Made in Kazakhstan: Ұлттық киім неге қымбат?
Ұлыстың ұлы күніне санаулы күндер қалды. Осынау игі мерекеде ұлттық киім киіп жүруді әдетке айналдырғандар қаншама. Бұл күндері қазақы ою-өрнегі бар киімдерді мектептерде оқушылар да киіп жүреді. Сарапшылардың сөзінше, өзімізде тігілетін ұлттық киім қымбат. Оған бірқатар фактор әсер етіп жатыр. Елімізде ұлттық киімге деген көзқарас қандай? Осы тақырып төңірегіндесайтының тілшісі шолу жасады.
Елімізде жеңіл өнеркәсіп қалай дамыған?
Өнеркәсіп комитеті баспасөз қызметінің дерегінше, қазір салада 1425 кәсіпорын жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандар саны 26 мыңға жуықтайды. Жеңіл өнеркәсіп үш негізгі кіші саладан тұрады: тоқыма бұйымдарын өндіру, киім өндірісі, былғары өнімдерін өндіру.
«2023 жылғы алдын ала деректер бойынша өндіріс көлемі 211 млрд теңгені құрады, өсім – 12,2%. Былтыр жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 4,4 млрд долларды құрады. Отандық тауар өндірушілердің үлесі – 7%, ал импорт 93% болды. Өндіріс көлемінің жыл сайынғы өсуіне қарамастан, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін тұтыну да өсіп жатыр. Тұтынудың негізгі көлемі импорттық өніммен қанағаттандырылады. Жалпы өндіріс көлемінде сала негізінен мемлекеттік тапсырысқа (арнайы киім, арнайы аяқ киім, нысанды киім және т.б.) бағдарланған. Олар өндірушілерге кепілдендірілген сатуды және минималды тәуекелін қамтамасыз етеді», — делінген ведомствоның редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Тағы бір мәселе – шикізаттың жетіспеушілігі және өңдеушілердің тапшылығы, делінген ақпаратта.
«Яғни, біздің кәсіпорындар өңдеудің ең төменгі деңгейінде және тек өндіріске бағытталған. Сондай-ақ, көптеген шикізат және компоненттердің болмауы, оларға жоғары әкелу баждары. Біліктілік кадрларының тапшылығы. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жеңіл өнеркәсіп салалары үшін инженерлік-техникалық бағыт бойынша білім алушылардың саны азаюда. Өйткені бұл қызмет түрі төмен жалақыға байланысты тартымсыз. Ішкі нарықты қорғау мақсатында біз тұрақты негізде шаралар қабылдаймыз.
Мысалы, импорттаушыларды болдырмау және жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алуда ОТП қолдау үшін алып қоюды белгілеу бойынша жұмыс жүргізіліп, Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп тұрақты негізде Қазақстанда өндірілмейтін шикізатқа кедендік баждарды төмендету мәселелері пысықталып жатыр. Жаңа жобаларға және ескілерін жаңғыртуға 3% қаржы бөлінді, көлеңкелі импортпен күресу үшін тауарларды таңбалауды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, квазимемлекеттік сатып алуларда Индустриалды сертификаты бар отандық тауар өндірушілерге басымдық берілген», — деп хабарлады комитет.
Матаны сырттан әкелеміз – сарапшы
Дизайнер Бақытгүл Көшербайдың ұлттық киім өндірісі саласында жүргеніне бірнеше жыл болған.
«Мен өзім жеке ұлттық киім тікпеймін. Біз цехтармен жұмыс істейміз және өзіміздің тігіншілеріміз бар. Жалпы осы саламен айналысып келе жатқаныма 4 жыл болды. Мемлекеттен қолдау болды. Өткен жылы біз жастарға 2,5 пайызбен берілетін 5 млн теңгені ұтып алдық. Екі жылдың ішінде қайтарылады. Сол жағынан жақсы қолдау болды. Бұл бизнес түрінің табысына келсек, соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге қолдау барын көруге болады», — деді ол.
Спикерден өзімізде тігілетін ұлттық киімдер неге қымбат екенін сұрадық.
«Ең маңызды мәселенің бірі біздегі өндіріс дамымаған. Мата өндірісі жоқ. Оны сырттан аламыз. Мата басқа жақтан келгеннен кейін бізге де тиімсіз болатын тұстары өте көп. Матаны табуда, алуда болсын, өзіндік құны бізге қымбатқа шығады. Сондықтан отандық өнімдер қымбат болады. Бізде тіктіретін үлкен болсын, шағын болсын, фабрика өте аз. Сол себептен аз мөлшерде басқа цехтарда тіктірсін, өз тігіншілеріне тіктіретін болсаң да, мата жағынан, цехтарға тіктіруге қымбатқа түседі. Кейбір детальдарында қолдың жұмысы болады. Сондықтан ұлттық киімдер қымбат деп айтатын едім», — деп атап өтті сарапшы.
Сіздерден киім-кешек сатып алғысы келетін қазақстандық қанша қаражат жұмсауға дайын болуы керек?
«Біздің киім-кешекті сатып алуға орта бағамен алатын болсақ, 80-100 мың теңгенің маңайында. Ішкі нарықтан бөлек, шетел тарапынан сұраныс өте көп. 2023-2024 жылдары шетелдіктер қатты қызығушылық танытты, Ұлыбританиядан, Канададан хабарласқандар болды. Түркиядан біздің бас киімдерге, шапандарға деген қызығушылықтар болды», — деді дизайнер.
Бақытгүл Көшербай өндірісте пайдаланатын матаны Түркия, Италия және Оңтүстік Корея елдерінен сатып алатындарын айтты.
«Бешпент те, шекпен де шапан аталып кетті…»
Елорда базарларында Қырғызстанның киім-кешектерін кездестіруге болады. Оның ішінде ұлттық киімдер де бар. Жасыратыны жоқ, той-томадалақтарда оны сатып алатын тұрғындар да жоқ емес. Себебі бағасы жағынан қолжетімді. Этнограф Серік Ерғалидің айтуынша, Қырғызстан Қазақстанды тек ұлттық киіммен емес, жалпы киіммен қамтып жатыр.
«Өйткені олар Қытайдың технологиясын жеңіл өнеркәсіпке енгізіп алды. Ол жақта шикізат болмағаннан кейін, басқа нәрсеге алаңдамағаннан кейін жеңіл өнеркәсіпті жақсы меңгеріп алды да, енді Қазақстанның нарығын бұл жағынан жаулап алды. Ол рас. Бізге ол жағы қолға алынған жоқ, саясатқа жеткілікті айналған жоқ. Жеңіл өнеркәсіп бар, бірақ Қырғызстанға қарағанда өте шабан дамып жатыр. Бізде шикізат пен басқа жағы өте қымбат болғаннан кейін одан пайда табу жағы табыскерлерге өте қиын. Соңғы кезде халқымыз өзінің киімдеріне назар аудара бастады. Ұлттық киімдер негізінен бренд есебінде қолға алынып жатыр. Арзанқол емес, қымбат. Бірақ енді бұл бұқара халыққа қол жетерлік емес. Киіт деп арзан болған соң қырғыз ағайындарының біздің базардағы бұйымдарынан алады. Бірақ енді бұл уақытша болу керек. Енді қазір ол қызық болмай бара жатыр. Дегенмен бұл саланы біздің билік қолға алу керек. Оған арнайы саяси бағыт ұстану қажет», — деді ол.
Өйткені бұл тек қана өндіріс, сауда индустриялық бағыт емес, бұл – ұлттың құндылығы, ұлттың коды, деп жалғастырды сарапшы.
«Соңғы кезде бренд түрінде барлығы шапанды қолға алып жатыр. Бірақ енді қазақта шапаннан басқа сырт киімдер бар ғой. Қазір бәрі шапан болып кетті. Бешпент те, шекпен де шапан аталып кетті. Бұл жағынан енді этнографиялық ғылыми кірісу өте баяу және бұл сырт қалып тұр. Яғни, сауатсыздық та бір жағынан. Міне осының барлығына мемлекет кірісу керек», — деді Серік Ерғали.
Сөзінше, киітке көбіне қазақтікін емес, қырғыз ағайындардыкін беріп жатыр.
«Басқа алатын да жоқ. Өйткені қолжетерлік емес, одан 3-5 есе қымбат дүниелер бар. Бірақ ол енді әркімге қолжетімді емес», — деп түсіндірді спикер.
Сарапшыдан елімізде ұлттық киімге деген көзқарас қандай екенін анықтап білдік.
«Ұлттық киім дегенде оны екіге бөлуіміз керек. Этно – бұрынғы, ескі дәстүрмен мұражайларда тұрған киімдер. Яғни, қазақтың етене дәстүріне сай киімдер. Ол барлық халықта бар, бірақ оны ешкім күнделікті кие қоймайды. Соны жаңғыртып, жаңартып, детальдармен сәл өзгертіп, қазақыландырып, қазіргі заманға сәйкестендіретіндей модерн бағыт керек. Мәселен, былтыр қазақ төбетейінің жылы болды. Әсіресе, қыздар оны мерекелерде ғана емес, кәдімгідей киіп жүрді. Менің ойымша, мына киіт дегендерге арзанқол матадан тігіле салған нәрсе емес, бір кішкентай дүние болса да, көздің жауын алатын бір нәрсені алып берген дұрыс. Осыдан 5-6 жыл бұрын тек қана Наурызда шапанымызды, текеметтің оюлары салынған киім-кешектерді киіп шығатын еді.», — деді ол.
Оның айтуынша, қазір біздің халықтың талғамы өзгеріп келе жатыр. Этнограф осы бағытты қалай дамыту керек екені бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
«Осыны табыс жолына салатындай коммерциялық бизнес секторы. Оны экономиканың негізі қылатын құзырлы министрліктер жұмысты қолға алуы керек. Ал халық тұтынушы ретінде өзінің дүниесін, ұлттық киім-кешегін алуға дайын болуы керек. Осыған насихат керек. Тек қана Наурызда емес, басқа айларда оның тұрақты бір көрмесі, жәрмеңкесі болуы керек. Ұлттық бұйымдарды шығаратын шағын кәсіпорындарға салықты бес жылға дейін босатып тастаса, елден осы арзан ұлттық киім-кешекке жарайтын маталарды, яғни шикізатты шығартшы, бұл сала бір жылда көтеріледі», — деді этнограф Серік Ерғали.