ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін атап өтудің онкүндігінің жетінші күні – Ұлттық спорт күні.
Бүгін бұл күн ұлттық спорт түрлерін насихаттауға арналды.
Бүгін Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде Ұлттық спорт күніне арналған ұлттық ойындардан аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ұлттық спорттың ел өміріндегі алар орнының ерекшелігіне, еліміздің ұлттық ойындары салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, елге, салт- дәстүрге, тарихқа деген құрметті асқақтатып, патриоттық рухты көтеретіндігіне, ауданда ұлттық спорт түрлерін дамыту жүйелі жолға қойылғандығына тоқталған аудан басшысы жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. 
Бұдан кейін спорт саласының ардагері Жүсіп Кәрібозов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға ақ батасын берді.
Ұлттық спорт күніне арналған жарысқа ересектер мен жастардан құралған 10 команда қатысып, бақ сынады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері және жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және медальдармен марапатталды.
Айта кету керек, бүгінгі Ұлттық спорт күніне арналған ұлттық ойындардан жарыстар аудандағы барлық елді мекендерде өтіп жатыр.