Ахмет Байтұрсынұлының Әлихан Бөкейханға жазған хаты
Орталықты Қызылордаға көшіру жөніндегі мәселенің түпкілікті шешілмеуіне байланысты, сенің көп хаттарыңа дер кезінде жауап қайыра алмадым. Енді Қазақ-қырғыз институты көшпейтін болса да, шәкірттердің оған қарамай астанаға қайтамыз деп шешкенін көріп, мен де Қызыл-ордаға қоныс өзгертуді жөн санадым. Сондықтан ол жақтан пәтер қарау мен іздестіруге әйелімді жібердім. Биылғы жыл орталықтың көшуіне байланысты елге бара да алмадым. Енді көші-қоным біткен соң, тамыз бен қыркүйек айларында баруды ойлап жүрмін. Егер сенің профессорың Торғай мен Ырғызға қарай шығатын болса, маған да онымен бірге шығу қажет шығар? Оның өлең, ән жинау, суретке түсіруі – менің де ежелден ойластырып жүрген дүниелерім еді. Егер де профессордан үйрену жазса, маған үлкен олжа болары хақ.
Қазақ Мемлекеттік баспасымен келісілген қартқа сәйкес, мен жаңа емле бойынша үш грамматике және қазақ әліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі – 15 маусым, екіншісі – 1 шілде, үшіншісі – 1 тамыз, төртіншісі – 20 тамыз. Міне, сол уақытқа шейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ; оның үстіне Қазақ-қырғыз институтында оқу басталса, тағы да бос уақыт болмай қалады. Сол себепті де 20 тамызға дейін Ибраһимнің [Абайдың] ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20 тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін. Сендерге өз суретімді жібермекпін; бірақ, байқа, менің бейнем енгізілген сенің дәптеріңді алмай қойып жүрмесін. Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз «96 пробалы». Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының №№ 6, 7, 8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде суреті жоқ. Міржақып Қостанай үйезіне кетті. Кеше одан алған жеделхаттың мазмұны мынадай: «Гая2 ерледі: ұл туды».3 Мен Пішпекте өткен қырғыз мұғалімдерінің сиезінде болып келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселелер мыналар: тіл, әріп, емле, ғылыми пән сөздері, ескі сөздерді жинау, мектеп түрі. Латын транскрипциясы жөнінде оларда бұған дейін бір жиналыс болып, шешім шығарған екен. Сиез соны мақұлдады. Ол шешім төмендегідей:
«Латын транскрипциясын қырғыздың болашағы үшін пайдалы деп табу, алайда оған дейін араб транскрипциясына кейбір өзгерістер енгізу». Олар Нәзірдің 4 транскрипциясын арабшадан да нашар дейді. Бізде үлкен және кіші әріп болмауы қажет; сонымен бірге тасқа түсетіні мен жазбаша әріптің айырмашылығы байқалмағаны жөн. Орысша жағырапияны академиялық орталық баса алмайды. Оны қазақ өлкесін зерттеу қоғамының талқысына салып, сонан соң хабарлармын. Соңғылар басқыздартады деп ойлаймын. Өйткені, оларға қазақ жағырапиясы өте қажет. Құшақтай сүйдім, Ахмет!
Орынбор, 01.VI.25 ж.