ТҮЛКІБАСТА АУЫЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА СӘНДІК АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ЕГУДЕ
Түлкібас ауданында «Таза Қазақстан» акциясына ауылдың қалталы азаматтары да ерекше үлес қосуда. Мәселен, аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен ауданға қарасты Балықты ауылының жанашырлары 6 млн. теңгеге жуық қаржыға 355 түп «Еуропалық қайын» мен «Слива Писсарди» сәнді ағаштар көшетін арнайы көшет баптайтын орындардан сатып алып, ауыл орталығындағы белгіленген орындарға отырғызды.
Бұл жерде ауданның климатына қолайлы, жерсінетін ағаштың 199 түбі «Еуропалық қайын» болса, 156 данасы ерекше көрікті «Слива Писсарди» көшетінің екпесі. Алдағы уақытта көшет егілген аумаққа қосымша газон мен гүл егіліп, арнайы жабдықталған су жүйесі арқылы суғарылып тұратын болады.
Айта кетейік, жалпы аудан аумағында еліміздегі тазалық, көгалдандыру науқаны басталғалы бері 5 мыңнан астам көшет ауыл тұрғындары мен демеушілер есебінен егілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі