ТАУ КӨТЕРГЕН ТОЛАҒАЙ
Ерте, ерте, ертеде қазақтың байтақ жеріне, көшпенді деген еліне жеті жұт келген кез еді. Бірінші жұт – «мезгілсіз жауған қалың қар», екінші жұт – «үздіксіз соққан қарлы боран», үшінші жұт – «малға келген жұқпалы індет», төртінші жұт – «аң-құсқа келген апат», төртінші жұт – «адамға келген індет», бесінші жұт – «құрғақшылық», алтыншы жұт – «шегіртке», жетінші жұт – «жаппай келген аштық».
Сол бір жылан жылы алғашқы жұт болды. Қоңыр күздің аяғында ауыл күзеуде отырған кезде, бір кеште шығыс жақтан будақ-будақ ақ бұлт жөңкіліп көшіп келе жатты. Күн бата жапалақтап қар жауа бастады. Осы жауған қалың қар бір аптаға жалғасты. Аспанда күн көзі көрінбей қалды. Айналаны тек қана көлемі көбелектей қалқыған қапалақ қар ұшқыны қаптап тұрды. Бұрқырап жауған қардан ат құлағы көрінбейтін еді. Сөйтіп, адамдар үйінен шыға алмай, мал өріске жете алмай қалды.
Күн ашылған кезде қараса, жауған қар балалардың бойынан асыпты, үлкендердің иығынан келді. Қойлар қардың астында қалды, қардан сиырдың мүйізі, жылқының құлағы, түйенің өркеші мен басы көрініп тұрды. Әр ауылдың ақсақалы ай есебінің бұзылып, ауа-райын болжайтын амалдың бұлай өзгеріп өзгеше болғанына қатты таңғалды. Оның шешімін таба алмады. Ең үлкен Абыз ғана: «Құдайдың есебі басқа болды», – деді. Бұл құпия сөзді ешкім ұқпады. Ақыры бүкіл ауылдың ақсақалдары бір шешімге келді. Соғымға соятын малды ғана қалдырып, басқа малды өте алыс отарға айдап кететін болды. Бүкіл жылқылар құрыштай қатты жұмыр тұяғымен қарды тарпып, бірін-бірі шақыра кісінеп, құлындарын оқырана іздеп қарды бұзып жол салды. Барлық үлкен-кіші түйелер «бө-ө-ө, бө-ө-ө» деп боздап, азық-түлік пен қос артылған атандар жылқының артынан ерді. Қора-қора сиырлар табыны үйренген мекенін қимағандай «мө-ө-ө, мө-ө-ө» деп, мөңірей жүріп салған жолды аршып, қар астындағы қалың шөпті мал біткен азық қылып жүре жайылып отырды. Қора-қора қой-ешкі ең соңында табыннан қалмай «мә, мә, мә!..» деп, үздіксіз маңырап жолға түсті. Солай қарлы жұттан қашқан елдің ер-азаматтарының көбі отарға кетіп, артта қалған елге бас-көз болатын бозбала жігіттер мен шал-кемпір, әйелдер мен жас бойжеткен, бала-шаға ғана қалды.
Қыс ұзаққа созылды. Абыздың айтқанындай қалың қардан кейін үздіксіз қарлы боран ақбұрқақ соғумен талай күндер өтті. Сахарада қалған қалың ел мол сойылған семіз соғымның еті мен жаздай жинаған құрт-май, ірімшікті ауқат қылып ұзақ қыстан аман шығып келе жатты. Наурыздың аяғында ғана қалың қар азайып сахара дала кең тыныс алғандай самал жел соға бастады. Жылы қоңыр жел қасат қарды ерітіп қыстай жатқан қар астынан алғашқы көк те көрінді. Ала қыстай қардан қамалып қарға адым жерге шығуға зар болған ел-жұрт көсілген кең далаға жаяу-жалпы болса да ұзап шығып отарға кеткендердің жолын тосты. Олар кеткен шығыс жақ көкжиектен көзді алдаған бұлдыр сағымнан басқа ештеңе көзге шалынбайды.
Бұрындары ауылдан ат шаптырым ұзап шыққанда-ақ көз ұшынан үйір-үйірімен жосып жүретін құла құландар да, кең даланың сәні болып тізбектеле өрістеп көзге түсетін ақ бөкендер мен қара құйрықтар тобы да зым-зия жоқ болған. Желден жүйрік осы аңдарға сахарада үстемдік ететін асқан ақылды көкбөрілер үйірі де көзге түспейді. Бәрі де жұт басталардан бұрын сонау алыстағы таулы өңірлерге ауып кеткенге ұқсайды. Ұзақ сапарға ілесе алмайтын кәрі-құртаңдары, ауру-сырқаулары жолда қалған болу керек, әр жерде аңның қадау-қадау ырсиған қаңқа сүйектері кезігеді.
Бәлкім, інге жасырынатын суыр, тараққұйрық пен сұр тышқандар ғана мына жұттан аман қалған шығар. Тіпті, түз құсы аталған құзғын мен қарғалар, жазық далада аңдармен қатар жайылып жүретін аққұр мен кекіліктер де көк жүзінен ғайып болған. Осы құстарды садақ жебесі секілді зулап жүріп аңдитын сұңқар мен қаршыға да ұшты-күйлі жоғалған. Тек қана, ауыл-үйді айналшықтап шықпайтын топ-топ сұр торғайлар мен анда-санда қотан маңын шолып шықылықтап өтетін санаулы сауысқандар көзге түседі. Осылайша, жалғыз қыста сахара иен қалып сары сағымның астында құлазып жатты. Жол тосқан жүдеу жұрттың екі көзі төрт болып отарға кеткендердің жолына көз сүзумен ұзақ күнді өткізумен болды.
Наурыз бен сәуір айы да жылжып өтіп мамырдың ортасы болды, осы үш айда бір тамшы жауын жаумады. Күні-түні үздіксіз соққан қара жел топыраққа сіңген қар суын кептіріп, көкжиектен будақтап келген жауын бұлттарын тоқтатпай алысқа айдап кете барады. Жер бетінде ескі сары шөптен өзге жаңа жас шөп көзге еш шалынбай құрғақшылық басталды. Алыс-жақыннан ашаршылықтан әлсіреген, көз жұмған адамдардың да қарасы көбейді. Ел-жұртты уайым торлаған осындай қиын күндердің бірінде шығыс көкжиектен қараңдап бері қарай келе жатқан шағын көш көрінді. Жол тосқан ел-жұрт Үркердей боп үрпиіп түгел үйлерінен шығып, таяп қалған көшке телмірді. Осы көшпен ілесіп жақсылық келе жатқандай көңілдері қобалжып көздерінде үміт оттары ұшқындады. Көз көрім жерге келгенде көш танылды. Нардай биік, есік пен төрдей тұрықты, жалы жер сызып жүретін арда-күрең деген айғырға мінген Жанкешті батыр келеді. Батырдың ат үстіндегі биік еңсесі қосын артып жетекке алған шудасы шұбатылған алып қара бурадан да жоғары көрінеді. Көш соңында бір үйір құла бие еріп келеді. Көштің оң жағында жеті іңген, сол жағында бес ала сиыр.
Жанкешті батыр ауылға таяғанда атынан түсіп өзін қарсы алып тұрғандарға жаяулап аяңдады. Үстінде отарға киіп кеткен етегі жер сызған, жеңі шұбатылған сеңсең тоны жоқ, басында екі құлағы иекті орап, артқы шалғысы арқаға дейін түсіп тұратын түлкі тымағы да көрінбейді. Басында жау шапқанда майданға киетін биік төбелі дулығасы жарқырап, кеудесінде шынжыр сауыты көз тартып қанша шаршаса да, сыр бермейтін күрең жүзі терши жымиып таяп келді.
Құрт, ірімшігін табаққа салып күтіп тұрған ақ жаулықты кәрі әжелер: «Уа, жаратқаным, тілеген тілекті бердің! Ақ жолтай! Ақ жолтай!» – деп, көздерінен жастары аға шашуларын шашты. Үлкен-кіші бүкіл балалар шашу талап у-шу болып кетті. Жанкешті батырдың хабары елді бір жұбантты, бір қуантты. Отарға шыққандар екі ай бойы қалың қар кешкен тынымсыз жүріспен күйлі малдың күшімен күнгейі қарсыз, сай-саласы ықтасын таулы мекенге аман-есен жетіпті. Қалың мал иен мекенде жақсы қыстап шығады.
Наурыз туа отаршылар қайтар жолға қамданады. Сағынған сахараға қарай қарасы мол малды айдап жылжиды. Дәл осы кезді аңдып тұрғандай мал ішінде індет білінген. Ұсақ мал іш тастап, жолда жүруден қалған. Ірі қара ауызы көбіктеніп жайыла алмай, жылқы тынысы тарылып пысқырумен есі шыққан, ал түйелер бақырып шөккен орнынан тұрмайды, жігіттер түйенің астынан екі бақанды қатар өткізіп зорлап тұрғызса да аяғы денесін көтере алмай бүктетіле құлай берген.
Отарда жүрген емкөс көпті көрген адамдар мұның жұқпалы індет екенін танып, жолай емдеудің еш жолы жоқ екенін білген соң, аман тұрған малды бөліп жедел қаша көшкеннен басқа амалы қалмайды. Сөйтіп, аман қалған біршама малмен індет таралған өлкеден ұзап шыққан кезде қар кетіп, жер қараяды. Жан-жақтағы жол ашылған соң, бөтен өлкенің жат жұрттары да жолай ара-тұра ұшыраса бастайды. Олар мына көштің өте алыс аймақтан отарлап келген адамдар екенін киім киіс, жүріс-тұрысынан білгені анық. Жерімізге өзі келген тегін олжа деп санаған болу керек. Әлдебір түні таң алдында тым-тырыс тыныштықты бұзған у-шумен бірге қалың қарулы жаудың қоршап келіп қалғанын отар қосында жатқан жігіттер сол замат сезген.
Онсыз да әрқашан сақ, сергек жататын құс ұйқылы сахара сайыпқырандары көзді ашып-жұмғанша сауыт-саймандарын қолға алып қорғанысқа кіріскен. Қоршап келген қисапсыз жау мен сахаралық жауынгерлер арасында таңнан кешке дейін қан бұлақ болып аққан, өлік аяқ алып жүргісіз кескілескен шайқас толастамайды. Бес қаруы сай, әбден дайындалып, төрт тараптан қоршай тиіскен адуын жау, мына бейбіт жатқан мал айдаушыларды әп-сәтте тас-талқан етіп жеңіп, адамдарын қолға түсіріп құл етіп, түрі бөлек сарабдал малдарын олжа қыламыз деп дәмеленіп еді.
Жеме-жемге келгенде олай болмай шықты. Күндіз келіп-кетіп тыңшылық жасағандардың айтқанындай жүн күпі киген, түлкі тымақты малшылар емес, жалт-жұлт еткен сауытты, шошақ төбелі дулығалы, қылышын үйіргенде найзағай отындай сұмдық жылдам жауынгерлер алдарынан шыққанда олар қатты састы. Алғашқы шабуылда-ақ қарсы кезіккен қайқы қылыштар жаудың талай әскерінің басын ұшырып кетті. Әлгі, қойшы-малшылардың қылышы жоқтары жыландай ысқырған дойыр қамшыны айналдыра ұрғанда шоқпардан да қиын тиіп, бетпе-бет келгендерді талдырып түсіріп жатты. Кейбірі шолақтау найзаларын шыр айналдыра үйіргенде қатарынан бірнешеуді ұшымен түйреп өтіп маңайына жолатпады. «Сақетер» дейтін жақыннан жебе ататын қару ұстағандары да бар екен, жылдам ататыны сонша, көзді ашып-жұмғанша көздегенін оңдырмай ұшырып түсіруде.
Қоршап келген жаудың саны өте мол еді. Бір адамға он-жиырмадан келіп қаумалай таяп, жан-жағынан найза кезеп қолға түсірмекші болса да, көшпенді малшылар беліндегі қанжарын суырып алып таяп келгеніне бойлата сұғып, ақырғы демінде де жастығын ала кетіп жатты. Осыдан-ақ олардың өліспей беріспейтіні белгілі болды. Келесі кезекте бұлай қолма-қол шайқаспен оларды ала алмайтынын, алса да өздері сұмдық шығынға ұшырайтынын басқыншылар түсінген болар. Олар кенет шегініп, біршама алыстап кетті.
Жаушылық кезде бас қолбасшы болған, бейбіт кезде бас ақылшы болып жүретін Жойқын батыр шалт ойланып, әлденені сезе қойды. Ол тау жаңғыртатын алапат дауысымен тай шаптырым аумақты алып жатқан жол серіктеріне естірте айқай салды: «Жанкешті батыр, сен өзің таңдаған біраз малды алып қоршауды жарып шығып артыңа қарамай алыстай бер! Қалғанымыз жаумен шайқасты жалғастырамыз, аман қалсақ артыңнан жетеміз, бізге қарайлама! Егер артыңнан жетпесек, шәйт болды дерсің, ел-жұртқа сәлем айт!» – деп қысқа қайырды.
Жанкешті батыр қолбасшының сөзін ести сала өте жедел қимылдап, оның бұйрығын қаз-қалпында орындады. Өзі ұзақ күнгі шайқаста бағдарлап жүрген қамысты көл жақта қоршаудың жоқ екенін байқаған. Жау да оны әдейі тұзақ ретінде солай иесіз қалдырғанын білген, егер бұлар түгелдей топтанып сол жермен қоршауды бұзып шықпақшы болса, көлге қамап ұстауды ойластырған болса керек. Ал, қазір жау жақ бір сәт бұлардан сол қимылды күтуде. Егер бұлар тұрған орындарынан қозғалмаса, онда басқаша шешім. Жан-жағынан жебені жаңбырша жаудырып түгел қыру! Кешкі апақ-сапақта қоршауда қалғандарды қалт жібермей бағып отырған жау олардың еш қозғалмағанын көрді. Енді, сәл күтсе қараңғы түсіп, мына жаужүрек сахара малшылары қоршауды жан-жағынан бұзып құтылып кетуі әбден ықтимал. Қоршаған жаудың отты жебесі жарқ ете түскені сол еді. Төрт тараптан атылған садақ жебелері қоршауда қалғандардың үстінен жаңбырша жауды. Бұл кезде Жанкешті батыр қамысты көлдің жиегіне де жетіп қойған еді. Атының басын тартып, артта қалғандарға қарап тұра қалды. Жебенің астында қалған достарын ойлағанда іші удай ашып, көзінен жас парлап кетті. Бірақ, осы сәтте Жойқын батырдың «Бізге еш қарайлама!» деген бұйрығы құлақ түбінен жаңғырып, қайта ес жиып алға асыға ұмтылды.
Жойқын батырдың қоршаған жаудың не ойлағанын алдын ала білген жауынгерлік алғырлығына тәнті болса да, жолдастарының тірі қалу-қалмасын ойлағанда ащы өкініш өзегін өртеді. Жойқын батырдың қоршаудан шығуға өзін таңдағанына да таңғалды, қоршаудың бос жерін бір білсе Жанкешті білуі керек дегенді айнытпай тап басқан ғой. Алда-жалда қиын кезең туа қалса, жаудан алып шығатын ең қымбат малды да алдын ала іріктеп жүргенінің арқасында Жанкешті батыр ішік киіп, белбеу буғандай ғана аз уақытта жолға шығып кете алды.
(Жалғасы бар)
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ