Дәстүрлі құндылықтар және рухани тәрбие

Рухани – мәдени құндылықтардың бастау алар көздерінің бірі – тәрбие, ал тәрбие әрбір отбасынан бастау алады. Отбасы – алтын діңгек. Әр отбасында ұрпақтан-ұрпаққа берілетін өзіндік дәстүр қалыптасатыны белгілі. Каңтарбаевтар отбасында баланың жастайынан шығармашылыққа бейімделуіне және оны өзінің сүйікті ісіне айналдыруына көп көңіл бөлінеді. Қаңтарбаевтар отбасының шығармашылығына тоқталғанда ойға «Ата өнері – балаға мұра» деген нақышты сөз оралады. Өнер сабақтастығы Қаңтарбаевтар отбасында да шығармашылыққа деген сүйіспеншілік пен сұлулықты көру қабілеті әкеден балаларына, немерелеріне, Мақсат пен Нұрдана бауырларына беріліп жалғасын тапты. Мақсат Қаңтарбаев — пейзаж жанрының суретшісі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі болса, Нұрдана – суретші-педагог, дизайнер және мата бояумен айналысады. Әсемдікті көріп тани білу, талғам қабілеті Мақсат пен Нұрданаға (әпкесі) әкесінен қонған.

22 сәуірде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде суретші, КСРО және ҚазКСР Суретшілер Одағының ардагері, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері — Қырғызбай Рысұлы Қаңтарбаевтың 100 жылдығына арналған «Сағыныш» көркем туындыларының көрмесі өтті.

К.Р. Қаңтарбаев Абай атындағы ҚазҰПИ бітірген. Ұстаздық қызметпен және қолданбалы өнер бұйымдарын жасаумен айналысқан. Ол, Қазақстанның ұлттық өнерінің дамуына зор үлес қосты. Оның туындылары Қазақстан мен Ресейдің танымал музейлерінің  (РЭМ, Санкт-Петербург) коллекциясына енгізілген.

Көрме қазақтың ұлттық мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін паш етеді. Қырғызбай Қаңтарбаев қазақтың ұлы ақыны Абайдың, Жамбылдың, Ш. Уәлихановтың, Б.Момышұлының мүсіндерін және басқа да көрнекті тұлғалардың бейнелерін жасады.

Көрмеге Қаңтарбаевтар отбасының сәндік-қолданбалы өнер заттары, музыкалық аспаптары, мүсіндері, кескіндемелері қойылады.

 

 

Қырғызбай Рысұлы Қаңтарбаевтің ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, әріптестері мен шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленді. Көрменің маңызды бөлігі шәкірттері мен ізбасарларына арналады, олардың шығармалары еліміздің ұлттық дәстүрлері мен тарихын бейнелейді.

Олар, Қазақстанның танымал суретшілері — Өмірбек Жұбаниязов, Ерлан Қожабаев, Жамиля Тәкен, Дастан Оразхан, Нұрлан Сатаев, Қайырбай Зәкіров, Оразбек Есенбаев, Жанұзақ Мүсапір, Тоққожа Қожағұлов, Қанағат Кодеков, Асқар Бейшекеев, Сергей Пожарский, Мирлан Құлдыбаев, Марлан Нысанбаев, Бейсебек Ақанаев, Нұрдана Қырғызбаева, Диана Мұхаммед, Болат Құсайынов, Диас Қантарбаев, Марат Тұрғынбай, Камил Мамукадзе, Нелли Бубе, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Жәнібек Сүйінбеков, Ирина Меламент, Григорий Головков, Жанат Сейітхамза, Мақсат Қаңтарбаев. Көрмеде суретшілердің өзіндік қолтаңбасы, ерекше стилі, орындау тәсілі, сезімдері және қоршаған әлемді қабылдауы сипатталады.

«Сағыныш» көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысатын суретшілер өздерінің авторлық өнер туындыларын музейге сыйға тарту етіп, ҚР Орталық музейінің қор коллекциясын толықтырады («Кескіндеме қоры»). Көрмеге жалпы саны 80-нен астам жұмыстар қойылады. Қантарбаев Қырғызбай Рысұлы – Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, Абай атындағы ҚазПИ тәмамдаған, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаумен және оқытушылық қызметпен айналысты. Оның қолтумалары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, ҚР Мемлекеттік Орталық музейі және Ресей этнографиялық музейінде (Санкт-Петербург қ.) және т. б. сақталған.

Адамсопиева Нұрдана Тараз педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, дизайнер болып жұмыс істеді, матаны – батикпен бояу, әрлеумен («Қазақ арулары») шұғылданды.

Қырғызбай ақсақал немересі Диас Мақсатұлын да жастайынан шығармашылыққа баулыды. Т.Жүргенов атындағы мектепте және О. Таңсықбаев атындағы Алматы колледжінде білім алған Диас кескіндеме және графика жанрында еңбектенуде.

 

 

Қаңтарбаев Мақсат Жамбыл қаласында дүниеге келген. Ол Абай атындағы ҚазПИ көркемсурет-графика факультетін 1988 жылы бітірген. Еңбек жолын Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының көркемсурет мектебінде сурет пәнінің мұғалімі, Луговой аудандық халыққа білім беру бөлімінде бейнелеу өнері пәнінің әдіскері болып бастады, Жамбыл облысы Луговой ауылында көркемсурет мектебін, «Өнер» шағын кәсіпорнын ашты.

М. Қаңтарбаев пейзаж жанрында еңбектенеді, акварель, майлы бояумен сурет салады, батик – матаны әрлеу өнерімен, ағаш оюмен айналысады. Суретшіні шығармашылыққа шабыттандыратын бірден-бір күш – тірі табиғат. Сондықтан, Мақсат кез келген кескіндемеші сияқты, өзінің көркемдік шеберлігін жетілдіруші орта табиғат аясында болу мүмкіндігін пайдалануға тырысып көбінесе пленэрде жұмыс істейді. Үнемі ізденісте жүрген суретші жеткен жетістіктерімен тоқталмайды, ал ізденіс нәтижесіндегі тың сарын оның жаңа шығармашылық жұмысынан көрініс табады.

Ол тұрмыстық заттар, гүлдер, ағаштар, жемістермен байытылған мың бояулы толымды әлемді суреттейді. Суретші картиналарында өзінің айрықша стилін, өзіндік қолтаңбасын, мәнерін айқын сипаттайтын түске көп көңіл бөледі. Мақсаттың шығармаларынан өмірге деген шынайы махаббат, қандай-да болмасын тақырыпқа қызығушылық, оның ішкі әлемі — жан-дүниесінің көрінісі, қуаныш, шаттық, сондай-ақ табиғат байлығын көре – көрсете білу, жетікізу қуанышы байқалады. Суретшінің Қазақстан табиғатын, Алматының сан-алуан көрінісі: Үшқоңыр тауының панорамасы, Түрген шатқалы, Шарын өзенінің каньондары, «Алатау», «Құлан өңірі», «Түрген тауы», «Нұрлы тау» тұрғын үй кешені сынды картиналары, «Хан тәңірі», «Лесной домик», «Роща Баума» триптихтары өте әсерлі. Әсіресе, «Қысқы таулар», «Батан шатқалы», «Медеу» және т.б. қысқы пейзаждары таңқаларлық туындылар.

Қылқалам шебері портрет жанрында да еңбектенеді. Түрлі қиындықтарды жеңе білген, қашанда айналасындағыларға мейірімділік танытқан қарт адамдардың портреттері: «Апатайым», «Әкемнің портреті», «Д. А. Қонаев портреті» және т.б. туындылары құрмет пен сүйіспеншілікке толы.

Қаңтарбаев Мақсаттың еңбектері көптеген көрмелерге шығарылып, автор алғыс хаттар, дипломдармен марапатталды. Шебердің жұмыстары Мәскеу, Астана, Алматы, Тараз және Талдықорғанның жеке коллекциялары мен музейлері қорында сақталуда.

 

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА