Кәсіпкерлердің құқығы қорғалады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі – еліміздің барлық саласында жемқорлықты болдырмауға, таза қоғам құруға барынша атсалысып келе жатқан құзырлы мекеме. Қазіргі таңда бизнесті қорғау бойынша да қыруар жұмыстар атқарып жатыр. Жақында агенттіктің баспасөз қызметі елдегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесінде 30 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғағандығы жөнінде ақпарат таратты. Қазір аталмыш агенттік кәсіпкерлер үшін жүйелі әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған «Бизнеске жол» жобасын іске асырып жатыр.
«Бизнеске жол» жобасы іске қосылған сәттен бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша 600-ден астам проблемалық кейстер шешіліп, 30 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілді», – деп хабарлады Антикор сайты.
«Жоба аясында бизнес үшін жүйелі кедергілерді жоюға ерекше назар аударылады. Олардың ең көп саны жер қатынастары, салық салу, мемлекеттік сатып алу және инфрақұрылым объектілеріне қосылу салаларында анықталды.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Aqtobe su-energy group» АҚ монополисті кәсіпкерлерден электр қондырғыларын бірлесіп пайдалануға шарт жасасуды талап еткен. Нәтижесінде, 45 кәсіпкер ай сайын 50 мың теңгеден (жалпы сомасы 2,2 млн теңге) төлеуге міндетті болған. Бизнес есебінен монополист өзінің электр желілерін жөндегісі келген. Талаптарды орындамаған жағдайда электр энергиясын беруді тоқтату көзделген. Ақтөбе облысы бойынша Департаменттің ұсынысы бойынша негізсіз міндеттемелер алынып тасталды.
Жекелеген жағдайларда лауазымды адамдардың іс-әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылыққа әкеп соқтыратынын, мұндай жағдайларда қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар қабылданатынын атап өткен жөн. Мәселен, Агенттік бизнесті қорғау бойынша Астана қаласының МКД Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының Аудит бөлімінің басшысын әшкерелеп, 36 млн теңге сомасында ҚҚС қайтару бойынша оң шешім қабылдағаны үшін кәсіпкерден 3,6 млн теңге сомасында пара талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін ол ұсталды және соттың санкциясымен ҚР ҚПК-нің 147-бабына сәйкес қамауға алынды. Оның әрекеттеріне қорытынды бағаны сот береді.
Бұдан басқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар шеңберінде «Қазтеміртранс» АҚ («Қазақстан теміржолының» еншілес кәсіпорны) филиалдарының басшыларымен заңсыз байытудың жемқорлық схемасын ашты, олар жүк вагондарының тапшылығын пайдалана отырып, жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алған. Сот үкімімен «Қазтеміртранс» АҚ Ақмола және Қарағанды филиалдарының директорлары бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды», – делінген таратылған ақпаратта.
Қазіргі таңда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықпен күрес саласын барынша күшейтіп, тұтас қоғамның назарын аударып, адамдарды қылмыстың алдын алу, жемқорлық фактілерін әшкерелеу ісіне атсалысуға үндеп отыр. Түптеп келгенде, тұтас қоғамның тазаруы әрбір азаматтың белсенділігімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Осыған орай Антикор барлық азаматтарды «@antikorkz_bot Telegram-боты немесе 1424 нөмірі арқылы шұғыл хабарлама беруге шақырады.