АРДАГЕРЛЕР — АСЫЛ ҚАЗЫНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын табуда. Аталған акцияның үстіміздегі аптасы «Өнегелі ұрпақ» тақырыбында өтуде.
Аптаның алғашқы күнінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері Суханбаев ауылдық округіне қарасты Жақаш  ауылындағы 109 жастағы Шомаева Райхан әженің ауласын, Ақжар ауылындағы «Ардагерлер» аллеясын тазалады.
30 сәуір күні мемлекеттік қызметшілер арасынан құрылған «Руханият» волонтерлік қозғалысы мүшелері Сарыкемер ауылындағы жалғызілікті апа Людмила Кужелеваның ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
1 мамыр күні ауыл жастарынан құралған еріктілер Құмжота ауылындағы тұрмысы төмен, жалғызбасты ардагер Нағашбек Демиталиевтің үйінде болып ардагерді мерекесімен құттықтап, азық-түлік себетін тапсырды. Сондай-ақ үй аумағына тазалау жұмыстарын жүргізіп, ақсақалдың батасын алды.
Кеше «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында «Жастар ресурстық  орталығы» КММ-і қызметкерлері мен №3 Байзақ колледжінің ерікті жастары Сарыкемер ауылы, А.Суханбаев көшесі, №10 үйде тұратын жалғызілікті Галина Андрееваның үйінің аумағын тазалап, ретке келтірді.
Жастардың мақсаты-Мемлекет басшысының бастамасына қолдау көрсете отырып, өзге де тұрғындарды тазалық акциясына шақыру, қарттарға қамқорлық, құрмет көрсету.
-Мен осындай мейірімді жастардың барына қуанып тұрмын. Бүгін жастар үйге келіп, жағдайыммен танысты. Үй шаруасына, аулам мен бақшамды тазалап берді. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді қарт ана.
3 мамыр. Алдын-ала дайындалған кестеге сәйкес бүгін Қызыл жұлдыз ауылдық округі әкімшілігі қызметкерлері ауылдағы жалғызбасты ардагер Нұрбаев Тұрсынхан ата үйінің ауласын тазалау жұмысы жоспарланған. Әкімдік қызметкерлері ардагерді  мерекемен құттықтап, азық-түлік себетін тапсыратын болады.
4 мамыр. Апталықтың соңғы күні Аймантөбе ауылының тұрғындары Ботағөз Мамыраймова мен еңбек ардагері Сейдалиев Үшкемпір атаның үйлері аумағына тазалық жүргізіп, ардагерлерге азық-түлік себетін тапсыру жоспарланып отыр.
Міне осылайша еліміз бойынша тазалыққа арналып, бес аптаға созылған тазалық акциясының төртінші аптасы да аяқталады. Бұл аптада мекеме қызметкерлерімен бірге жастар, еріктілер өнегелі іс көрсетті. Міне мұндай ардагерлерге деген қамқорлық, көмек алдағы уақыттарда да жалғасын таба беретін болады.
Келесі “Мөлдір бұлақ” атауымен аталатын аптада акция қорытындыланып, аты айтып тұрғандай өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылатын болады. Бұл аптада да ұйымшылдық танытып, өзіміздің өзендеріміз бен  көлдерімізді тазалап алайық.Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ