Салық жүйесі мен саясаты – «Аманаттың» назарында

Наурыз айының басында «AMANAT» партиясы игі іске мұрындық болды. Елімізде салық жүйесі мен салық саясаты өте өзекті. Оны қолдамаса, қорғамаса, мемлекет көп нәрседен ұтылады. Салық жүйесі мен салық саясатын заң арқылы іске асыру қоғам үшін қажет.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі салық саясатын жаңғырту, жетілдіру мәселесіне ерекше мән беріп отыр.

Елімізде салықтық реттеудің нормативтік-құқықтық базасының қалыптасуы салық жүйесінің дамуымен бір мезгілде қалыптасты. Салық туралы кодексі салық қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының заңнама жүйесіндегі кодификацияланған актілердің бірі болып табылады. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, еліміздің алдында сол кездегі нарықтық қатынастардың жаңа талаптарына сай келетін тәуелсіз экономиканы қалыптастыру міндеті тұрды. Қазақстанның бүкіл экономикалық жүйесі тәуелсіздігінің басты шарттарының бірі ретінде тәуелсіз салық жүйесін құру мәселесі ерекше орын алды. Сол кезеңдегі салық саясатының басым міндеті нарықтық экономиканың қалыптасуы үшін қолайлы қаржылық жағдай жасау, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту, оның ішінде әсіресе экономика өсуінің басты факторы ретінде шикізат секторына инвестиция тарту маңызды болғанын естен шығармағанымыз абзал.

Салық  саласы салғырттыққа төзбейді. Бұл ретте, «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде еліміздегі ауқымды реформаларды жүйелі жүзеге асыруға әркез дайын екенін көрсетіп жүр.   Себебі, салық жүйесі дұрыс жолға қойылған мемлекеттің ғана экономикасы тұрақты болмақ.

Мемлекет пен бизнес арасында ашық диалог, тығыз байланыс, коммуникация жоқ екені жиі айтылады. Өкінішке қарай, Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдар арасында да тиімді қарым-қатынас орнаған жоқ. Өткен жылдың өзінде Мәжілістің жаңа құрамы дәл осы салық мәселесіне қатысты 15 депутаттық сауал жолдапты. Бұл істе ең алдымен Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері белсенділік танытқан. Әрине, жаңа салық кодексі толық әзірленген соң, оның қызу талқыға түсетіні анық.

Естеріңізге салайық, Президент тапсырмасына сәйкес,  Үкімет пен Мәжіліс депутаттары жаңа салық кодексін әзірлеп жатыр. Осы орайда, «AMANAT» партиясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ашық диалог барысында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар саладағы түйінді мәселелерді талқылады. Жиынға қатысушылар салық төлеушінің тәуекелдерін басқару жүйесіне назар аударып, «салықтық сақтық» жөніндегі қанатқақты жобаның бизнес-қоғамдастыққа қалай әсер етіп жатқанын таразылады.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов қазіргі экономикалық жағдайға сай келетін салық жүйесіне көшудің маңызына тоқталды. «Еліміздегі салық жүйесі – өте күрделі. Мәселен, кәсіпкерлік салада жиырма бес жылдық тәжірибем бар. Штатта онға жуық жоғары білікті бухгалтер болғанына қарамастан, әлі күнге дейін салық есебінде қателік кетеді. Осыған байланысты, салықтың балама жүйесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Бұл салада бір емес, бірнеше мәрте реформа жүргізілді. Сол тәжірибені ескере келе салықтың классикалық жүйесінен бас тартатын кез келді ме деген ой туындайды. Яғни, қазіргі экономикалық жағдайға сай келетін салық жүйесіне көшу қажет», – деді ол.

Бірінші санатты салық кеңесшісі, бухгалтер Оксана Вавринюктің айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйесі мемлекеттік кірістер органдары қызметінің ажырамас бөлігі саналады. Бұл жүйе ең алдымен салық төлеушінің, соның ішінде кәсіпкердің салықтық міндеттемені толық орындауын қадағалайды. Алайда осы жүйенің де олқы тұстары аз емес.

«Салық жүйесі қарапайым болуы керек. Ал кәсіпкердің санатын белгілеу процесі барынша ашық жүргізілуі тиіс. Себебі, қорытынды көрсеткіш компанияның алдағы жұмысына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан, тәуекелдерді басқару жүйесі ашық әрі әділ жұмыс істеуі тиіс. Жалпы, тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау қажет деген ойдамын. Айталық, бастапқы тіркеу кезінде кәсіпкер салық саясатының барлық талабына сәйкес келеді. Ендеше, бизнес иесі ұсынылған критерийлерді жан-жақты саралап, тәуекелдерді басқару жүйесіндегі бағалау әділдігіне көз жеткізуі, тиісті шешімдер қабылдауы, тәуекелге бел байламауы керек. Өйткені, салықтан жалтарған кәсіпкерлердің жауапкершілігі бүгінде адал бизнеске жүктеледі», – деді ол.

Салық төлеушілер және бухгалтерлер Қауымдастығының директоры Сара Жүнісова кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жыл сайын мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінетінін, соған қарамастан, мемлекет ұсынған жеңілдікті барлық кәсіпкер пайдалана бермейтінін атап өтті. «Себебі, мемлекет қаражаты есебінен қысқа мерзімді курстарда білім алған әлеуетті кәсіпкерлердің басым көпшілігі салық заңнамасының күрделілігіне байланысты бизнеспен айналысқысы келмейді. Кәсіпкерлер мен салық органдары қолданыстағы салық заңнамасын әртүрлі түсініп, оның ережелерін әрқайсысы өз пайдасына қолданады. Даулы мәселелерге тап болған кезде, заңның түсініксіз тұстары өте көп екені анық аңғарылады. Сондықтан, салық саясатын қайта қараған жөн», – деді ол.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салықтық ынталандыру жүйесін әзірлеу, салық саясатын және басқа да заңнамалық актілерді қайта қарау көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса бермек.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК