Қыран мен қазақ
Алтайдың Қобда бетіндегі қазақтар арасында бүркітшілік өнері кеңінен тараған. Сан мың жылдық тарихы бар өнерімізді жаңа дәуірге жалғастырған аға буын өкілдерінің жолын бүгінгі күні жастар жалғастырып келеді. Жыл сайын Баян-Өлгий аймағында және Моңғолия астанасы Ұланбатыр маңында «Бүркіт тойы» өтіп тұрады. Бұл тойға жер шарының түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер келіп, қазақтардың саятшылық өнерін тамашалайды.
Құсты баулып баптап аңға, құсқа салу – күні кешеге дейін қазақтардың отбасын асырау жолындағы күнкөрісі болып келген. Ал қазіргі күні ол – саят, сейіл, шоу сипатында ғана қолданыстағы өнер. Бұрынғы бүркітшілік пен қазіргі бүркітшіліктің айырмашылығы бар.
Қазақтың бүркітшілік дәстүрін жалғастырған қариялардың бірі – Мұхамет Сүлейменұлы. Бүркітші қария 2024 жылы қаңтар айында дүниеден өтті. Қарашаңырағы – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылқайың ауылы.
Бүркітші Мұхамет Сүлейменұлы 1937 жылы 29 қаңтарда Моңғолияның Ұланқұсын сұмында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен Лабаұлы ХІХ ғасырдың аяғында Қытай бетінде дүниеге келген. 1902 жылы Қытайдың Сарсүмбе қаласынан саудагерлік мақсатпен шығып, Моңғолияның Қобда бетіндегі Ақбалшыққа көшіп келеді. Саңырау руының қызы Ғайша анамызбен отау құрып, ұрпағын өрбітеді.
Сүлеймен мұсылман дініне берік діндар, әрі диқаншы қызметін атқарады. Өмірінің тең жартысын егіншілікпен шұғылданып, бесжылдықтар екпіндісі атанып, мерекелік медальдармен марапатталады. Сүлеймен қария жүз жасап, 1987 жылы дүние салған. Сүлейменнен Ибра, Мұхаммед, Ахметжан, Ахметхан, Құрманхан, қыздары Сара (Моңғолия, Баян-Өлгейде), Әшір (ҚХР, Шіңгілде) тарайды.
Мұхамет – Сүлейменнің тұңғышы. Әкесінің қасында жүріп, еңбекпен ерте айналысты.
Мұхамет қария 1993 жылы ұрпақтарын бастап атамекенге, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қоныс аударып келген. 1955 жылы бақат рулы Кәкей Әмірбайқызымен отау құрады. 3 ұл мен 6 қыз тәрбиелеп, барлығын оқытып-тоқытты. Қазір барлығы да бір-бір шаңырақ иесі болып отыр. 9 баладан 24 немере, 12 шөпшек көріп отырған бақытты қария.
Мұхамет Сүлейменұлы тарихи отанға оралғанға дейін саятшылықпен шұғылданған. Әкесі, аталары жер емшегін емген диқандар болса да, жастайынан жылқышылыққа аңсары ауып, Сақсай өңірінде 1962-1993 жылдар арасында бірлестіктің жылқысын бағады. Жылқышылықты кәсіп ете жүріп, Сақсай өңіріндегі белгілі саятшыларға ілесіп, бүркіт баптаудың қыр-сырын үйренеді. Өзі де қолына құс қондырып саятқа шыға бастайды.
Мұхамет қария небір қыран бүркіттерді қолға үйретіп баулып, өзінің тұстас-тұрғыластарымен бірге талай салбурындарды бастан өткереді. Бүгіндері сол шақтарын таңды таңға ұрып әңгімелеп беруге бар.
Мынадай бір қызық жағдайды атап өткен жөн. Жылқышылық кәсібін өткеріп беріп, қыстау-қорасын – бәрін қалдырып, «КамАЗ» көлігіне жүгін тиеп Қазақстанға беталған шақта қолда ұстап отырған қыранымен қоштасып, шекарадан өтерде томағасын сыпырып, балақ бауы мен шыжымын ағытып ұшырып жібереді. Ресейдің жерін басып жылжи отырып, екі мыңдай шақырым жол жүріп Қазақстанға жетеді. Қазақстан шекарасынан өткен кезде өзінің Ресей-Моңғолия шекарасында қалдырған бүркіті ұшып жетіп қолына қонады. Зеңгір көкте жүріп, иесінің қайда бағыт алып бара жатқанын бақылап ұшып жүрсе керек. Бұл да қыран құстың бір ғажап қасиеті. Мұхамет қария қолына келген құсын Қарқаралы жерінде де біраз жыл көтеріп, түлкі алдырады.
Саятшы қария Мұхамет Сүлейменұлы қазақтың ХХІ ғасырға ұмытылмай аман жеткен саятшылық өнерінің өркендеп, әлемдік деңгейге жетуін армандайтынын айтады. Ол күн де жақын деген сеніміміз зор.
Мұхамет Сүлейменұлы: Қыран бүркітті қолға үйрету оңай шаруа емес. Көк тағысын қолға үйрету – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан өнердің бірі. Мен қолбала бүркітті де, түз бүркітін де қолда үйреттім. Бірақ олардың аң аулаудағы қырағылы мүлде бөлек. Түз қыраның кез-келген аңды аулауға бейім келеді. Оны тіпті қолға түсіріп, үйретуде қиын шаруа. Сондықтан бүркітшілікті өнердің де спорттың да қатарынан көруге болады. Өнерді қастерлеп, ата-кәсіпке де үйрету біздің басты мақсатымыз. Бір өкініштісі, Қазақстанда қыран бүркітті баулайтын бүркітшілер аз. Тіпті сирек десек те болады. Өзім көшіп келген Моңғолияның Сақсай, Ұланқұсын сұмындарынан 100-ге жуық бүркітшіні атауға болады. Бұрындары бұл сұмындардың әрбір бесінші тұрғыны бүркіт ұстап, саятшылық жасайтын. Осынау ұлы өнерді ұмытпай, қыран бүркітті баулайтын жастар өссе жақсы еді!