Жол сапалы болса, бәріне де тиімді болады
Күнделікті пайдаланатын азық-түлігіміз, үйіміздегі дүние-мүлкіміздің бәрі тасымал арқылы жеткізіледі. Қазақстан тоғыз жолдың торабында, Еуразияның қақ ортасында орналасқандықтан, логистикалық қызметтерге қолайлы елміз. Дегенмен бұл сала оңтайлы дамуы үшін еліміздегі көлік жолдарының сапасы мықты болуы тиіс. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану» деп айтқан болатын.
– Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет, – деді Президент.
Бәсекеге қабілеттіліктің күн, тіпті сәт, сағат санап артып жатқанына Мемлекет басшысы да жіті мән беріп, саланы дамыту бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін алға тартады. Осыған орай Әулиеатада да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар қолға алынғанын білдік. Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Телеужан біздің өңірде қызмет көрсетілетін аумақ бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.
– Облыс көлемінде «Меркі-Бурылбайтал» км 7-273 республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау жобасы шеңберінде «Меркі-Шу» км 7-90 учаскесінде, «Орталық-Оңтүстік» дәлізін реконструкциялау жобасы шеңберінде ««Сарышаған-Мыңарал»» км 2005-2069, «Үлкен-Бурылбайтал» км 2105-2152, «Бурылбайтал-Ақсүйек» км 2152-2214 учаскелерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Меркі-Бурылбайтал» жобасы шеңберінде 2021-2023 жылдары 4 учаскенің жалпы ұзындығы 180 км құрайтын 3 учаскесінде (Шу қаласының айналма жолы, Шу-Хантау және Хантау-Бурылбайтал), «Орталық-Оңтүстік» жобасы шеңберінде «Мыңарал-Үлкен» км 2069-2105 учаскесінде құрылыс жұмыстары аяқталды. «Меркі-Шу» км 7-90 учаскесі, «Орталық-Оңтүстік» дәлізі шеңберіндегі учаскелер Іб техникалық санатқа дейін реконструкцияланады. Жобаларды іске асыру кезінде құрылыс жұмыстарын жүргізу отандық құрылыс материалдарын пайдалануға баса назар аударылады, оның ішінде: жол битумы, темірбетон өнімдері, инертті материалдар толығымен дерлік отандық өндірушілерден алынады, – деп атап өтті Ержан Телеужан.
Маманның айтуынша, Жамбыл облысы аумағынан өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1194 км құрайды. Аталған жолдардың орта есеппен алғандағы тәуліктік жол жүру қарқындылығы – 4 300 автокөлік. Жол санатына қарай осьтік жүктеме 10 т/ось. Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-2 «Алматы-Ташкент-Термез» автомобиль жолының «Тараз-Қайнар» (ұзындығы 237 км) және «Тараз-Шымкент» (ұзындығы 58 км) ақылы учаскелерінің ұзындығы 295 шақырымды құрайды. Жамбыл облысы аумағынан өтетін Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жамылғыларын уақытылы қалпына келтіру, шулы жолақтар орнату, жарық шағылыстыратын жол белгілерін орнату және жол сызықтарын сызу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Республикалық маңызы бар жолдарда икемді сигнал бағаналары мен күн батареялары бар катафоттар орнатылған. Бұл – республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи және инновациялық тәсіл. Олар екі жағынан қисық жолақтарға орнатылған, күн сәулесінен қуат алады және жүргізушілердің жолға деген назарын арттыруға көмектеседі. Осындай жаңашылдықтардың арқасында елдегі логистика саласы бәсекеге қабілеттілікті арттырарына сенім мол. Десекте, тас жолдағы көліктердің ебедейсіз қозғалысының салдарынан болып жатқан жол апаттары халықаралық деңгейде тауар тасымалдайтын компаниялардың көңіліне күдік ұялатынын да жасыра алмаймыз. Жол апатына себеп болатын факторларға жүргізушілердің салғырттығы, көліктердің ескілігі, заңның әлсіз тұстары себеп болады делік. Ал ең негізгі фактор – үлкен қалаларды жалғайтын автомагистральдардағы көлік тұрақтарының арасы тым қашық. Яғни жүргізушілерге шаршаған кезде демалып алатын орындар молынан қарастырылмаған. Себебі жол бойынша ондай нүктелер салудың шығындары мен тиісті рұқсаттама алудың да машақаты аз емес. Ұзақ жолға шыққан ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері көп жағдайда жол үстіне ұйықтап кетіп, арты орны толмас қайғыға алып келеді.
Дегенмен транзиттік саланы алға жылжытатын тасымал құралы тек автомобильдер мен фуралардың қозғалысы ғана емес. Әуе мен кеме көліктері, теміржол тасымалы да осы саланың негізгі тетіктерінің бірі десе болады. Бұл ретте «Қазақстан Еуропа елдерінен үлгі алуы тиіс» деген тағы бір маманның пікіріне тоқталдық.
– Еуропада жүк тасымалының барлық түрі қарқынды дамыған. Тауар айналымы өте жоғары. Мысалы, Германияда Фрайзинг деген қала бар. Мұнда тек әуе тасымалы арқылы ғана тауар келеді. Мен жұмыс істеген компанияның жүк көліктері тауарды осы қалаға жеткізіп, ары қарай өзге мемлекеттер мен қалаларға ұшақпен тасымалданады. Бір қызығы, шет мемлекеттерде логистерге әрдайым сұраныс жоғары. Жалақы да аз емес. Ал өкініштісі, Қазақстандағы жас мамандар Еуропаға ағылып келіп, ірі компанияларда қызмет етеді. Бұл, бір жағынан, жақсы үрдіс. Тәжірибе жинайды. Бір есептен көңілге қаяу түсіреді. Шетелдегідей мөлшерде жалақы төленіп, жұмыс ауқымы қолайлы болса, өз еліңде жүріп еңбек еткенге ештеңе жетпейді. Қалай болғанда да логистика – өлмейтін, үнемі дамып отыратын сала. Біздегі компаниялар мен Еуропадағы компаниялардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Логистерге компания ұсынатын арнайы платформалар бар. Мамандар көліктердің қай нүктеде орналасқанын, қай нүктеге қанша уақытта жетуі тиіс екенін, қай жерден тамақтанып, қай қалада, қандай қонақүйде түнейтінін бір ғана монитор арқылы басқарып, жүргізушімен үнемі байланысып отырады. Саладағы қарапайым құралымыз – қарым-қатынас. Бұдан шығатын қорытынды: логистиканың дамуына нақты әсер ететін негізгі тетік – цифрландыру. Көліктердің де әртүрлі табиғи жағдайларға дайын болуы үлкен маңызға ие. Тауарлардың түрі бойынша да арнайы платформалар бар. Осы ресурстарға қарап отырып-ақ қай қалаға қандай тауар келіп жеткенін бақылап, ел экономикасына шолу жасап отыруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, ашықтыққа баса мән беріледі. Тағы бір қызық жағдай, қазақстандық компанияларда қызмет еткен әріптестерім қазіргі уақытта Еуропаның бірнеше елдерінде шағын жеке компания ашып алған. Келешекте олар өз елімізде де осы саланы дамыту бойынша тер төгеді деген сенімдемін, – дейді Еуропада жұмыс істеп жүрген Нұржан Әріпжан.
Тауар тасымалы бойынша елімізде бірнеше транзиттік дәліздер бар. Сауда ағындарын заманауи логистикалық инфрақұрылымдармен және жылдамдық пен жүкті жеткізу бағасы бойынша сапалы сервиспен жабдықтау, жоғарыда айтылған дәлізге қатысушы елдерге жаңа нарықтарды игеруге және транзиттік жүк ағынын молынан тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде аймақта тұрақты даму процесі үдеп, елдің әл-ауқаты арта түседі. Сол себепті бұл сала бойынша түсетін пайда көлемі мұнайдан кейін екінші орынға тұрақтап отыр.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы