Ералы Тоғжанов жаңа қызметке тағайындалды
Осы аптада болған маңызды кадрлық ауыс-туйістердің ішінде Ералы Тоғжановтың Үкімет үйіне қайта оралуы ел ішінде халықтың көптен күткен тағайындаулардың бірі болды. Ақтөбеден кеткеннен кейін біраз уақыт жұмыссыз отырған Ералы Лұқпанұлы Премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. Ол 2020-2022 жылдар аралығында Премьер-министрінің орынбасары болып істеген еді. Одан кейін Президенттің жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Арада тура бір жыл өткенде қызметінен алынған болатын.
Ералы Тоғжанов ел ішінде «жұмыс істей алатын» басшылардың қатарында танылған адам. Әрине, тырнақ астынан кір іздегісі келген кейбір сыншылар оған «ескі Қазақстанның өкілі» деп баға беретін сыңайлы. Қазақстанның саяси-әкімшілік алаңында мұндай «өлшемнің» ауызға алуға татымайтындығы анық. Бұл тұрғыдан қарастыратын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзін «ескі Қазақстанның өкілі» деуге тура келер еді.
Халқымызда «кісіні айтпа, ісін айт» деген нақыл бар. Ералы Лұқпанұлының іскерлігін, мықты менеджерлігін мойындау керек. Ол қызмет жолында талай мекемелерде басшылық қызметтерде болды. 2008 жылдан бастап Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Қазақстан Халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі болған Ералы Тоғжанов ҚХА-да жемісті еңбек етті. 9 жыл басқарған Тоқжанов халықтың жүрегінен орын таба білді.
Қарағанды облысының әкімінің орынбасары. Маңғыстау облысының әкімі болды.
2022 жылы қыркүйекте Ақтөбе облысына әкім болып барғаннан кейін ең алдымен халықтың бас ауруына айналған жол мәселесін шешуге күш салды. Сөйтіп 848 шақырым болатын жергілікті маңызы бар жолдарды салу жұмысын бастады. Мұның ішінде Ақтөбе-Ұлғайсын жолын (262 шақырым) 4-санаттан 1-санатқа көтеру, ұзындығы 260 шақырым болатын Қандыағаш-Шалқар жолының құрлысы бар еді. Осы жол мәселесін шешуде басты материал битум жетіспеушілігін шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында тұтас батыс аймақты қамтыуға мүмкіндігі бар, жылдық өндіріс көлемі 700000-тоннаны құрайтын битум зауытын салуды қолға алды. Бұдан бөлек мұнай мен газға бай өлкеде отырып газ тапшылығын бастан кешіретін облыстағы елді мекендерді түгелдей газбен қамтудың кезеңдік жоспарларын бастағаны есімізде. Осы мақсатта 43,4 млрд текше метрді құрайтын Бұқара-Орал газ құбырының 3-желісінің құрлысы басталып еді. Бұдан бөлек ауызсу мәселесін де бірдолата шешудің қамына жедел кірісіп «2024 жылға дейін облыс халқын 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етеміз»- деп уәде бергені бар.
Ақтөбе обылсына Ералы Тоғжанов барғаннан кейін ірі көлемде инвестиция тарта отырып ауқымды жобаларға кірісті. Бұлардың арасында қаржы көлемі 30 млрд теңгені құрайтын ядролық медицина орталығы мен медициналық бұйымдар шығаратын фабрика ашу, 800 метрлік қоспасыз реліс өндіретін зауыт құрлысы сынды көптеген ірі жобалар болды. Ералы Лұқпанұлының тікелей мұрындық болуымен жасалған келісімдер мен жаңа жобалар аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Ендігі әңгіме Ақтөбе жұртына пайдалы бастамалардың ойдағыдай аяқталуында жатыр…
Қай өңірде қызмет етіп жүрсе де, өзінің халыққа жақындығымен, ұйымдастыру қабілеті мен іскерлігімен халықтың есінде.
Бұлар іскер басшының қолынан ғана келетін әлеуметтік-экономикалық жұмыстардың бір бөлігі ғана. Президентіміздің биылғыдай күрделі жағдайда ұтқыр шешім қабылдап, тәжірибелі басшыларды маңызды міндеттерге тағайындап жатқаны қуантады. Ералы Тоғжановтың ендігі жерде Үкімет басшысының кеңесшісі ретінде өзінің жұмыс тәжірибелері мен білімін ел игілігі үшін жұмсайтынына бек сенімдіміз. Қызметін құттықтай отырып сәттілік тілейміз!
Халықаралық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси «Qazaqstan dauiri»,
Республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы,
Республикалық, әлеуметтік-қоғамдық «Elana» сайты ұжымдары