ФАМИЛИЯСЫ ЖОҚ ҰЛЫ АДАМ!
Сонау 1941 жылдың аяғы, 1942 жылдың басы.
Дүниежүзілік II қанды майдан шарықтау шегіне жетті. Гитлер Мәскеуді жаулап алуға жалғыз-ақ қадам қалып. Сталинге «байтал түгіл бас қайғы» болып тұрған шақ.
Қазақстанда Орта Азия халықтарынан жасақталған 316 атқыштар дивизиясы (кейіннен атақты 8 гвардия) бақайшығына дейін қаруланған фашистердің қанды шеңгелін болат жүрек, шойын кеуде, жалаң қолмен тойтарды. Мәскеуді жауға бермей, қорғап қалды.
Соғыстағы нағыз батырлардың асқан ерлігі мен атақ-абыройларын бәз біреулердің кездейсоқ иемденуі, орыс шовинистерінің бармақ басты, көз қысты пендешілігі өршіп тұрған кез. Олар үшін соғыстағы әр бір ерліктің ар жағында тек қана орыс фамилиясы тұруы керек болатын. Осынау аса тарихи, арпалысқа толы кезеңде «Мәскеуді кім қорғады? Бұл майданның бас алаңында ойнаған хас батыр кім?» – деген сауалға Кремльдің өзі әбіржу үстінде «Бауыржан Момышұлы»-деп ақиқатты еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Өйткені дәл сол сын сағатта Онымен қатар қоятын ешкімді таба алмады, ондай адам жоқ та еді.
Орталықтан арнайы жіберген жазушы, журналист Александр Бек соғыс өрті ішінде Бауыржан батырға айлап-жылдап еріп жүріп Мәскеуді қорғаған батырлардың жанкешті ерлігі туралы нағыз шынайы шындықты Баукеңнің өз аузымен баяндауымен қағазға түсіріп көп ұзатпай «Волоколомск тас жолы» (Волоколомское шоссе-қазақшасы «Арпалыс» деген атпен басылып шықты) деген атпен кітап етіп жарыққа шығарды.
Жазушы А. Бек Баукең атамызбен алғаш қалай танысқаны туралы осы кітаптың «Фамилиясы жоқ адам» (Человек, у которого нет фамилий) атты
I бөлімде: «Танысқан кезінде ол аты-жөнін айтты. Жөнді есіте алмай, қайта сұрадым.
– Бауыржан Момышұлы – деді ол тәптіштеп. Кәдімгі тілшінің әдеті бойынша дәптерді қолыма алып:
– Ғафу етіңіз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп сұрадым.
– Менің фамилиям жоқ – деді ол. Мен бетіне таңдана қарап едім, ол:
– Атым Бауыржан. Әкем Момыш, мен соның ұлымын, баласымын, түсіндің бе?-деді.
Оның үнінде астарлы бір зіл бардай, кейістіктің лебі жатқандай сезілді. Кейін, әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым».
Осы детальдің соңғы екі сөйлеміне зер салайықшы. «Оның үнінде астарлы бір зіл бардай, кейістіктің лебі жатқандай сезілді»-деген жазушы А. Бектің түйсігіне таң қалмасқа шара жоқ. Өйткені, бұл жерде жазушы батыр атамыздың өзінің ата-тегімен, дәстүрлі қазақи атауын қайдағы бір –ов, -ев –пен былғағысы келмей, өлшемді қалыпқа сыймай, құлдық санаға мойынсұнған айналасындағыларға зілді кейістікпен биіктен қараған өр мінезін тап басқан. Автор осы детальдың келесі сөйлемдерінде: «кейіннен… оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым» – деп ашық жазбай құпия астарлап тастап кеткені, бәлкім!?..
(Иә, бәлкім, бұл жан-жақты түсініктеме жазуға әбден болатын сөйлем.)
Батыр атамыз Оны «Момышев»-деп атап шақырғанда «Момышев дегенді танымаймын. Ал мен Момышұлымын»-деп жоғары атақ, орден-медаль, сый-сияпаттарды да алмай кеткен кездері болған деседі. Неткен өрлік пен ірілік деші. Осындайда, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жүрміз деген біздің өзімізде «сондай Рух бар ма?» деген сауал еріксіз туындайды. Баукең «әскери, әдеби, саяси даналық бір басына түйіскен бірегей тұлға және қазақтың бұрынғы батырларынан өзгеше боп туған дана батыры, дара батыры.» (Иә, ұл болу әркімнің қолынан келеді, ұлы болу кемеңгердің ғана үлесіне тиеді.
Сонау 1970 жылдар ортасы.
Алматыда қазақ мектептер түгелдей жабылып, ауылда тұратын ата-аналар балаларына арналған жалғыз №12 қазақ мектеп-интернаты ғана қалған. Оның өзі жабылуға шақ. Себебі, қазақ тілінің болашағы жоқ деген желеумен бұл мектепке де бала саны толмай жатқан.
Мектепті жапқызбау үшін қазақ ата-аналарға баласын қазақ мектепке беруге үгіттеп жаз бойы үй-үйді жаяу аралап, есік қағып, қол жинаумен әбден қалжыраған Шона ақсақал (қазірде Алматыдағы осы мектепке жазушы, сатирик Шона Смаханұлының аты берілген) орталық паркте Бауыржан Момышұлына кездейсоқ жолығып қалыпты:
– Ассалаумағалейкум, Бауке!
– Уағалейкумассалам! О, Қазақтың Ұлы адамы екенсің ғой. Кел бері!
Баукең «Ұлы» деген сөзге салмақ сала айтыпты. Шона түсінбей сасқалақтап қалады. Баукең оған:
– Иә, бүгін Қазақстанда екеуіміз ғана Ұлы адамдармыз. Мен Момышұлы, сен Смаханұлы. Басқалардың бәрі «овтар» мен «евтер»-деген екен.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, яғни, 1996 жылғы сәуірдің екінші жаңасында
Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы» ЖАРЛЫҒЫНДА:
«1. Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атына түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады», – деп көрсеткен.
Дәл бүгінгі таңда
Момышұлы атамыздан үлгі алып қазақтың ұлттық ерекшелігіне қайтып оралу – біздің буынның қасиетті борышы. Әлемдегі барлық халық өз аты жөндерін тек өздерінің ұлттық негіздерін сақтап жазады. Егер: АРМИЯНДАР – АКОПЯН; ӘЗІРБАЙЖАНДАР – МОМЕДОГЛЫ; ГРУЗИНДЕР – МАХАРАШВИЛИ; УКРАЙНДАР – КОСТЕНКО; ЛАТЫШТАР – ЛАЦИС; МОЛДАВАНДАР – КОДРУ; ЭСТОНДЫҚТАР – ТОММЕ; ТҮРКМЕНДЕР – МАКТУМКУЛИ; ЛИТВАЛЫҚТАР – ВАЙКУЛЕ; ОРЫСТАР – ИВАНОВ БОЛСА, ҚАЗАҚТАР, БІЗДЕР НЕГЕ МОМЫШҰЛЫ БОЛМАЙМЫЗ.
Жеке бас куәлік, азаматтық төлқұжаттың электронды жаңа түрін қолма-қол алмастыруға мүмкіндік мол қазіргі уақытта қазағымыздың дәстүрлі –ұлы, -қызы атауымен жазылсақ бізден соң, біздің арқамызда бізден тарайтын барлық ұрпақтың аты-жөні ұлттық нұсқада қалыптасатын болады.
Алланың елшісі, хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) – «Балаға жақсы ат қойыңдар. Ақіретте Алланың алдында ол әкесінің атымен қоса шақырылады» деген хадисі де бар. Ендеше «Момышұлы» деген ат қазақ ұлтының намысының, ар-ожданының, ұлтжандылығының – Бұланай биігі болмақ. Осы биіктен көрінуге барлығымыз да тырысайық.
Тәуелсіз қазақ елінің ұрпағы түгелдей Момышұлына ұқсап Намысұлы, Арұлы, Алашұлы болуға ұмтылса, батыр атамызға ұқсап ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ бола білсе, шіркін!