ТҮРКІСТАНДА «ҰЛТТЫҚ ОНОМАСТИКА: ІЗДЕНІС ПЕН ТӘЖІРИБЕ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Түркістанда «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» республикалық семинары өтіп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али алғаш сөз алып, баяндама жасады.
– Әрбір атау – тарихи құжат. Ономастикалық атаулар – ұлттың рухани жадын көрсететін мәдени құндылық. Министрлік тарапынан республикалық жұмыс тобы құрылып, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп бірқатар шараларды жүзеге асырды. Жұмыс тобы мүшелері еліміздің белгілі институттарының ғалымдарымен бірлесіп, Орталық мемлекеттік архив мекемесінің қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі, «Жер-су атаулары» және дәстүрлі атаулар тізімі жан-жақты пысықталып, өзектендірілді. Сондай-ақ былтыр Республикалық ономастикалық комиссияның 4 отырысы өткізіліп, жаңа атаулар берілді. Министрлік елді мекендердің өзінің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша үлкен жобаны қолға алып отыр. Жоба аясында қазіргі ел аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасы әзірленбек. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жергілікті әкімдіктер тарапынан да жүргізілсе деген ұсынысым бар, – деді комитет төрағасы.
Семинар жұмысына Республикалық ономастика комиссиясының мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, академик Серік Негимов, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Гүлнәр Бекенова, тиісті орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңірлердегі ономастика саласын басқарып отырған басқарма басшылары, сондай-ақ өңірдегі аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысып жатыр. Түркістан облысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасап, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
– Мемлекеттік идеологияны ұлттық негізбен байланыстыра отырып жүргізуде бүгінгі шараның маңыздылығы жоғары. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика мәселесі қозғалып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласының тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін атап өткен болатын. 2021 жылы тарихи шешім қабылданып, облыста 17-ші аудан құрылып, оған Сауран атауы берілді. Облыста жеке меншік мектептердің саны 137-ге жетіп отыр. Жеке кәсіпкерлер ашқан білім беру мекемелеріне өз қалауынша атау беру мәселесін ретке келтіру мақсатында ономастикалық комиссия отырысында талқылауды ұсынамын. Сондай-ақ халықтың көптеп шоғырлануына байланысты атауы жоқ көшелердің көбеюін ескере отырып, тізімге жылына бір рет қосымша түзетулер енгізілсе деген ұсыныс бар. Содан соң жергілікті халықтың сұранысы негізінде, біздің облысқа берілген квотаның аздығына байланысты «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру барысында министрлік тарапынан Ұлы Отан соғысының батырлары мен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері де енгізілсе деген өтініштеріміз бар, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Күн тәртібінде өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, республикадағы жаңартылған ономастикалық атаулардың халық арасында кеңінен қолданылатын карталарға (Yandeх, 2GIS) навигациялық құралдардағы ономастикалық атауларды біріздендіру мәселесін барлық өңірмен жан-жақты талқылау мәселелері қаралады. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ алдағы уақытта атқаруды қажет ететін маңызды мәселелер де айтылды. Сонымен қатар семинарда елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар да назарға алынған.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы саладағы өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында өтіп жатқан жиын кешке дейін жалғасады. Ал екінші күні қатысушыларға облыстың көрнекті және киелі орындары таныстырылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі