Көп тыңда. Аз сөйле
Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын.
• Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал.
• Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс.
• Таспен атқанды аспен ат — жеңесің. Содан кейін алшақ жүр.
• Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады.
• Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын.
• Өзіңді сыйла, Өзгелер сыйласын.
• Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тəрбиелей бер.
• Үйретері мол мықтылардан ұстаздарың болсын. Бірақ, ешкімді пір тұтпа!
• Сыйлағанның құлы бол. Кішірею төмендеу емес.
• Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.
• Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді.
• Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.
• Жүйкең əлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сəттерге бапта.
• Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. Тәуекел түбі — жел қайық, жүзесің де өтесің. Уайым түбі — тұңғиық, батасың да кетесің.
• Сырыңды ешкімге алдыртпа. Екі елі аузыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды.
• Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр!
• Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме!
• Пенденің пендеден айырмашылығы адамгершілігі мен білімінде. Таны, оқы!
• Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол.
• Өміріңнің сапасына тек сен жауаптысың!
• Ұрпақ тəрбиесі елу пайыз сенің мойныңда. Ұлың өзіңнен озатын болсын. Қызың саған қарап серігін тауып, бақытты болсын.
• Кім қанша төмен түссе де, сен өз биігіңде қал!…………….
(с) Бауыржан Момышұлы