Ұлағаты мол Ұлбосын әже
Осыдан он шақты жыл бұрын Шардара ауданында өткен «Әжелер байқауында» Ұлбосын апаның өнерiн тамашалағанбыз. Апамыз сонда небiр шешендiк сөздердiң тиегiн ағытып, көрермендердi тәнтi еткен. Ал, қазiргi тiкбақай келiндердiң мiнез-құлықтарын сахналап бергенде жұрт күлкiге қарық болған едi. Несiн айтасыз, 90 жастағы өнерлi апамыздың күш-қайратына, қимыл-қозғалысына әбден риза болғанбыз. Ұлбосын Әбжаппарова әжемiз бүгiнде 101 жасқа кетiп бара жатыр. Сүйегi асыл екен, сол баяғы ширақ қалпында. Ол 1916 жылы Мақтаарал ауданында өмiрге келген. Әшiралы ақсақал мен Тұрпаш апаның бесiншi перзентi екен.
— Бiзде жастық шақ, думан-қызық дегеннiң бiрi де болған жоқ. Өзiмнен үлкен кетпенмен тырбыңдап мақта шабамыз, одан қала берсе арық қазамыз. Төрт каналды қазуға қатысқанымды бiлемiн. Азаннан кешке дейiн колхоздың жұмысын iстегенiмiзде бiзге берiлетiнi – арпадан жасалған быламық қана. Егiстiң басында бiр кемпiр шойын қазанға су құйып шай қайнатады. Тақта-тақта шайды көрдiк, бiрақ ол бiзге жетпейтiн. Бiзге талдың жапырағын салып, шай қылып берушi едi. Сол қара быламықпен буынымыз қатты. «Шiркiн-ай, сары нанды тойып жеген адамда арман бар ма екен» деп тамсанумен күндi батыратынбыз, — дейдi Ұлбосын әже.
Бойжеткенде Зұлпыхар есiмдi жiгiтпен шаңырақ көтередi. Ендi-ендi бақытты өмiр басталып келе жатқанда Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалады. Елдiң алды боп әскерге алынған отағасы сол кеткеннен қайтып оралмайды. Тiптi, одан ұрпақ та қалмапты. Әженiң айтуынша, өзiнiң әкесi де жұмысшы батальонына кетiп, содан оралмаған.
Ұлбосын апа кейiннен Ешенхан есiмдi азаматпен екiншi рет отау құрады. 1965 жылы жаңадан құрылып жатқан «Қоссейiт» кеңшарына көршi ауданнан қоныс аударып келедi. Күрiш шаруашылығымен айналысқан кеңшардың қалай өсiп-өркендегенi, ауылдың әлеуметтiк-экономикалық дамуына қандай азаматтардың үлес қосқандарын жаңылмай айтып бередi. Апаның жары мен жалғыз ұлы Қамбар ағамыздың да өмiрден озғанына бiраз уақыт болды.
— Ұзақ жасаудың сыры неде, апа? – деп сұрадық өткендi еске алып, жабырқап отырған қарияның көңiлiн ауламақ болып.
— Қайдағы сыр, балам. Құдайдың берген жасын жасап жатырмыз. Марқұм нағашы әжем 103 жасқа келiп өмiрден өтiп едi. Өзi әруақ қонған кiсi болды. Бақсы едi, зiкiр салып, жұртты емдегенiн талай көргенмiн. Мүмкiн, осы әжемнiң жасын Құдай маған берiп отырған шығар, — дейдi Ұлбосын апа.
— Шырағым, менде сауат болған жоқ. Бiрақ, құймақұлақ болдым. Қисса-дастан дегендердi бiр естiсем, жаттап алатынмын. Қазақтың бәрi әуелбастан әншi-жыршы ғой, өзiм жанымнан құрап өлең шығарып, жиын-тойда айта беретiн болдым. Тiптi, ауылдың клубында сахнаға шыққан кездерiм де болды, — деген Ұлбосын апа:
— Аққудың қолға алдым жұмыртқасын,
Сәлем де, достарыма ұмытпасын.
Барамын туар айдың он бесiне,
Келмедi деп көңiлiн суытпасын, — деп жайымен ғана шырқай жөнелдi.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа жетiк Ұлбосын әженiң бүгiнгi жастарға үйретерi де мол. Әсiресе, жас келiндерге сәлемдi дұрыс сала бiлудiң маңызы зор дейдi.
— Қазiргi келiндер қақиған күйi сәлем салған болады. Мен айтамын, «Әй, айналайын, балам, сендер сәлем салғанда кеудеңдi иiп, қолыңды көкiрегiңе қойып iзет көрсетiп салыңдар. Сол кезде жұрт «көп жаса» деп бата бередi. Ал, сен қос қолыңды көкiрек тұсыңа басып сәлем салсаң, сол ақ батаны жүрегiңе сiңдiресiң» деймiн. Көрдiң бе, батаны осылай алу керек қой, — дейдi.
Ел мен жердiң амандығын Жаратқаннан тiлеп отырған Ұлбосын Әбжаппарова апамыз осындай мамыражай заманды орнатып берiп отырған Елбасыға рахмет айтады.
Ғасырдан да үлкен әжеден бiз де
бата сұрадық.
— Құдай оңдап тұрсын,
Әулие қолдап тұрсын.
Қыдыр ата қастарыңа келiп тұрсын,
Не тiлесеңдер де тiлектерiңдi берiп тұрсын.
Дастарқанымыз нанды болсын,
Отбасымыз iшi толған жанды болсын,
Әумин! – деп ақ бата берген әжемiзге қарап бiз де қолымызды жая бердiк.
Әдiл ӘБДIРАМАНОВ. Шардара ауданы.