Демография «деміге» бастады
Ұлттық статистика бюросы жария еткен мәлімет елімізде демографиялық күйзеліс басталғанын аңғартты және бұл проблема жыл өткен сайын ушыға түскен. Қазақ елі демографиялық тығырықтан қалай құтыла алады?
2023 жылы бала туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 19,52 баланы құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,57 болған. Мұнда да төмендеу байқалады. Туудың ең жоғары деңгейі тек Маңғыстау (1 000 тұрғынға 26,74 бала), Түркістан облысында (26,18) және Шымкентте (25,70) тіркелді.
Қазақстандық әйелдер бүгінде кеш бала көтереді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 20 жасқа дейінгі қыз-келіншектер былтыр 12,6 мың бала ғана босанған. Нәтижесінде, бүгінде қазақ демографиясының ұстыны – «ордабұзар отыздағылардың» құрбы-құрдастары: ананың орташа жасы 2023 жылы 29,7 жасты құрады.
Демографиялық жағдайдың биыл да оңалатын түрі жоқ. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда былтырғы 19,52 баладан 2024 жылғы қаңтар-наурызда 18,33 балаға дейін кеміді. Халықтың табиғи өсімі 1 мың адамға шаққанда былтырғы бірінші тоқсандағы 12,41 адамнан биылғы бірінші тоқсанда 11,66 адамға дейін күрт азайды. Елдегі өлім-жітім керісінше, 1 мың адамға шаққанда былтырғы 6,65 адамнан 2024 жылғы үш айда 6,67 адамға дейін ұлғайды.
Ұлттық статбюро Қазақстан тұрғындарының саны 20 миллионға жеткенін 2023 жылғы 14 қарашада жариялаған болатын. Содан бері 5 айдай уақыт өтсе де, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халық саны 20 095 963 адамды құрап отыр. Өсім сонша көп емес. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 513 014, ауылдықтар – 7 582 949 адам.
Биылғы 3 айда қазақстандықтардың қатары 62 121 адамға ғана артты. Оның үлкен бөлігі – бұрынғы жылдары қазақ еліне қоныс аударып, биыл Қазақстан азаматтығына қол жеткізген шетелдіктер. 2024 жылғы қантар-наурызда елге тағы 7 471 шетелдік, негізінен ресейліктер көшіп келді.
Ресми статистика бойынша 2024 жылдың алғашқы үш айында 91,9 мың сәби дүниеге келді. Өкінішке қарай, осы мерзімде 33,4 мың адам (балалар және ересектер) қайтыс болған. Сонда халықтың табиғи өсімі – 58,4 мың адамды құрады. Туудың ең жоғары деңгейі сол бойы тек Маңғыстау (1 000 тұрғынға 25,10 адам), Түркістан (24,71) облыстарында және Шымкентте (23,57). Осы үш өңір – қазақ демографиясының үштаға-ны болып қалды.
Әзірге күйзеліс жоқ, көрінісі бар
Демограф маман Зүлфия Елеуханова Қазақстанның демографиялық дағдарысқа ұшырамағанын айтады.
«Демографиялық кризиске халық санының күрт азаюы да, сондай-ақ белгілі бір аумақта шектен тыс көп шоғырлануы да жатады. Журналистерді қызықтыратыны, қорқытатыны – біріншісі болса керек. Бала туу көрсеткіші халықтың табиғи өсімі деңгейінен де, өлім-жітім деңгейінен де төмен түсіп кетсе, демографиялық дағдарыс туралы дабыл қаға бастауға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, өлгендер саны туғандар санынан асып кетсе, жаман. Бірақ ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда табиғи өсімнің жалпы коэффициенті биыл 11,66 адамды, өлім-жітімнің жалпы коэффициенті – 6,6 адамды құрады. Бұл ретте туудың жалпы коэффициенті 18,33 адамды құрап отыр. Демек, алдыңғы екі коэффициенттен төмен түскен жоқ», – деді сарапшы.
Қайталай кетейік, Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы үш айында 91,9 мың мың сәби дүниеге келсе, 33,4 мың қазақстандық дүние салды.
Бірақ сарапшының тұжырымдауынша, Қазақстанда кейінгі жылдары демографиялық дамудың теріс тенденциялары байқалады, мемлекеттің міндеті – әлемдік озық тәжірибелер негізінде теріс трендті түзету, проблемаларды еңсеру.
Демограф маман бір мәселеге назар аудартты: кейінгі жылдары некелесушілер саны азайды. Бұл да демографияға нұқсан келтіретін фактор. Процесті динамикада бақылаған орынды: АХАТ органдарының дерегінше, 2023 жылы АХАТ органдары 120,8 мың некені ғана тіркеді, неке саны 2022 жылмен салыстырғанда бірден 5,9% азайып кетті.
Некелесудің жалпы коэффициенті республика бойынша енді 6,07 ғана (1 000 адамға шаққанда). Өңірлер арасында жалғыз Астаналықтар көп некелескен: кэффициенті 7,46. Қалғандарында төмен. Тұрғындары үйленуден қашатын аутсайдер – Түркістан облысы:
1 000 адамға 5,55 әзер жетті. Ажырасу саны 2022 жылмен салыстырғанда, 2023 жылы 9,6%-ға азайып, 40,2 мыңды құрады. Былтыр 1 000 некеге 333 ажырасудан келген (2022 жылы – 347).
Демографтың айтуынша, демографиялық жағдайды оңалту үшін мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кезінде осы саладағы ахуалға тікелей немесе жанама әсер ететін көптеген жапсарлас, ілеспе факторды ескеру қажет. Мысалы, биыл көп өңірді су басып, мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Оларды тұрғын үймен қамту мәселесі күз бен қысқа қалдырылмай, барынша тез шешілуге тиіс. Өйткені жетімбұрыш жағалаған адамдар бала тууды кейінге қалдырады. Ар жағында басқа кедергілер туындап, тосқауыл болуы мүмкін.
Мемлекет үшін басымдықты, басты міндеттердің бірі – өлім-жітімді төмендету. Медициналық сақтандыру жүйесіндегі былықтар бұған мүмкіндік бермей тұр. Ол жақта да Үкімет тәртіп орнатып, қордаланып, ушыққан проблемаларды шешкені жөн.
Өңірлерде перзентханалар тапшы, бұл мәселені Мемлекет басшысының өзі көтерді. Әкімдер перинаталдық орталықтарды салу ісінде шабандық тарытып отыр. Демографияны жақсартуға экологиялық мәселелерді шешу, көші-қонды ретке келтіру, атамекенге оралған қандастардың легін арттырып, жайластыру және басқасы септеседі.
Көршіден үйренеріміз бар
Айтпақшы, қазіргі жастар мектеп бітіре сала, үйлі-баранды болуға асықпайды, негізінен, кеш үйленеді, алдымен жоғарғы білім алуға, мамандық игеруге, жақсы жұмыс табуға мән береді. Нәтижесінде, алғаш некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер үшін 27,8 жас, әйелдер үшін 25,2 жас болды. Тіркелген некелердің 82,3%-ы – моноэтникалық, яғни бір ұлт арасындағы жұптардың отасуы. Тек 17,7%-ы – этносаралық жұптар.
11 баланың анасы, Мәжіліс депутаты Гауһар Танашеваның айтуынша, елде демографиялық саясат туралы не заң, не тұжырымдама жоқ.
– Ал демографиялық проблема бар. 32 жыл ішінде қазақстандықтардың басы небәрі 4 миллионға ғана өсті, салыстырсақ, көршілес Өзбекстанда осы кезеңде халық саны бірден 15 миллионға артты. Халқымыздың саны аз, жеріміздегі халықтың тығыздығы төмен, әлем бойынша 184 орындамыз: территориямыздың 100 гектарына 7 адамнан ғана келеді. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Демографиялық мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуімен, екіншіден көші-қонның жоғарылауымен. Табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдап, дүниеге келген әрбір балаға Үкімет тарапынан жағдай жасалуы керек, – деді Гауһар Шаймерденқызы.
2024 жылдың 20 ақпанында Сенат тұтас Үкімет сағатын «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбына арнаған болатын. Оның қорытындысында сенаторлар Үкіметке «Демография мәселелері бойынша бөлек мемлекеттік орган құру мүмкіндігін қарастыру» туралы ұсыныспен шықты. Бұл бастаманы Мәжіліс те қолдайды: олар ұқсас ұсынысты 5 жыл бұрын жолдаған. Сол кездегі Үкіметтен қолдау таппады.
Бүгінде елімізде отбасы саясаты мәселелерімен айналысатын жалғыз ғана мемлекеттік орган бар, бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитеті. Отбасылық саясат басқармасында тек 4 адам жұмыс істейді, ал өңірлерде комитет өкілдері мүлдем жоқ.
Бұл тұрғыда ізгі тәжірибе іргедегі өзбек ағайында бар: демографиялық өсімнің оң динамикасын сақтау, ана мен баланы қорғау, демографиялық саясатты ілгерілету және басқа да мәселелермен Өзбекстанда Отбасы және қыз-келіншектер комитеті (Oila va xotin-qizlar qo’mitasi) айналысады.
Қазақстанда ұқсас комитет ашылса, депутаттардың пікірінше, ол аталған салада мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін, отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ететін негізгі орган болар еді.
«Қойшысы» көп сала
Депутаттарға жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов демография үшін жеке мемлекеттік орган құрудан бас тартатындарын хабарлады. Премьердің түсіндіруінше, Қазақстанда демографиялық даму саласындағы мемлекеттік саясат – функционалдық бағыттарына сәйкес түрлі орталық мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілген, жіктеліп жүктелген. Мысалы, Еңбек министрлігі «өңірлердің демографиялық ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттырумен» айналысады. Халықтың саны, құрылымы, көші-қон процестері негізінде кадрларға сұраныстың болжамын айқындайды. Денсаулық сақтау министрлігі – туу динамикасы, табиғи өсім және басқа көрсеткіш негізінде медициналық инфрақұрылымды қалыптастырады, «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырады.
Оқу-ағарту министрлігі – бала туу көрсеткіштері мен балалар санын басшылыққа алып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы сапалы білім беру үшін жағдай жасайды. Ұлттық экономика министрлігі ауылдық және қалалық аумақтардың өңірлік даму мәселелерін үйлестіреді. Ұлттық статистика бюросының құзыретіне демография саласының статистикасын жүргізу кіреді.
– Осылайша, мемлекеттік органдар өзінің салалық бағыты бойынша әкімшілік, экономикалық және басқа да іс-шараларды жүзеге асырып, демографиялық саясаттың тұтас жүйесін қалыптастырады. Бұл тәсіл осы саладағы нақты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Осы жүйеден бөліп алып, экономика саласына байланыстырмай, жеке ведомство ашу – өз қызметі үшін негізі жоқ институтты құруға соқтырады. Ол нақты тұтынушысы мен түпкілікті нәтижелері жоқ салалық құжаттарды әзірлеумен айналысуы мүмкін, – деп дәйектеді Олжас Бектенов.
Демографтар дабыл қағуын жалғастырды: Қазақстан – халқы аз қоныстанған ел болып қалды, 1 шаршы шақырымға небәрі 5-6 адамнан келеді. Салдарынан, республикаға сол бұрынғыдай депопуляция қаупі төніп тұр. Оған жол бермеу үшін Үкімет іс-қимылдың үш бағытын тең қамтығаны маңызды: біріншіден, бала туу көрсеткішінің артуына жағдай жасауы керек. Екіншіден, өлім-жітімді азайтса, құба-құп. Үшіншісі – көші-қон ағынын арттыру, соның ішінде ата-жұртқа оралатын шетелдік қандастардың кейінгі кезде сұйылып кеткен көшін ұлғайту болмақ.
Елдос СЕНБАЙ,