Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау фактілерін қолданған бұрынғы полицейлер сотталды

Талдықорған сотында Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптаған экс-полицейлерге сот үкімі шықты.

Фото: freepik.com

Қылмыстық іс барысында 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысының полиция қызметкерлері қаңтар оқиғасына қатысты деген күдікпен азамат С.-ны полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратына әкелгені анықталған.

Экс-полицей Т. департамент дәлізінде қолы кісенде тұрған С.-ның белінен ұрған.

Іс материалында тағы үш полицейдің 2022 жылдың 7-16 қаңтары аралығында 5 адамды кінәсін мойындату мақсатында оларды қорқытып, сол арқылы моральдық және физикалық зиян келтіргені айтылған.

Бір экс-полицей өзіне тағылған айыпты мойындады, шығынды өтеді. Қалған үш азамат кінәсін мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Кінәсін мойындаған азамат қылмыстық кодекстің 146-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен 2,5 жылға бас бостандығы шектелді.

Азамат А. қылмыстық кодекстің 146-бабы 1,2,3-тармақтары, қылмыстық кодекстің 58-бабының 3, 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Б. қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігінің 1,2,3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Е. қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Paryz.kz.