КІШІ ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ
Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, оны болдырмау, салауатты өмір салтын қалыптастыру күн тәртібінен түскен емес.
Бүгінгі аудан әкімдігі және аудандық прокуратураның бірлесе ұйымдастыруымен 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және оларды болдырмау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында кіші футболдан аудандық жарыс өтті.
Турнирдің ашылуында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Елдің ертеңі болатын жас ұрпақтың дені сау, санасы сергек әрі рухы мықты болу керектігіне, сондықтан бұл турнирдің аудан спорттын насихаттауда, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда, үздік жас спортшыларды анықтауда ықпалы зор екендігіне тоқталды.
Бұдан кейін Сарысу ауданының прокуроры Думан Алдабергенов сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Жаңатас қаласы және ауылдық округтерден 8 команда қатысып, бақ сынады.
Тартысты өткен турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды.