Полицейлер цифрлы жүйені дамытып жатыр
Елімізде жыл өткен сайын Цифрландыру жұмысын онан ары тереңдету мәселесі әрбір сала бойынша қарқынды жүргізіліп жатыр. Солардың қатарында қазір Ішкі істер саласының қызметін цифрландыру бағыты бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқандығын байқап отырмыз. Бұған мысалдар жетерлік. Солардың қатарында жақында ғана ҚР Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Digital Police Day: «Заң мен Тәртіпті» цифрлық шешімдер арқылы қамтамасыз ету» атты форум болып өткені есімізде. Бұл туралы газетімізде арнайы материал да дайындаған едік. Сол форумда ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды ауқымды жұмысты цифрландыру төңірегіндегі жобалар талқыланып, алдағы жоспарлар мен ынтымақтастық туралы мәселелер ортаға салынған еді. Бұл форумға IT-компаниялардың басшылары да қатысты. Республикалық деңгейде өткен сол форумнан кейін қазіргі таңда жергілікті орындардағы Ішкі істер мекемелері де өз жұмыстарын пысықтап, заманға сай жабдықтарын сайлап жатыр.
Елорда тұрғындарының амандығын, алаңсыз тіршілігін кірпік қақпай қадағалап отырған полиция департаменті қызметкерлерінің жұмыстары да оңай емес. Дегенмен соңғы үлгідегі технологияларды кеңінен пайдалана отырып, бақылау мен басқаруды күшейтудің арқасында бас қаламызда қылмыстық істердің мөлшері азайып келе жатыр. Бұл азаматтардың өмірін қамтамасыз етіп, қоғам орнықтылығын сақтауда ерекше маңызға ие екені белгілі.
Кеше Астана қаласының Полиция департаментіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов пен қалалық полиция басшысы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтің қатысуымен цифрлық жобаларды іске асыру бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.
«Кеңес барысында елордалық полицейлер «Тұтасбейнебақылау», «ІІО бейнебақылау жүйесін жаңғырту», «Цифрлық полицей», «Электрондық планшеттермен жарақтандыру», «Е-УД, қысқаша хаттама», «SOS» дабыл түймелері, «Көп арналы жүйе» цифрлық жобалары бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Кеңес отырысы бойынша Астана қаласының полиция департаментінде цифрландыруды жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешені белгіленді», – делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану туралы нақты міндеттер жүктеген еді. Президент тапсырмасы негізінде елімізде ішкі істер органдарында цифрлық трансформация жұмысы сәтті жүргізілді. Қазір қалалар мен елді мекендерде көше бойларына бақылау камералары орнатылған. Бұдан сырт қоғамдық орындар да бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Мектеп, балабақша секілді маңызды нысандар бүкілдей бейнебақылау жүйесіне көшіріліп болды. Бұдан сырт дабыл түймелері, өрт қауіпсіздік жүйесі де кемелденіп келеді. Осындай атқарылған жұмыстардың арқасында 2023 жылы полицияның жедел басқару орталықтарындағы (ЖБО) бейнекамералардың көмегімен 6 мыңнан астам қылмыс ашылыпты. 2,7 миллионнан астам жол ережесін бұзу, сондай-ақ 400 000-ға тарта өзге де әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Бұл өз кезегінде қылмыстық істер көрсеткішінің айтарлықтай азаюына әсер еткен дейді құзырлы мекеме өкілдері.