САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ ЖАЛҒАСА БЕРМЕК
Еліміз бойынша 100 мыңнан астам азамат қуғын-сүргін құрбаны болыпты. Жазықсыз жапа шеккендер жайлы мәлімет халыққа әлі толық жетпей жатыр. Көбі құпия. Көршіміз Ресейде тоқсаныншы жылдары ақтаңдақтарды ақтау жақсы жүргізіліпті. Кейін, өкінішке қарай, жұмыс тоқтап қалған. Шығыс Еуропа елдерінде, Польшада, Балтық жағалауы елдерінде, Грузия, Украинада біраз қарқынды іс жүргізілген. Соның арқасында 2015 жылы Украинаның қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің бүкіл мұрағаттары ашылған. «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ даналығы. Біздің елде де сең қозғалып, саяси қуғын-сүргін көрген адамдарды ақтап алу қолға алынды.
Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырған. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталыпты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандардың көпшілігі ақталды. Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді. Бұл зор қуаныш!
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов: «Ақталмай қалған азаматтарымыздың қылмыстық істері тек қана Алматы мен Астана қаласында емес, облыс орталықтарында да бар. Біздің ойымызша, 1920-1950 жылдарда қуғын-сүргін болған кезде байлардың біраз топтары ақталған жоқ, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен азаматтардың біразы ақталмай қалды. Басты міндет – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру», – дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың (сол кездегі Мемлекеттік хатшы) төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өткені белгілі. Мемлекеттік комиссия құрамына ҚР Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Комиссия құрамына барлығы 49 адам кірді. Мемлекеттік хатшы өзінің сөйлеген сөзінде Мемлекеттік комиссияның басты міндеті кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру екенін атап өтті. Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отырғанын айтты.
Отырыс барысында Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастырудың міндеттері мен негізгі сәттері, оның 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын 2023 жылғы 26 желтоқсан күні аяқтады. Арада өткен үш жылда қыруар жұмыс істелді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының соңғы отырысында Мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды. Отырысқа қатысушылар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды. Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталғанын ерекше айтуға тиіспіз.
«Мемлекеттік комиссия, ең алдымен, зерттеу, іздеу және жинақтау мен талдау жұмыстарына баса мән берген болатын. Комиссия жұмысына атсалысқан ғалымдар 1920-1950 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңін зерделеді. Алғашқы күннен бастап жұмысты жүйелеп, оның ауқымын анықтап алдық. Сол арқылы еліміздің теңдессіз мұрағат материалдарының ашылуына және бұрын-соңды болмаған әдістемелік зерттеу архитектурасын қалыптастыруға жол ашылды», – деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қорытынды жиында.
Еске сала кетейік, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын.