ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ 20 ЖЫЛДЫҚ ҚҰРМЕТІНЕ БІР ОТБАСЫНА БАСПАНА СЫЙЛАП, АУЫЛҒА ҚАҚПА САЛЫП БЕРДІ

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылындағы Әлішер Науаи атындағы білім ордасынан 2004 жылы қанат қағып, үлкен өмірге қадам басқанына 20 жыл болған түлектер игі істі қолға алды. Әр тарапта жүрген түлектер көпбалалы отбасына тұрғын үй сыйлады. Тағылымды шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков түлектерге алғысын жеткізіп, баспана иесін қоныс тойымен құттықтады.
– Ауданымызда жақсы дәстүр жалғасып келеді. Бірнеше жылдан бері қалыптасқан түлектердің мұқтаж отбасыға үй сыйлау үрдісі биыл да жалғасын тауып, бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Осындай еселі еңбектерімен елдің құрметіне бөленген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін, –деген аудан басшысы игі іске ұйытқы болған түлектерді алғыс хатпен марапаттады.
Облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев сауапты іс атқарған мектеп түлектеріне алғысын жеткізіп, ізгі тілегін арнады. Түлектерге аудандық мәслихат аппаратының алғыс хаты табысталды. Тағылымды шараның куәсі болған ауыл ардагерлері мен ел ағалары осындай игі шаралардың өрелі жас ұрпақтың бойына изгі қасиеттерді сіңіретінін айтты.
Созақ ауылынан берілген жаңа баспана 5 бөлмелі. Ішкі бөлмелері қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Жер учаскесі – 15 сотық. Арнайы шарбақпен қоршалған. Үйдің аумағына қосалқы шаруашылықты дамыту мен бау-бақша өсіруге мүмкіндік бар.
Созақ ауылындағы Созақ мектеп-гимназиясын бітіргеніне 20 жыл болған түлектер де игі істі қолға алып, туған жерді түлетуге өз үлестерін қосты. Созақ-Шолаққорған бағытындағы жол бойына ауылға көрік берер әсем қақпа тұрғызды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылына арнайы барып, ауылға кіреберіс аумаққа көрік беріп, сәнді де сапалы етіп тұрғызылған сәулетті қақпаның лентасын қиып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Туған жерді түлеткен 20 жылдық түлектерге аудан әкімі мен аудандық мәслихат аппаратының алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, жаңадан тұрғызылған сәулетті қақпаның биіктігі 6,5, ені 13 метрді құрайды. Ауылдың аты жазылған жазу мен қақпа аумағына түнгі жарықшамдар орнатылған. Өткен жылғы түлектер тұрғызған Рәміздер алеясына қарама-қарсы салынған қақпаның сәні мен сәулеті келісіп, ауылдың ажарын аша түскен.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі