«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100-ДЕН АСТАМ БҰЛАҚ КӨЗДЕРІ ТАЗАЛАНДЫ
«Су анасы – бұлақ» дейді дана халқымыз. Өзендердің өзі бастауын бұлақтан алады. Бұлақ көрсең – көзін ашудың өзектілігі де осында.
Сауапты шара барысында елді мекен маңдарындағы 100-ден аса бұлақ көздері аудан және ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері және арнайы техника күшімен тазаланды. Дәл осындай игі шара Кемербастау ауылының үстіндегі аудан орталығын ауыз сумен қамтып отырған бұлақ басында да жүргізілді. Ол жерде «Тұраркент-су» мекемесі және жергілікті әкімдік қызметкерлері сенбілік ұйымдастырып, бастау айналасын тазалады.
Айта кетерлік, жалпы аудан аумағында 200-ге жуық бұлақ көзі бар. Аймақтағы 59 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған болса, соның 46-сы бұлақ көздерінен су алады. Қалғаны ұнғыма арқылы қамтылған.
Игі шара бұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі