58%, Ұлытау – 57% және Абай – 55,4%», — деді Байбазаров.

Сонымен қатар, Өңірлік стандарттар көрсеткіштерін талдау нәтижелеріне сәйкес, қамтамасыз етудің жоғары және орташа деңгейі бар ауылдар санының артуы байқалады.

«Осылайша, қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны 1 296 бірлікті құрайды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 169 бірлікке артты. Сонымен қатар, көрсеткіштері төмен ауылдардың үлесі 1 676-дан 1 399 ауылға дейін азайды», — деді министр.

Ұлттық экономика министрінің сөзінше, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және Өңірлік стандарттармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп бірқатар жүйелі шаралар қабылдауда.

 

Azattyq Ruhy.