ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Қай дәуірде болмасын, Отан қорғау әр Қазақстан азаматының қасиетті борышы саналған.
1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойылды.
Биыл Қарулы күштеріміздің құрылғанына 32 жыл толды.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Тудың енгізіліп, Әнұранның шырқалуымен басталды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
«Отанды қорғау — қашанда қасиетті де қастерлі ұғым болған. Отан қорғаушылар күні Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтайтын күн. Бұл мереке батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі. Біз туған жерімізді ерлікпен қорғаған және қорғайтын азаматтарымызға, әскери борышын өтеушілерге әрқашан құрметпен қараймыз. Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын»,—деген аудан басшысы ауданымыздағы құқық қорғау, қорғаныс, күштік құрылымдарда еңбек етіп жүрген азаматтарды, сала ардагерлерін және алғашқы әскери дайындық жетекшілерін «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.
Бұдан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков жиналғандары мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарға аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Аудандық мәдениет үйінің әншілері театрландырылған қойылыммен қатар, патриоттық әндер шырқап, билер билеп, көрермендерге тамаша мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі