Қазақтың өр ақыны Сабыр Адайдың «Уыз ана» кітабы хақында толғамды ой

Жалау – елдің, ұлттың, қоғамның намысы. Шын жалаугер – жетелі ерлеріміз, көшелі даналарымыз. «Ер ерлігін жасаса, ел елдігін жасайды». Сын сағатта, ұлт һәм тілдің болу-болмауы таразы басына қойылғанда, ерлік көрсеткен ер – Жалау Мыңбайұлы. Алаш (ұлт жаны деп түйіңіз) пен большевизм яки бәлшебектік орашолақтық майдандасқан ХХ ғасырдың 20-жылдары намыс жалауын көтеріп шыққан аз қайраткердің бірегейі – үлкен әріпті осы Жалау-тын.

Әйтпесе, заманында жазудың шешені атанған Міржақып Дулатұлы бұл тұлғаға: «Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Сен нағыз қазақтың бел баласы едің. Сен адырайған адай едің. Мұңымды мен жалғыз-ақ саған шағамын. Өзге комиссиялардың көбіне сенбеймін. Олардан да жақсылық көріп жүргенім жоқ. Газетке арнаған сөздерін сусылдатып орысша жазады да, шала-шарпы тілмаштарына аудартып, жанымды шығара жаздайды» деп, бекер шағына ма?..

Бұл кезде «ақсақал» деп отырған Ж.Мыңбайұлы бар болғаны 34-те екен. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» деген осы да.

Жоғарыдағы хаттың жазылғанына – 95 жыл, Жалаудың жаппай репрессиядан бұрын большевизм әзірейілдерінен қапияда жазым болғанына 92 жыл өтсе де, ұлт жаны – тіл мәселесі аса өзекті екенін әлем біліп болды.

Бірақ біз өмірге сарыуайымға салынбау үшін келгенімізді Алаш мұрасы мен мұраты қайта-қайта дәлелдейді. Бізге Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен бірге Жалау мен Смағұлдар керек! Олардың есімі – даңғылда, ескерткіші – тұғырда, сөзі – маңдайда, еңбегі – мектеп пен кітапханада жарқырап тұруы ләзім. Бұл – ұрпақ борышы. Ж.Мыңбайұлы көшесі мен ескерткіші тек Ақтауда ғана болуы Қазақстанның төрт тарапына да ұят!..

Осы оймен жүргенімізде, білгесаяр (түрікше компьютер) әп-сәтте қолымызға қоғам қайраткері, танымал ақын Сабыр Адайдың «Уыз ана» ана кітабын жеткізіп, бір рухани байлыққа кенелдік те қалдық.

Қоғам – құйын, дәуір – құйын, заң – құйын,

Көп шаршадық кеште кеңес, таң жиын.

Ұлт санасын жау жетектеп барады,

Қайда барып, қай дұшпанды аңдиын…

Бұл – ақынның аузымен айтылған халық сөзі. Немесе намысты шайыр ұлттың қара қатепті күшін меңзеп:

Сіңірімнің ішінде, үзілмеген бір тін бар.

Борша-борша жон арқам, жүрегімде кілтім бар. Салт-санамның тірегі, қайсың жақын, кім алыс,

Бір қара нар қайысып, жол ортада іркілді ал, – деп тұжырымдайды. Таусылып егілмейді, ұлтының һәм намысты замандастарының жанына қанат байлайды.

Сабыр Адайдың «Уыз ана» кітабы өлеңмен басталып, өмірмен өріліп, ұлттың мына жалғанда болу-болмайтынымен түйінделген екен. Жалаулар жанын шүберекке түйіп жоқтаған ұлт тілі, ақын айқындаған «ұлт уызы» қалпына (қалып – жүрек) қашан және қалай келері Аллаға ғана аян боп тұр ғой. С.Адай осыны асылға асылды, нәсілге нәсілді тартқызып, тереңінен толғапты. Жаратқан қолдап, Жалау бабамыздың аруағы жебеп, Алаштың арманын, бүгінгі аңыраған қазақтың көкейіндегіні жеткізіпті.

Мынау бірер түн немесе айлы аптаның жемісі емес, жүректе шемен болып қатқан ғасырдың, бәлкім Жалау бабамыз 1929 жылы өзімен бақиға әкете алмаған қазақ тіршілігінің шері ғой. Рахмет, ұлттың Сабыр ақыны! Алла разы болсын! Алашты зерттеп жүрген азаматтардың ризашылығын жеткіземіз.

Бірде ыстық, бірде өмір – қара мұз,

Алас-алас, ала бұлттар, тараңыз.

Өз жарасын бөрі жалап жазады,

Жүмілә жұрт, суымасын арамыз, – деген ақын лепесі діттегенімізге дөп тиді. Мына «Уыз ана» – діл, қалып, рух жарасын жалап жазатындай дүние екен.

Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірі – осы замандағы Сабыр өлеңдері. Мұны Жалау Мыңбайұлы тұлғасына келудің «құлақ күйі» десек те болады. Екіншісі – үш бөлімнен тұратын Жалау туралы пәлсапалық-рәмізді драма. Пьеса – өткен, бүгін, болашақ арасын таразылаған замана толғауы, халықтың зары мен мұңы, арманы мен аңсары. Уыз ана – ұлт тілі, қазақ тілі бейнесінде, Қазақ қызы – жас қазақ бейнесінде, Жалау рухы – Алаштың намысы, қайраткерлердің мұрасы, зиялылардың аманаты бейнесінде, Жас алаш – болашақ бейнесінде сомдалған. Мұның сыртында елді аздырмақ Шайтан, тоздырмақ Күндікші, жасырын Түлкілер, қобыз сарынды Боздақтар, тарихты толғаған Қазақ көші, жанашыр Сыртқы дауыс, заманымыздың неше түрлі кесапаттары (жемқор, мәңгүрт, жалтақ т.б.) бейнесі де негізгі идеяны – ұлт мұратының тар жол, тайғақ кешуін аша түседі.

Пьеса прологындағы Уыз ананың: «Жау өкшесімен өзегімнен теуіп тұрып, қара таспен маңдайымды жарды, қолаң шашымды тулақтай таптады, қара көзіме ине тықты, қара бұрымыма қос қара жыланды қосып өрді. Өтімді алып аузыма құйды. Тас емшегін иіткен, тар құрсағын кеңіткен қара жерден басқа тілекшім қалмады…» деген ащы зары туынды эпилогында:

Мұстафа, Мағжан – тілек, Жалау – жалын,

Түркістан, Тұран болып алауладым.

Алашым, «Алашордам» – аппақ таңым,

Мен жеттім жүрегіме сақтап бәрін, – деп тұжырымдалып, өшкеннің жанып, өлгеннің тірілгені мәлім етіледі. Яғни, бұл – Жалаудың (Алаштың деп ұғыңыз) аруағы да ұлтқа баянды өмір тілеп, жақсы күнге деген ниетін желеп-жебейді деген сөз.

Туынды Тәуелсіздіктің 30 жылдығын, сол жолда төгілген сан ғасырлық қан мен терді меңзеп, үмітті нотада аяқталады.

«Болашақ: Тәуелсіздік – біз үшін!.. Тәуелсіз Қазақ елі жасасын! Қазақстан!.. Қазақ!.. Қандастар!.. Түркістан!.. Тұран!.. «Уыз ана – ұлт тілі» деп ұран салып тұрды».

Ақын, қоғам қайраткері Сабыр Адайдың «Уыз ана» пьесасы қазақ әлемі тұтастығының мәнін ашатын рәміздерге (символ) толы. Ол сан салалы, сан қырлы. Рәміз ұлт тағдырын, ел тарихын оқырманға «шайнап бере» салмайды, ойландырады. Оның кілті – тым тереңде. Ол үшін «мың өліп, мың тірілген» қазақтың төрт құбыласын сезінуіңіз керек. Кейде қара сөз, кейде өлең алмасып отырып, өткен мен бүгіннің таным ырғағын аңғартады. Күңіренген қобыз, дүбірлеген ат тұяғы, оқылған дұға, берілген бата, абыздың сөзі, әкенің ақылы, ананың мейірімі, тіпті қайғы мен қуаныш – бәрі ұлт болмысының пернелерін дөп басады. Шығармадағы мистика әлемі, аллегория сипаттары Жаратқан мен жаратылысты танудың ақындық жолын көрсеткендей.

Шүкір, азат Қазақстанда Жалаутану (Ж.Мыңбайұлы мұрасын зерттеп-зерделеу) көштен қалып тұрған жоқ. Қайраткер туралы біршама танымдық еңбектер жазылды. Оның ішінде жазушы Өтен Ахметтің «Елім деп өткен ер Жалау» атты тарихи драмасы да бар.

Рухани Жалаутанудың пәлсапалық-рәміздік бағдарында жыл құсындай болып келген Сабыр Адайдың «Уыз анасын» қалың оқырман жылы қабылдайды деп санаймыз. Оған туындының танымдық, ағартушылық, көркемдік әлеуеті толық жетеді.

Уыз Ана (өлеңдер топтамасы және үш бөлімнен тұратын сахналық қойылым) Сабыр Адай 2021 ж.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі

Халықаралық «Qazaqstan dauiri’ газетінен