Ұлт батырларын ұрпақ жадынан өшірмеу керек
Отан үшін отқа түскен батырлар ел жадынан ешқашан өшпесі белгілі. Ол үшін, әрине, ұлттық идеология мен ұлттық саясаттың алар орны ерекше. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кеңестік кезеңдегі ұлттық батырларға «Олар өзгенің Отанын қорғады. Өзгенің жері үшін күресті. Олар біздің ұлттық батырлар емес» деген сияқты сыңарезу пікірлер де айтылып қалып жүр. Осы сыпсың сөзге «соққы беруді» көздеді ме, Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясының мүшесі, депутат Еділ Жаңбыршин Отан үшін шайқасқан батырымыздың ұмыт болмай, жас ұрпақтың жадында қалуы керегін айтып, депутаттық сауал жолдады. «Кеше ғана Ұлттық құрылтайда елімізге арналған келелі идеологиялық, адами құндылықтар, азаматтардың құқықтары, әлеуметтік және саяси-экономикалық бағыттағы мәселелер нақты көтерілді. Мемлекет басшысы бәріміз көтеріп жүрген үлкен-кішілі өзекті ойларға тоқталып, олардың іске асыруын нақтылады. Құрылтайда өз тарапымнан нағыз шайқаста қасық қаны қалғанша ерлік көрсеткен майдангерлеріміздің, Президент айтқандай «Адал адам» қағидатына сай тарихи тұрғыдан әділ бағалануы тиіс екенін көтердім. Өйткені, әлемдегі барша ұлттарды жойып, өздерінің нацистік идеологиясын орнатқысы келген фашистерге аталарымыз қасқайып қарсы тұрды. Бірақ бүгін тек бейбіт қоғамда өмір сүріп, оқ-дәрінің иісін сезбеген, Отан үшін күрестегі шайқастармен терең таныспаған ұрпағымыздың кейбір өкілдері тарихи оқиғаларымыз бен тұлғаларымызды жоққа шығарғысы келеді. Бұл – тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік.
Ел боламыз десек, әрбір тарихи оқиғаны, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың атын жас ұрпақтың жадында тасқа қашағандай етіп таңбалауымыз керек. Мысалы, әлемнің Англия, Қытай, Франция, Испания сияқты көптеген елдері өз тарихын тұғырлы тұлғалармен байланыстырады, тіпті олардың есімдерімен арнайы дәуірлерді атайды. Оған қоса, ордендері мен медальдарына рухани көсемдерінің, мемлекетінің айбынды қолбасшыларының есімдерін берген. Бұл ұлттың ұлылығын және саяси мәдениетінің биіктігін білдіреді.
Осы ретте, кешегі Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті орнату үшін еліміздегі аты аңызға айналған қаһармандарымыз – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтің есімдерімен аталатын арнайы ордендерді тағайындауды ұсынды. Президенттің бұл ұсынысы – адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын-соңды болмаған, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, тағдырларын талқан еткен екінші дүниежүзілік соғыстағы 600 мың қазақстандық майдангерлердің рухына деген нағыз құрмет», – деді Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ, бұл отаншылдықты, ұлттық бірегейлікті нығайтуға келелі ықпал ететінін де баса айтты. «Бірақ батыр бабаларымыздың рухына көрсетілген Құрылтайдағы маңызды бастама ақпараттық тұрғыдан жан-жақты таратылмай, қоғамда лайықты деңгейде насихатталмады. Сондықтан бірінші кезекте, біз Мәжіліс депутаттары осы тың идеяға арнайы тоқталуды жөн көрдік және аталған ұсынысты заңды түрде бекітуіміз қажет. Бұл шешімді тез арада алдағы Отан қорғаушылар күніне дейін қабылдап, алғашқы сарбаздарымызды еліміздің біртуар перзенттерінің атындағы мәртебелі ордендермен марапаттауымыз керек. Сол себепті, Құрылтайда көтерілген мәселелерді Үкіметке ресми мінберден арнайы жолдап отырмыз», – деді ол.