ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Күні кеше аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер, Египет ислам мәдениеті университетінің “Бейбарыстану” орталығының жетекшісі, ауданымыздың тумасы Сәки Қайрат Ұзақұлының “Шуақты Шудың шежіресі” атты кітабының тұсаукесері рәсімі өтті.
Бұл кітапта Шу, Мойынқұм өңірлерінің халқы, қазақ хандығының құрылуы, Абылай хан заманы, қазақ-қырғыз соғыстары, Қоралас Жауғаш батыр, Қоқан үстемдігі, хан Кене, 1916 жылғы көтеріліс, Кеңес үкіметінің орнауы, Түркісіб құрылысы, жаппай ашаршылық секілді Шу бойында орын алған оқиғалар баяндалған.
Шара барысында кітап авторына және барша Шу халқына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өз құттықтауын жеткізіп, жерлесімізге шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ Қайрат Ұзақұлының кеудесіне құрметтің белгісі ретінде “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін тақты. Мұнан кейін Қайрат Ұзақұлының замандастары да сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізіп, кітап авторына шағын сыйлықтарын тарту етті.