ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕР ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА 50 ПӘТЕРЛІ 2 ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫП ЖАТЫР

Жыл басынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табыстаған Жетісай ауданындағы «BinazarGroup» ЖШС басшысы Берік Кембилдің өз қаржысы есебінен тағы 50 пәтерлі 2 үйдің қабырғасы қалануда. Құрылыста қолданылып жатқан материалдар түгелдей дерлік отандық өнім. Сапасы да тиісті мамандар мен жергілікті әкімдік тарапынан қатаң бақылауда. Өйткені, аталмыш 2 үйдің құрылысы аяқталған соң 50 пәтерді аудан әкімдігі сатып алып, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың осал тобынан жасақталғандар, бюджеттік немесе мемлекеттік қызметшілер, көпбалалы отбасылар тізімі бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға теңдей бөліп беретін болады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңында болып, кәсіпкермен тілдесті. Игі бастаманы өзге де аудандарда жүзеге асыру жөнінде айтқан өңір басшысы, осылайша баспанасыз жүрген ауыл халқының басты мәселесінің шешілетініне тоқталды.
Кеңестік дәуірде өндірістік база болған 0,41 гектар жер учаскесі соңғы 5 жылда қараусыз қалған. Биылғы жылдың сәуір айында қазығы қағылып, қыркүйек айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отырған құрылыс жұмыстарының жалпы құны 780 млн теңгені құрайды. Тұрғын үй алаңында балалардың ойын алаңшалары мен спорт-воркоут, автотұрақтар да қоса салынатын болады.
3857 адам тұрғын үй кезегінде тұратын ауданда жақын күндері сатып алу құқығынсыз тағы 90 арендалық тұрғын үй тапсыру жоспарланып отыр.
Жалпы Түркістан облысы бойынша баспанасыз ауыл тұрғындарына осындай жолмен 2500 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі