ТҮРКІСТАН: ӘУЕЖАЙДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПОШТА АЛМАСУ ОРНЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы, оның ішінде Түркістан қаласы тек еліміз емес, әлем таныған аймақтар қатарына жатады. Сондықтан логистикалық HUB-тарды орналастыруға да қолайлы. Мысалы, өткен жылы Қазақстан арқылы 8 миллион сәлемдеме өткізілсе, биыл соның 2 миллионы осы өңір арқылы өтеді. Бүгін Түркістан халықаралық әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Түркістан әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Бұл жүк тасымалдау көлемін, салық және кеден түсімдерін молайтуға, бизнестің дамуына себеп болады. Шет елдерден тікелей тауарларды Түркістан қаласына жеткізуге мүмкіндік туады. Өздеріңізге мәлім, күні кеше «Turkish Cargo» авиакомпаниясы Түркістанға алғашкы жүк әуе рейсін орындады. Алдағы уақытта, аптасына 2 рейсті тұрақты түрде орындауды жоспарлауда. Одан бөлек, «Alpha Sky», «Wizz Cargo» және басқа да компанияларды тарту есебінен жүк тасымал көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар Түркістан облысының экономикасының дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз және әуежайдың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз мемлекетімізді үлкен транзиттік HUB-қа айналдыруымыз керек. Бүкіл Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға баратын жүкті толық біздің аймақ арқылы өткізу мүмкіндігі бар. Үлкен бәсекелестік ортада жүрміз. Сондықтан бүгінгі оқиға жетістіктердің бірі деуге болады. Қытайдың “Cainiao” атты логистикалық компаниясымен өткен аптада меморандумға қол қойдық. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап Қазақстаннан 9 мемлекетке жөнелтілімдер орындалады. Осылайша, біз Түркістанды транизиттік логистикалық HUB-тың біріне айналдырамыз. Барлығыңызға табыс тілеймін, – деді басқарма төрағасы.
Жиын барысында «Alpha Sky» ЖШС директоры Гүлжан Жәнібекова бүгінгі бастаманың ерекше оқиға екенін айтты. Сондай-ақ «Гонконг – Түркістан» жаңа бағыты іске қосылғанын, оған арнайы сыйымдылығы жоғары ұшақ қарастырылып жатқанын жеткізді.
Салтанатты шараға «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ басқарушы директоры Ильяс Нугуманов, «Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Берік Кенжебаев, «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Азат Ильясов, сонымен қатар тиісті департамент және басқарма басшылары қатысты.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы бола отырып, халықаралық пошта байланысы қызметтерін ұсыну жөніндегі өз қызметін жүзеге асырады. Қытай, Түркия, Гонконг, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және Еуропа елдерінен тағайындалған операторлармен көпжылдық ынтымақтастығымызды пайдаланып, Түркістан халықаралық пошта алмасу орны арқылы пошта жөнелтілімдерінің қосымша транзиттік логистикасын қамтамасыз ету жоспарлануда. YTO Express Group-пен кездесу барысында Қазпошта мен Қытайдың ірі логистикалық операторларының басшылары электрондық коммерция, көлік және логистика саларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Осы мүмкіндікке Президент Қасым-Жомарт Токаевтың былтырғы Қытайға сапары кезінде қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында жетіп отыр.
Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылмақ. Cainiao Group-пен кездесу барысындағы негізгі мақсат – логистика саласында берік серіктестік қарым-қатынасын орнату. Бұл екі компанияға да әлемдік нарықтағы ықпалын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Cainiao Smart Logistics Network Limited – қытайлық логистикалық компания. Ол 2013 жылы 9 компанияның, соның ішінде интернет алыбы Alibaba Group-пен бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған.
Осы жоба аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Alpha Sky отандық логистикалық компаниясы арасында мен халықаралық транзиттік пошта және жүк жөнелтілімдерін тасымалдау туралы меморандумға қол қойылды. Оған Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Осы арқылы аптасына 60 тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік бар. Түркістан облысының 2 миллионнан астам халқына сапалы қызмет көрсетілді. Тұтынушылар «Keruen.post.kz» платформасы арқылы халықаралық интернет-дүкендер мен өндірушілерден төмен бағамен жеткізілім алу мүмкіндігіне ие.
Айта кетейік, Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық (Ыстамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Рейстерді Turkish Airlines, Jazeera Airways, Wizz Air Abu Dhabi, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air авиакомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетуде. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны немесе жылына 3 миллион жолаушыны құрайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі