Отбасы мықты болса, Отанымыз берік болмақ
Әр отбасы мемлекеттің бір кірпіші, әр отбасы берік болса, мемлекет мығым болмақ.
Сөзсіз, әр отбасының артында ұлттың тағдыры, мемлекеттің келешегі тұр.
“Ауруын жасырған өледі” дейді халқымыз. Отау көтеріп жатқан жастарға “шаңырағың биік, босағаларың берік болсын” деп жатамыз, бірақ сол құрылған жас отаулардың жылға жетпей ажырасып жатқаны қаншама?!
Өкініштісі, бүгінде отбасы интституты құлдыраған заман болды, ажырасудан алдамыз.
Өскелең ұрпаққа ұлтымыздың ұлағатты тәрбиесін бере алмай отырғанын көріп отырмыз.
Осы күнге дейін бәрімен “күрестік”. Бірақ сол күресте жеңімпаз болмадық. Керісінше проблема жылдан-жылға ушығып барады.
Отбасылардың ойран болуы қоғамға да, мемлекетке де опа бермейді.
Иа, ажырасудың неше түрлі себебі болады. Материалдық қиындықтар, мінездің жараспауы…
Дегенмен, мойындауымыз керек, мәселенің түп-төркіні ұлттық тәрбиенің жоғалып бара жатқанында жатыр.
“Болары болып, бояуы сіңгенмен” күресуді қойып, алдын алу, ұрпақ бойына өнегелі тәрбиені, ұлттық құндылықтарды сіңіруді қолға алуымыз керек.
Кейбір өркениетті елдерде тәрбие жоғары деңгейде қолға алынып, “Отбасы министрліктері, Бақыт министрліктері” деген құзырлы мекемелер болады екен.
Бізде де ұлт тәрбиесіне, ұрпақ болашағына жоғары деңгейде қолға алатын кез жетті.
Қолында күші жоқ, небір кеңес, комиссиялар емес, “Тәрбие және отбасы” құзырлы мекемесі құрылса, ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін біртұтас ұлттық идея болса, отбасылық құндылықтар, ұлттық құндылықтар жоғары деңгейде дәріптелсе, ұрпақ тәрбиесі дұрысталса, бүгінде қоғамда боп жатқан көп мәселенің шешімі табылар еді.
Әр отбасы бала өсіріп отыр. Ол бала қоғамның мүшесі, мемлекеттің азаматы, еліміздің болашағы.
Ал мемлекеттің басты құндылығы -адам. Сол адамды адам етіп тәрбиелеу -әр мемлекеттің міндеті.
Болашағымыз жарқын, қоғамымыз әділ болсын десек, бесігінен адал азаматтар тәрбиелеуіміз керек.
Бүгін ұрпақ тәрбиесін қолға алсақ, күні ертең баласын тастап, алимент төлемей қашып жүретін ер-азаматтар мен “жаңа өмір бастау үшін ажырастым, ештеңе етпейді, ажырасқан қатын өлмейді” деген әйелдер азаяды. Ал ең бастысы әке-шешесінің көзі тірісінде жетімдік көретін, жарым көңіл балалар болмайды.
Жастарға “Үйлену оңай, үй болу” қиын, отбасын құруға асқан жауапкершілікпен келу және ата-ана болу жағын үйретуіміз керек.
Үйлену, үй болу, бұл -әдемі көйлек, керемет той, сыйлықтар ғана емес, бұл -сыйластық, құрмет, әкелік, аналық міндеттер, ұрпақ өрбіту, ұлттың өсуіне үлес қосу, болашақ ел азаматтарын тәрбиелеу, бала алдындағы, ұлт алдындағы жауапкершілік барын ұқтыру.
Ұлттық болашағы әр отбасының қолында екенін, әр отбасы ұрпақ тәрбиесі үшін жауапты екенін ұмытпалық!
“Ұл тәрбиесі -рух тәрбиесі, қыз тәрбиесі -ұлт тәрбиесі” деген ата-бабалар сөзі әр қазақтың жүрегінен орын алса, ұрпағымыз ұлағатты болмақ!
Отбасы мықты болса, Отанымыз берік болмақ.
Отбасы күні құтты болсын!