ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШОМЫЛУ ОРЫНДАРЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Аталған мәселе арнайы мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді.
– Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшылығының баяндамалары тыңдалды.
Облыс аумағында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері төтенше жағдай өкілдері жергілікті полициямен, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп, 361 патруль және рейдтік жұмыстар, 3514 адамды қамти отырып, халықпен 262 кездесу ұйымдастырды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Судағы қауіпсіздік» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары» материалдар жарияланса, білім беру ұйымдарында 2653 оқушыны қамтитын 24 интерактивті сабақ өткізілген.
Облыста жалпы 4334 су нысандары бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы.
Мәжілісте шомылуға белгіленген орындарда 23 коммуналдық жағажай ашуға және талаптарға сәйкес жабдықтауға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс берілді.
Елді мекендер аумағынан өтетін каналдар мен арықтарға балалардың абайсызда құлап кету жағдайлары тіркелуде. Өткен жылғы статистика көрсеткендей, суға бату оқиғасының 40-50%-ы ауылдық жерлердегі канал, арықтарда болған. Былтыр балалардың абайсызда каналдарға құлап кетуінің алдын алу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының 18 шақырымына әр бір 500 метр сайын жалпы 24 баспалдақ орнатылды. Баспалдақтардың тұсына 4 метрлік құтқару арқандары ілінді. Мақтаарал ауданында «К-18» каналында 1200 метр және Қазығұрт ауданында «Газалкент» каналының екі жағынан 5 мың метр темір қоршаулар орнатылған.
Шомылатын орындары жоқ аудандардың елді-мекендерінде 2023 жылы 2,6 млн теңгеге 28 модульді-каркасты бассейн сатып алынып, жалпы 71 каркасты бассейн жұмыс істеген. Биыл да жұмыс жалғасады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің бассейндерінде жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру, жүзуге үйрету мақсатында меморандум бекіту жұмыстарын жүргізіледі. 2023 жылы меморандум аясында 5000-ға жуық бала шомылған.
Шомылу маусымы барысында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстарына еріктілер мен жасақшылардың тартылуы оң нәтиже әкелуде. Биыл жұмыспен қамту орталығынан 71 адам (2023 жылы – 68) алынды және жыл басынан 262 ерікті үлкен үлесін қосуда. Ең бастысы, әрбір ата-ана су нысандарына балаларын қараусыз жібермей, қауіпсіздік шараларын сақтаулары тиіс. Мамандар шомылу маусымында сақ болу керектігін ескертеді!
Түркістан облысы әкімінің әкімінің баспасөз қызметі