М.Ділдәбеков: Нағыз білекті де жүректі жігіттер ауылдан шығады

Кейіпкеріміз Мұхтархан Қабыланбекұлы Ділдәбеков 1976 жылы 19 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Былғары қолғап шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (1997), аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының (2000) және әуесқой бокстан әлем чемпионатының (1999) күміс жүлдегері, Азия біріншіліктерінің чемпионы, «Парасат» орденінің иегері (2000). Алғашқы жаттықтырушысы — Н.Сафиуллин.  Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры. Енді әңгіме тізгінін кейіпкердің өзіне берсек. 

Боксқа келуім қызық болған

Мен қаршадай күнімнен қазақтың ұлттық ойыны көкпарды жаныма серік етіп, өзімді нағыз көкпаршы шабандоз болуға алдын ала дайындап, білекті де жүректі жігіт болып қалыптасуға тырыстым. Аттың құлағында ойнап өскен, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын ауыл баласы болғандықтан, алдағы бар арманымды көкпармен байланыстыратынмын. Бірақ адамның арманы мен өмірдің таңдауы бір жерден шықпайды екен. Менің де өмірім бір-ақ сәтте өзгеріп шыға келді. Бірде Ерхан деген екінші ағам «қыдыртамын» деп мені өзімен бірге қалаға алып кетті. Қыдырып, қаланы аралаумен арада бір апта уақыт зыр етіп өте шықты. Алайда ағам ауылға кері қайтуға асықпады. Менің ауылға тартып кеткім-ақ келгенімен, ағамның жібергісі келмейтінін байқадым. Оның үстіне біраздан кейін бізге үшінші ағам Темірхан да кеп қосылған-ды. Олар менен қай спортқа қызығатынымды суыртпақтап сұрай бастады. Мен бәріне «жоқ» деп, азарда-безер боламын. Ауылда атқа мініп, қиқу салып, көкпар тартып жүрген менің қаладан тынысым тарылып, басымнан тап бір темір торға қамалған арыстанның зарлы күйін кешірдім. Оған қыңған ағаларым жоқ, өз райларынан қайтар емес. Сонымен не керек, көп айтыс-тартыстар мен үлкенді-кішілі «келіссөздерден» кейін ағаларымның ыңғайына жығылып, «боксқа баруға» келісім беруге мәжбүр болдым. Сөйтіп, 19 жасымда бокс табалдырығын аттадым. Әрине, бастапқы кезде бокс мектебіне үйрену оңайға соқпады. Себебі балалар мен жасөспірім спортшылар жүріп өткен жолды еңсерген жоқпын. Рас, бойымда қара күш мығым-тын. Мәселе тек қара күште ғана емес екендігіне бокспен айналыса бастағанда анық көзім жетті. Сөйтсем, бокстың өз әліппесі бар екен. Осы тар жол тайғақ кешуден мені бапкерім Нұрғали Сафиуллин аман-есен алып өтті. Бокс мектебіне алғаш қатысып жүрген кезімде оны тастап кетпекші де болғаным бар-ды. Бірақ уақыт өте келе өзімнен есеп алуды үйреніп, жоғары нәтижеге тек шүмектетіп тер төгу арқылы ғана жетуге болатынын бағамдаған соң, бұрынғыдан екі-үш есе артық жаттығу жасауға көшкенмін. Нәтижесінде, сенімім мені алдамай, ел намысын қорғайтын ер етіп шыңдап шығарды. Кейін бұған да шүкіршілік дедік қой. Спортшы ретіндегі өсу жолыма келсем, маған үлкен сенім артқан бапкерімнің сағын сындырмай, бес айдан кейін өткен өңірлік жарыста облыс чемпионы атандым. Сөйтіп, жастар арасындағы КСРО чемпионы Серік Өмірбековке қарсылас болып шыға келдім. Осы боксшымен жұдырықтасып жүріп, өзіме мол тәжірибе жинақтадым. Сол себептен де боксқа кеш келсем де, бағым жанған жанмын деп айта аламын.

сидней 2000

Сидней олимпиадасының күмісі

Өмір-өзен өз арнасымен ағып жатты. Осылайша әр төрт жылдықта бір жалауын көтеретін Сидней олимпиадасы жақындап келе жатты. Оған тыңғылықты дайындықтан өту үшін қарсыластарымның қарымын байқау мақсатымен бәрімен қолғап түйістіріп, шамашарқымды байқап көрдім. Нұрғали ағай екеуміз жарты жыл бойы бірге жұмыс істеп, көптеген спарринг кездесулер өткіздік. Бапкерім менің дайындығымдағы артық-кем тұстарымды байқап, кеткен кемшіліктерді жоюға тырыстық. Рас, бізге Сидней Олимпиадасына лицензия алудың өзі оңайға соқпады. Ал олимпиада кезінде ширек финалда маған қарсылас болып кубалық қара қабылан Алексис Рубалкаба алдымнан шықты. Қалың жанкүйер қауым маған аяушылық білдіріп жатты, өйткені осыған дейін одан қатарынан екі рет жеңілген болатынмын. Оның үстіне алғашқы айналымда-ақ ол қарсыласын еден үстіне сұлатып түсіріп, шаршы алаң қожайыны кім екенін байқатқандай болған. Турнирді ұйымдастырушылар нокаутқа түскен әлгі бейбақты рингтен көтеріп әкетуге мәжбүр болғантын. Бірақ, неге екені белгісіз, мен өзімді іштей берік ұстадым. Рубалкабаның соққысынан тайсақтасам да, өзінен қаймықпағаным анық. Нәтижесінде, азулы қарсыласымды сан соқтырып, ұтып кеттім. Жартылай финалда өзбекстандық Рустам Саидовпен кездестім. Ол да өте тәжірибелі боксшы болатын, сондықтан оны жеңу үшін шаршы алаң төрінде көп күшімді қалдырдым. Шаршаңқырап қалғандығымнан болар, ақтық сында ағылшындық Одли Харрисонға есе жіберіп алдым. Кейде: «Егер онымен алдын ала кездесіп, күш-қарымын байқағанымда оны да жеңер ме едім, қайтар едім?» — деген ойлар алдымды орай береді. Сондай сәттерде: «Бәрі Алланың қолындағы нәрсе ғой. Бокстың иісі мұрнына бармаған ауыл баласының тақиясына Олимпиаданың күміс жүлдегері болу да тар келмес», — деп, өзімдіөзім жұбатам. Менің барлық жетістіктерімде алдымен Алланың, сосын ата-анам мен бауырларымның, Нұрғали көкем мен құрама бапкері Тұрсынғали Еділов ағамыздың зор үлесі бар. Осының бәріне жалғыз өз күшіммен жетпегенім басқадан бұрын өзіме аян. Онда көп адамның төккен тері, еткен еңбегі бар. Мен олардың ешқайсысын ұмытқан жоқпын, ұмытпаймын да. Бәрінің: досым Берікжанның да, ұстазым Құралбек ағаның да, әкем Қабыланбек пен мені елдің ұлы санайтын анам Гүлімханның да асыл бейнелері менің жүрегімнің түкпірінде сақтаулы. Бапкерім Нұрғали Сафиуллин — ғажап психолог, білікті маман. Ол кісі мені көкпар тартып жүргендей тәрбиелеп, ринг сыртында тұрғанда көкпардағы әдістерді айтып айқайлайтын. Әрине, бапкер үшін мұның бәрі оңай емес екенін енді ғана түсіндік қой. Менің жеңісім — оның еңбегінің жемісі. Содан болар, бапкерім мені ринг төріне көкпарға салған шабандоз ретінде шығаратын. Ол менің жетістікке жетуім жолымда қолынан келгеннің бәрін жасады. Ол кісіні екінші әкемдей қатты құрметтейтінім де сондықтан. Бокста бірқатар жетістіктерге жеткеннен кейін, басқаларға ұқсап кәсіпқой бокспен айналысуға да аңсарым ауған. Тіпті, маған Канада, АҚШ т.б. елдерден көптеген ұсыныстар да түскен. Әйтсе де, промоутерлік компаниямен келісімшарт жасасып қойып, құйысқаным көтеріліп тұрған кезде туыстарым, әсіресе ата-анам бұл ниетіме үзілдікесілді қарсы болып, ақыры райымнан қайтарып тынған. Ал мен ол кісілердің сөзін әсте жерге тастап көрмеген жан болатынмын. Одан опық жемегенім тағы рас. Себебі өмірден өз орнымды таптым, өзім сүйетін іспен айналысып жүрмін. Адамға бұдан артық қандай бақ керек?

dsc_06281

Кеше — боксшы, бүгін — ұстаз, бапкер

Бүгінде облыстағы спорт мектебінде жас өрендерді бокстың қыр-сырына баулып жүрмін. Онда талай жас қырандар қанаттарын қатайтуда. Спорттық карьераның алғашқы баспалдағынан олар бізден өтетіндіктен, ұстаз-бапкерлерге қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Ең бастысы жас баламен тіл табыса біліп, оның қызығушылығын арттыру қажет. Құдайға шүкір, бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, қазір елге танымал боксшылар Закир Сафиуллин мен Нұрғазы Жүсіпов біздің мектептің түлектері. Болгарияда өткен жастар арасында әлем чемпионатындағы Шалқар Айқынбайдың алтынын, Сұлтан Зауырбектің күмісін мақтанышпен атап өтуге болады. Шындығын айтсам, бізде ұлдардан гөрі қыздардың нәтижесі жоғарылау. Мәселен, біздің мектептің түлегі, ұлттық құраманың белді мүшесі Жайна Шекербекованың өзі неге тұрады!

Одан күтер үмітіміз зор. Жайнаның жолын қуып келе жатқан Севара Тәжіқұлова, Любовь Хасиева, Мадина Нұршаева сынды құрыш білекті, қарымды да қайратты қыздарымыз бар. Барлық жетістік ең алдымен бұқаралық, яғни ауыл спортынан бастау алатынын ескерсек, өңірдің барлық аудандарында бокстың қанатын кеңге жаюына қал-қадірімізше ықпал етіп жатырмыз. Келешектен үміт күтетін болсақ, ауыл спортын дамытуымыз керек. Бала күнімде көп нәрсені армандаушы едім. Ауылда ондай балалар әлі де көп екені кәміл. Солардың жолын ашып, аңсаған армандарына жетуіне қол ұшын созғым келеді. Жас бала қашан да өзге біреуге еліктеп өседі ғой. Мәселен, менің шәкірттерімнің ішінде де «Бекзат ағамыздай боламыз» дейтіндер жетерлік. Солардың ішінде көкейлеріндегі бала армандарын іске асырып, Бекзаттың жетістігін қайталайтындар жүрген де шығар, кім білсін. Бәрі алдағы күндердің еншісінде ғой. Лайым, солай болсын деп тілейік. Өз басым: «Адамның өмірі ниетіне қарай өрбиді», — деген сөзге имандай сенемін. Содан да болар, бүгіндері жұбайым Альбина екеуміз екі ұл, бес қыз тәрбиелеп отырмыз. Алла Тағаладан: «Солардың қызығын көргізуді жазсын!» — деп тілеймін. Нағыз білекті, жүректі жігіттер ауылдан шығады. Ауылдың тыныс-тіршілігі адамды жан-жақты етіп тәрбиелейді. Физикалық күшін жетілдіріп, рухани тұрғыдан да терең тәлімтәрбие береді. Балаларыма да сондай тәрбие бергім келеді. Алға қойған жоспарлар ұшан-теңіз. Жеке өзімнің басты арманым — шәкірттерім әлемдік ареналарда топ жарса деген үкілі үміт. Ең бастысы біздің өңірден аса ауыр салмақта өзімдей бір боксшы шықса деймін. Ондай қас баһадүрді облыс пен республиканы былай қойып, көрші елдерден адақтап іздеп жүрген жайым бар. Жаратқан сол үмітімді жүзеге асырған күні менен бақытты адам жоқ деп жар салуға дайынмын…

Дайындаған ЕРМЕК САХАРИЕВ