8 ай сергелдеңге салған Кемертоған мәселесі
Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған ауылында қазір 40 мың тұрғын тұрады екен. Үлкен ауыл ма? Өте үлкен ауыл. Осы үлкен ауыл Алматы қаласымен іргелес қоныстанған. Әлбетте, алып мегаполиспен тағдырлас мұндай ірі ауылдар аз емес. Бірақ олардың өсіп-өнуіне, тамырларын тереңге жіберіп, қанат жаюына, жайлы инфрақұрылым жасауына кедергі болып тұрған қолдан жасалған ескі кеселдер, кедергілер, іркілістердің бастауы жемқорлықта жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Назарбаевтың қасақана жасалған жекешелендіруі кесірінен ауыл қопарылып аштықтан қырылмауы үшін қалаға жаппай көшіп келе бастады. Жаңа ауылдар шаңырақ көтерді. Әсіресе Алматының айналасы құжынаған ауыл тұрғындарына толды.
Жеке қожайындар қайдан пайда болды?
Көшіп келушілер қандай жолмен учаскелерді алды? Міне, алдымен осы сауалға кесімді түрде жауап берілуі тиіс. Бұған дейін Назарбаев пен оның сыбайластары Алматы қаласы мен төңірегіндегі алтынмен апталған жерлерді қылдай бөліп алып қойған болатын. Гектарлап ауылшаруашылығына қолданылатын жерді бөліп алған байлар кәсіпкерлер енді ол гектарларды 5-6 сотық учаскелерге бөліп-бөліп тастады да, әлгі ауылдан келгендерге үлестіріп (әрине, қомақты ақшаға) бере бастады. Беруін бергенмен, олар ақша жасаудың жаңа жолдарын қарастырды. Ол үшін ИП-лар ашты. Кейін ол ИКК-ға (кооператив) айналды.
Бұл ашылған кварталдардың, бөлімшелердің өзінің жеке қожайындары, мүшелері болды. Қожайындар өздерінің ауызша заңдарын, бағаларын (тарифтері), ережелерін, тәртіптерін, мүдделерін жасап алды. Ақша көздері: энергия, су, көше, жер т.б. қожайындар негізінен ауыл, аудан, бәлкім әрі қарай облыс әкімшіліктерімен тығыз байланысты болғаны анық. Олардың ым-жымы бір болатыны әу баста гектарлар учаскелерге айналғанда әкімшіліктермен жер қожайындары жең ұшынан жалғасты. Яғни өзара «достық» осылай басталды.
Энергия, су, жер, мәселелерінің бәрі әкімшілік арқылы рәсімделеді. Қысқасы, сырттан, іштен жау пайда бола қалса, олар бірлесіп қарсы күресіп, мұндайларды аяқтарымен таптауға, үнін шығармауға, тұншықтыруға тырысады. Тұрғындар қожайындарының қандай зорлық-зомбылығына болса да амалсыз көнеді. Бұларды мына сөзбен әспеттеуге болады: мемлекет ішіндегі мемлекет.
8-бап: Тұтынушы кооперативтердіңішкі жұмысына араласуға ешкімнің құқығы жоқ!
Бұл 8-бапты 2014 жылы Мәжіліс депутаттары қолдап, Президент қол қойып, сөйтіп ол дүниеге «тісін ақситып» келді. «Тісін кімге ақситады?» Мемлекетке, Үкіметке, заң орындарына, яғни бұл өзі шығарған 8-бап қабаған иттей ырылдап, арсылдап өздеріне сор болды деген сөз. Мен 8-бапты неге шығарған деп ойладым. Осы меморандумның күші 2026 жылға дейін күшін жоймайды. Алғашқыда біздің ойлағанымыз бұл бап кәсіпкерлердің жұмысына жайлылық, мамыражайлылық, өздерінің жұмыстарын өркендетіп, полиция, прокуратураның, басқа да Үкімет белсенділерінің ешқайсысының қудалауынсыз, зорлық-зомбылықсыз істерін жандандырады деген сенімде болдық. Әрине, бұл ойлағанымыз да дұрыс. Бірақ мұнда тағы да басқа бір мәселе бар екенін аңғардық. Біздің елімізде кәсіпкерлердің түр-түрі бар. Бір кәсіпкерлер өздерінің еңбегімен байығандар. Екіншілері мемлекетті, халықты ұрлау, тонау арқылы кәсіпкер атанады. Мәселен миллиардерлер мен миллионерлер. Олардың бірде-бірінің кәсіпорны, өндірісі жоқ. Бірақ бай. Олар ақшаны қайдан алып жатыр? Үшінші, кәсіпкерлерге мемлекет майлы орындарды беріп, содан өз үлестерін алып отырады. Сондықтан бұл 8-бап соңғы аталған кәсіпкерлерге майдай жағатыны сөзсіз. Шынына келсек, егер заңды түрде мемлекет ішіндегі мекемелер тексеріліп отырмаса, ал тексерейін десе де мына 8-бап қолбайлау болса, оны тез арада алып тастау керек. Бұл менің жеке пікірім емес, халықтың пікірі.
Кемертоған. 17 квартал және ЖК «Калелованың» шексіз билігі
Біз кәсіпкер Баян Калелова жайлы бірнеше рет газетімізде бердік. Тіптен «Біз Калелованың құлы емеспіз!» деген тақырыппен мақала да бердік. Себебі Баян Калелова жоғарыдағыдай өзінің жеке «мемлекетін» құрып алып, «Менсіз бұл көшеден құс та ұша алмайды» деп әпербақандыққа да барып тұр. 17-кварталдың тұрғындары 8 айдан бері осы Калеловамен шайқасып келеді. Жеңе алатын түрлері жоқ. Тек олар ғана емес, министрлік өкілдері де, Мәжіліс депутаттары да ештеңе жасай алатын емес. Президентіміз «Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек» дей отырып, оның жолын да айтып кетті. «Жалпы бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр».
Көріп отырсыз ба, Президент «ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші тұруы тиіс» деп қадап айтып отыр. Ал №17 квартал тұрғындары 8 айдан бері шырылдап шындыққа жете алмай келеді. Ауыл, аудан, облыс әкімшіліктері осыншама уақытта сағыздай созып, ешнәрсе шеше алар емес. Неге? Яғни бұл жерде басқа гәп бар. Олар Калелованы қалайда болса жеңіске жеткізуге тырысып отырған сыңайлы. Электр желілері дұрыс тартылмаған, суы сапасыз, жолы көңілдегідей емес қожайынды, кәсіпкерді олар неге жазаламай отыр? Өздерінің қолынан келмесе, сотқа бермей ме?
Калелова тарифтерді өзінің пайдасына қоя отырып, төлемдерді осы күнге дейін жылдар бойына ешбір келісімшартсыз жасап келген. Бұл заңға қайшы емес пе? Қайшы, бірақ ол Калелованың мүддесіне сай келеді. Тұрғындармен келісімшарт жасалмаса, олар оны сотқа бере алмайды. Көрдіңіз бе, қандай қулық жатыр мұнда. №17 квартал тұрғындары әу баста ызаланғаны соншама, көшеге плакат көтеріп шықпақшы болады. Бірақ кейіннен «бәрі жөнделер» деп сабырға келді.
Калелованың жаңа кооперативінде қазір 5-ақ жан бар. Ұлы, қызы, туысқандары. Негізі кооператив ашқанда жалпы жиналыс жасап, содан соң оны ашуға шешім қабылдануы тиіс. Олар тағы да заңсыздыққа барып отыр. Калелова және оның ұл-қызы қасиетті Рамазан айында бірнеше рет жарықты сөндіріп қоқан-лоқы жасап, күшін көрсетті. Рас, пәлен жыл Калелованың тарифтері бойынша №17 квартал тұрғындары құлақ қақпай төлеп келген. Болып жатқан әділетсіздіктер, келісімшарт болмауы оларды ызаландырып, биыл тарифті төлемей отыр.
Жақында тұрғындардың шағым хатына Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Д.Сансызбаевтан жауап хат келді. Басқа жерін айтпағанда мына тұсын сіздердің назарларыңызға ұсынғымыз келеді: «Күн тәртібінде 17 тоқсанның әр тұрғынынан (үйден 10 000 теңгеден ай сайынғы төлем белгілеу қабылданды. Осы есепті кезеңге Алматы облысы бойынша қолданыстағы бекітілген тариф (КИС-пен 1 квт. сағ үшін 28,62 т) мөлшерінде электр энергиясы үшін ай сайынғы төлем алынсын». Бұл жердегі 10 мың теңгені не үшін төлеулері керек? Д.Сансызбаевтан «мұныңыз қалай?» деп сұрасақ, қолы тұрса да «бұған қол қойған жоқпын» деп ол ат тонын ала қашты…
Әділеттікке жету үшін №17 квартал тұрғындары лауазымды орындарға хат та, өкініш те жазғанын айттық. Жақында үндеулерін де жіберді. Бірақ түйін шешілер емес.
Үш бірдей Мәжіліс депутаты қатысқан жиналыстағы айқас
Өткен сенбіде заңгер Раушан Жұматаева мен №17 квартал тұрғындары Мәжіліс депутаттарын, министрліктен өкілдер шақырды. Мәжіліс депутаттарына рақмет, бұрын да бұл іс бойынша келіп, зерттеп, елмен кездесіп, Үкіметке сауалнама жазған болатын. Бұл жолы Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек, Данияр Қасқарауов және Анас Баққожаев келді. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Құдайбергенов Нұржан келіп, Қарасай аудандық әкімшілігіндегі залда болған жиналысты ашып, Кемертоған ауылының 14 мәселесі бойынша істелініп, атқарылып жатқан шаралар жөнінде есеп берді. Біраз шаруалар атқарылып жатыр екен. Дегенмен шала тұстары көп. Жиналысқа қатысушылар оның кемшін тұстарын ашына да, жай да айтты. Әсіресе мектептің жоқтығы, жолдың сын көтермейтіндігі, электр шамдарының жиі сөнуі, тарифтердің жоғарылығы, қоғамдық көліктердің жолдың нашарлығынан қатынамауы, тағы басқа көкейтесті мәселелер айтылды. Олар жазылып алынды, жөнделетін болады деп уәде берілді. Бірақ қашан? Міне, тұрғындарды алаңдататыны – осы.
Жиналыс 5 сағатқа созылды. Әсіресе №17 квартал тұрғындарының жайына келгенде әкімшіліктің бұл жиналысқа Калелованы қорғау үшін (бәлкім өздерін де) кейбір қоғамдық ұйымдардың мүшелерін шақырғаны көзге анық көрінді. Мәселен аудандық Ардагерлер қоғамы көрер көзге Калелованы қорғап, қолдайтындарын анық байқатты. Біздің ойымызша, Ардагерлер ұйымы ақсақалдық танытып, екі жаққа бірдей болып, әділетті шешім қабылдауы тиіс қой. Олар әкімшіліктің тапсырмасын орындап, тек біржақты кетті. Яғни қойылым қойылды.
Мұны халық та, келіп отырған депутаттар да аңғарды. Жиналыстың соңында депутат Бақытжан Базарбек Қарасай ауданының жемқорлық ұйығына әбден батып кеткенін, ол әлі де жалғасып жатқанын ашына айтты. Бақытжан жиналыстың өн бойындағы сөздерінде заңдық тұрғыда қажетті баптарды шегелеп айта отырып, мәселені осындай жолмен шешудің мән-маңызын көрсетті. Ол облыс аудан, ауыл әкімдеріне халықпен арадағы мәселені шешу үшін біраз уақыт берілгенін, бірақ оны әкімдердің пайдаланбағанын, олардың әлсіздігін, әлжуаздығын бетке баса отырып ащы жеткізді. Егер бұл мәселе осылай ушығып шешілмей жатса, өз құзырындағы заң орындары арқылы тексерілетінін, зерттелетінін, жазаланатынын нақтылап қатаң ескертті. Бұл мәселені депутаттар бұлай қалдырмайтынын, тұрғындар шағым берсе, ол жедел де әділ тексерілетінін, сондай-ақ Кемертоған ауылы үнемі назарында болатынын нықтап жеткізді. Энергетика министрлігінен келген өкілдер де депутаттардың айтқанын қолдап, өз құзырында шаралар қолданатындарына уәде берді. Қалай орындалады, оны алдағы уақытта көре жатармыз.
Түйін: Жанайқайға нүкте қоятын кез жетті
Иә, жиналыс 5 сағатқа созылды. Тұрғындардың да, әкімшіліктердің де, депутаттардың да қаншама уақыты кетті. Шара соңында жиналысты сәтті де шебер жүргізген, көпіріп кеткендерді дер кезінде тізгіндеп отырған депутат Анас Баққожаев аудан басшыларымен, энергетика министрліктерімен халықты жүзбе-жүз кездестіріп, тұрғындардың қосымша сауалдарына жауап бергіздірді. Иә, «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, тағы бір кездесу, тағы да бір жиналыс өтті. 8 ай сергелдеңге түскен тұрғындардың жанайқайына нүкте қояр шақ келгендей. Күтейік. Ал біздің газетіміз бұл Кемертоған мәселесін үнемі назарда ұстайтынын тағы да қадап айтамыз. Ең бастысы әділеттілік салтанат құруы тиіс.
№17 квартал тұрғындарынан тағы да маза кетті. Жиналыстан соң келесі күндері қайта-қайта электр шамын сөндіріп, Баян Калелова ханым халықты мазақтап, қорлағандай болды. Егер заңды түрде құжат жасалынса, квартал тұрғындары төлемді толықтай төлеуге қарсы еместігін айтты.
ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
Әкімдер, халықпен жиі кездесіп, мәселені шешіңіздер!
Президентіміздің енгізген «Естуші мемлекет» принципі күнделікті, әр жағдайда, тіпті әр сәтте орындалуы тиіс. Бұл қағиданы тұла бойға сіңдіріп алған әр азамат Жаңа Қазақстанның кірпішін қалаушы болмақ. Мінекей, сондай бір сәт өткен сенбіде болды. Сол үшін әріптестерім Қасқарауов Данияр мен Базарбек Бақытжанмен Алматы облысына келіп кеттік.
Мұндағы Қарасай ауданы Ескі жүйенің қазығына шынжырмен байланған аймақ екені белгілі. Өзінің өсіп-өнген ортасын жеке Ордасына айналдырып алған топтың жандайшаптары отыз жыл бойы ойына келгенін істеді. Шаруашылықтардың жерін жекешелендіріп, заңды көлденең баса құжатын рәсімдеп алып, аңғал халыққа соларды сатып, жеке қалталарын томпайтты. Соның зардабын шегіп жатқан – Іргелі ауылдық округының тұрғындары.
Алақандай жерде 160 трансформатор орнатып, жарық сатып, қараптан-қарап байып отырғандар бар. Олар барда Жаңа Қазақстанды армандаған адамдарға тыныш өмір жоқ. Демек қол ұшын беруіміз керек.
Абырой болғанда, әкімдік тарапынан қолдау бар. Алматы облысының да, Қарасай ауданының басшылығы да қолынан келгенін жасап, тырысып бағуда. Орталық органдардың да (министрліктердің) жергілікті өкілдері қол ұшын беруге әзір.
Өзгеріс бір күнде бола қоймайтыны анық. Оның үстіне мемлекеттік органдар құқықтық принциптерді ұстануға міндетті. Алдыңғы басшылардың қисық жолмен жасаған дүниесін қисық шешіммен қиратпайды ғой? Барлық проблеманың Заңды шешімі бар. Құқықтық мемлекет болуымыз керек. Тек сәл сабыр қажет.
Жаз бойы жиып-терген проблемалар әкімдіктің жоспарына түсті. Солар біртіндеп орындалып жатыр. Мысалы, елді мекен аймағына кірмей қалған жерлер Бас жоспарға салынды. Жарықты жақын арада Үкімет өзі жүргізеді. Жекелердің дандайсуы тоқтайды. Құжаттары дайындалып жатыр. Мектеп те бой көтеріп жатыр. Әкімдіктің уәдесі – 1-2 жылда барлығы шешіледі.
Әрине, мәселелер көп. Осы күнге дейін ескі жүйеге әбден ренжіген халықтың тамағына тығылған өксік әлі де кетер емес. Бірақ, өмір жалғасады. Өзгеріс үдерісі жүріп жатыр. Осыны сезіне білу маңызды!
Кеше сұрақтардың ең өзектілерін кеңінен талқыладық. Әкімдік пен меморгандар жоспарларымен бөлісті. Осының барлығына мұрындық болып жүрміз. Берілген уәделерді бақылайтын боламыз. Депутат ретінде Заңдарға тиісті өзгерістерді де дайындайтын боламыз.
Ауыл белсенділеріне (тұрғындарына) рақмет. Өзінің ғана емес, өзгенің де проблемасы үшін уақыт бөліп, тегін жұмыс істеп, жүйкесін тоздыру әркімнің қолынан келе бермейді. Сол үшін ол азаматтарға алғыс айтуымыз керек. Жүз жасаңыздар!
Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен аудан әкіміне де алғыс білдіремін. Рақмет! Бірақ кеңесім бар – мәселе шешілмесе ұялып, «адамдарға не айтамыз?» деп отырудың керегі жоқ!!! Халықпен жиі кездесіп, мәселенің шешілу барысын жиірек жеткізіп тұрыңыздар. Шешілмей жатса, шешілмей жатыр деңіздер. Шешілуі ұзақ болса, оның да мерзімін айтып, бөлісіп отырыңыздар. Халық та түсінеді, барынша ашық болсаңыздар. Әкімдікке заң жағынан көмек керек болса, әкімдік ретінде ғана емес, сайлаушы ретінде бізден талап етіңіздер. Депутаттық функциямызды орындауға әрқашан дайынбыз.
Естуші мемлекет жасасын! Бірлік пен берекеміз жоғалмасын бастысы.
«Ауыл» партиясы әрдайым сіздермен бірге, ардақты Қарасай халқы!