«Менің Отаным – Қазақстан!» деп қазақпен бірге әрбір этнос өкілі жүрекпен сезінсе, ынтымақ та, береке де болады
Соғыс жылдары КСРО-да 1,4 миллиондай неміс ұлтының азаматтары тұрған. Кейіннен соғыс басталғаннан кейін бұл этнос жан-жақтарға күштеп таратылды және неміс автономиясы жойылды, Қазақстанға немістердің 470 мың адамы қоныс аударылды. Мұндай шаралар басқа да депортацияланған Кеңес халықтарына жүргізілді. Қаулыда бұрынғы Неміс республикасының административтік территориялық құрылымы мен облыстарды жою заңы шықты. Олардың қатарында қарашай, қалмақ, шешен-ингуш, кабардин-балқар автономияларының тағдыры жатты. Қазақстанға күштеп көшіру туралы Д.А.Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» (1992) атты кітабында да жазды. Соғыстан кейінгі жылдары негізінен оларды еңбекке пайдалануға байланысты адам санындағы өзгерістері көп болды. Онда оларды лек-легімен басқа республикаларға жіберді немесе басқа республикалардан қабылдап алып отырды. Себебі, соғыстың соңғы жылдарында тек Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым, Қара теңіз жағалауынан 700 мыңнан астам жер аударылғандарды орналастыру қиын болды. Оларға тұрғын үй жетіспеді. Олардың жаңа жерге бейімделе алмауынан жұмысқа орналасуларында да көп қиыншылықтар туды. Алайда олардың келген кездегі әр ай сайын тіркеліп отырған құжаттарында жаңадан қосылғандар мен басқа жерге ауыстырылғандар, туылғандар мен өлгендер, әскерден және әскери ауруханадан оралғандар, ажырап қалған отбасылардың қайта қосылуы, отбасыларын екіге бөлу сияқты өзгерістерге байланысты да нақтылық болмады. Бұндай мәселелер жақын арада өз шешімін таппады, сондай-ақ соғыстан еңсесін әлі көтере қоймаған елдегі жағдайлардан жер аударылғандардың тұрмыс-тіршілігі біраз уақытқа дейін жақсара қоймады. Ең негізгісі баспана мәселесіндегі қиыншылықтар бір төбе. Десек те, жергілікті халықтар күштеп көшірілген халықтардың ауыр жағдайларына да көңіл бөле білді. Келген жерлерінде қазақтар бір баспанаға екі-үш отбасынан кіргізіп сығылыстыра өмір сүрді. Бір кесе айранымен бөлісіп, ас-ауқатын алдына тосты. Сөйтіп олармен бірге жергілікті тұрғындардың тұрмыстық тіршіліктері де қысылса да көмектерін аямады. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының «Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының алыс аудандарына тұрғылықты түрде қоныс аударылғандардың келген жерлерінен қашып кетудегі қылмыстық жауапкершілігі» туралы жарлығы шығады. Онда КСРО-ның алыс жерлеріне қоныс аударылған шешендердің, ингуштердің, балқарлардың, қалмақтардың, немістердің, Қырым татарларының мерзімі көрсетілмеген, олар барған жерлерінен енді қайтпайды, түпкілікті қалады» делінген. Осы аталған қаулыларда күштеп қоныстанған халықты қашып кетпеулеріне және тұрақты қалдыруға байланысты барынша айла-тәсілдер, іс-шаралар, үгіт-насихаттар ойластырылып, түрлі заңдар, қаулылар, жариялылықтар қабылданды. Одан кейін тағы он шақты жылдарды артқа салып барып шектеулері алынып, бұрынғы елді мекендеріне оралуға мүмкіндік алды. Бірақ, көшіп барғаннан кейін бұрынғы атамекендеріне қайта оралғандар мен сол жерлерді мекендеп алған халықтар арасында қақтығыстар пайда болды. Осыны болдырмау үшін күштеп көшірілген халықтар түпкілікті Қазақстанда тұрақтап қалу мәселесі қаралды. Елдеріне қайтармау үшін әр-түрлі үгіт-насихаттар жүргізіп, жер телімдерін, киім-кешек беріп, керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп, мамандық таңдауда оқу орындарына тегін жолдама беріп, курстарға жіберіп, жұмыс орындарында басшылықтарға тағайындап, жыл сайын жұмыс барысымен марапаттап, сыйақылар тағайындады. Бұрынғы тұрған жерлерінде қолда бар малдарын өткізіп кеткен жер аударылғандарға өкімет арнайы қаржы бөлді және жекеменшікке мал бөлініп берілді. Сөйтіп, олардың біржолата кетпей қалуына толық мүмкіндік жасады. Орналастыру тек жер аударылғандармен ғана шектеліп қалған жоқ. 1954 жылы ақпан-наурыз пленумының шешіміне «Тың және тыңайған жерлерді игеруге» сәйкес 1955 жылы халық шаруашылығы жоспары бойынша Ресей облыстарынан, Украина, Белоруссия және Молдавиядан колхоздарға жаңа жерлерге 18 000 отбасы көшіп келді. Бұдан кейін 1960 ж. «Тракторшы комсомол бригадаларын құрдық. Сендерді Қазақстан, Сібір, Алтай тосып отыр!» («Комсомольская правда». 01.05.1960) деп үндеу тастап, сол арқылы да көшіп келгендер жетерлік болды. Міне, осындай аласапыран орналастыру «науқаны» үздіксіз жүргізілді. Осыншама халықты тұрғын үй және жұмыспен қамту ауылшаруашылық қаржысының жетімсіздігінен шеше қою да оңай емес еді. Бір мезгілде барлық келген халықтарды бірден келген жерлерінде керек-жарақтарымен қамтамасыз ету республикамызға ауыртпалық түсірмей қоймады. Өйткені сол кезеңге дейін де қазақ халқының басынан өткерген ауыр тұрмыстық тапшылықтары мен қиыншылықтарды басынан өткізген жайы бар. Десек те, республикамыздың әр қалаларына орналастырылған күштеп жер аударылғандардың тұрмыс-тіршіліктерін жақсарту мәселесі мүлдем орындалмай қалған жоқ. Жергілікті тұрғындарға да қажет еткен көмектер жер аударылғандарға беріліп жатты. Бүгінгі күндері елімізде екінші Отаны ретінде орнығып қалған жер аударылған халықтар тәуелсіз Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары. Бірақ оларды мазалайтын ой атамекені, елінің, жас ұрпақтарының болашағы екенін түйіндейді. Елдеріне оралып, қайта бейімделу үдерісін бастарынан өткізген отбасылар да көп. Олардың араға көп жылдар салып қазақ халқы мен жеріне жүрекжарды алғыстарын көз жастарымен білдіріп жататындары да баршылық. Ел арасындағы достық пен сағыныштарын, қазақтан сіңірген салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын қолданатынын көрсетіп мұхит асып сәлемдеме жолдап немесе арнайы іздеп келіп мауқын басып жататын азаматтары да бар. Олардың басынан өткізген тоталитарлық жүйе салған қасіретті тағдырларын, ұлт ретінде сақтап қалған қазақ халқының жасаған жақсылығын өздерінің келесі ұрпақтарына айтып беріп отыратындарын да жасырмайды. Осылай халықтар достығы екі жақтан да көп қиыншылықтар мен темірдей төзімді шыңдап барып келген еді. Шындығын айтсақ, қазақ халқының қонақжайлылығы, бауырмалдығы өзара ынтымақтастықтың негізі болғандығы ақиқат. Мұны еліміздегі әрбір этнос өкілі жүрекпен сезінуі тиіс деп ойлаймыз.
ҚҰРАЛАЙ ҚОЖАХАНОВА, Алматы қаласы Музейлер бірлестігі, Д. А. Қонаев музейінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты