ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарапхана ауыл округі Майлыошақ елді мекенінде орналасқан «Асыл бастау KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «AQUA THE BEST» ауыз су өндірісін кеңейту жұмыстарымен танысты. Бұл кәсіпкерлік нысан 2020 жылы құрылып, бүгінде «AQUA THE BEST» ауыз су дайын өнім түрін өндіреді.
Су шығару цехының жер көлемі – 2 гектар, жылына 1500 тонна су өндіре алады. Жалпы жұмысшылар саны 15 адам болса, орташа айлық жалақысы 130 000 теңгені құрайды.
Түркістан облысының әкімі кәсіпкердің қадамына оң баға беріп, тұрғындардың сұранысына сай жұмыс атқару керек екеніне тоқталды.
Серіктестік басшылығы кәсіпкерлік саласында кездескен қиындықтарын, тауарлы сүт фермасынын осыдан 4 жыл бұрын уақытша жабуға тура келгенін айтты. Майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май өндіретін зауыт жұмысын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыс басшысы жауаптыларға мемлекеттік қолдау тетігін қарастыруды тапсырды.
Іссапар соңында Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, жұмыс орындарын көбейту жөнінде тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар, индикаторлар қатаң бақылауға алынады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі