АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Өңірге жұмыс сапарымен арнайы келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлермен, Келес және Сарыағаш ауданының тұрғындармен кездесті. Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне 100-ге жуық техника жұмылдырылады.
— Мойындарыңызға алған істі жауапкершілікпен атқарыңыздар. Жұмысты тоқтатпау керек. Техника қажет болса, ерте қамдану керек. Көмек қажет болса, оны да айтқан дұрыс. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде бұл жұмыстарды толық аяқтау керек. Әзірге ең тиімді саналатын әуемен залалсыздандыруды арттыру керек, — деді мердігерлермен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ «EAVISION Robotics Technologies» компаниясының Вице-президентімен зиянкестермен заманауи күрес жолын талқылады. Атап айтқанда, дрондарды пайдалана отырып, жәндіктерді анықтау аумақтарының мониторингін енгізу туралы болды. Бұл болашақта жерді фитосанитариялық өңдеуді дәлірек жүргізуге мүмкіндік береді. Марокко шегірткелермен күресудің озық тәжірибесі шетелде қолданылып жүр. Аталған компания Алматы қаласында қытай инвесторларының қолдауымен бірлкескен зертхана ашқан.
Дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды қолданумен қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны айналысуда. Робототехниканың көмегін көрші өңірлерде дала жұмыстарында да пайдалана бастаған. Осылайша озық технологиялар көмегімен шаруалардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік мол. Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы саласына робототехниканы енгізу үлкен сұранысқа ие.
Дрондар техника бара алмайтын, адам аяғы жете бермейтін құм, өзен алқабы секілді жерлерді зиянкестерден оңай арылтады. Бұл құрылғылар алдын ала барлау нәтижесімен, GPS картаға тек зиянкестермен күресу үшін енгізілген жерлерді тура тауып, жояды. Флора мен фаунаға зиянды әсері жоқ. Мамандар адам қолы жете бермейтін аумақтарға өздігінен басқарылатын құрылғыларды пайдаланған тиімді екенін айтады. Бір дрон 1 сағатта 180 га жерге дәрі себеді. Мамандар зиянкестердің толық жойылатынына кепілдік береді. Жаңа технологияны жергілікті мамандарға үйретіп, кадр дайындауға дайын.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес пен Сарыағаш аудандарында жүргізіліп жатқан марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстар Келес ауданы Бозай ауылы мен Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округінде қарқынды жүріп жатыр.
Сарыағаш ауданы бойынша үйірлі марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу болжамы 75,4 мың га, оның ішінде 36,6 мың га жер үсті бүріккіш техникаларымен, 40,8 мың га әуемен өңдеу жоспарланған.
Тапсырыс беруші — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекттік инспекция комитеті. Орындаушы — жер үсті бүріккіш техникаларымен « SATTI TULIK» ЖШС. Әуемен өңдеу жұмыстарын жүргізуші «Авиакомпания Дельта-Юг» ЖШС.
Келес ауданы бойынша үйірлі марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу болжамы 62,8 мың га, оның ішінде 34,3 мың га жер үсті бүріккіш техникаларымен, 29,5 мың га әуемен өңдеу жоспарланған.
Биыл облыста зиянкестердің таралу аймағы былтырмен салыстырғанда бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқан.
Түркістан облысы марокко шегірткесі ең көп таралған аймақ саналады. Негізгі ошағы Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары. Алайда соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандарында да кездесуде. Күрес жұмыстары жер үстінде бүріккіш техникаларымен, әуеден ұшақпен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделеді. Бүгінге дейін облыс бойынша 30 мың гектардан астам алқапта шегірткенің ошақтары химиялық жолмен өңделді.
Химиялық өңдеу жүргізуге жауапты мердігер компания өңдеу жұмыстарына «Тиаметрин» препаратын қолдануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі