Тоғжанов жаңа қызметке тағайындалды
Ақтөбе облысының әкімі қызметінен кеткеннен кейін біраз уақыт жұмыссыз отырған Ералы Лұқпанұлы Премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалды.
Ералы Тоғжанов ел ішінде «жұмыс істей алатын» басшылардың қатарында танылған адам.
Халқымызда «кісіні айтпа, ісін айт» деген нақыл бар. Ералы Тоғжановтың кезінде жер мәселесі талқыға түсіп, қиын түйін шешілмей билік тығырыққа тірелгенде, қалың халық ширыққан уақытында жасаған ерен еңбегі, тапқырлығы, ұтқырлығы, қоғам белсенділерін ұйымдастырып, ортақ мәмілеге әкелуі нағыз шеберлік. Бұл ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігіне зор дәлел. Ковид кезінде айналаға қара түнек үйірілгенде қара нардай талмай күні-түні жұмыс істеуі, елмен бірге болып, қасіретін жеңілдетуге жасаған еңбегін де ерекше айтып кеткен жөн. Ералы Лұқпанұлының іскерлігін, мықты менеджерлігін демойындау керек. Ол Ақтөбе облысында қызмет істеген қысқа ғана бір жыл ішінде облысқа ірі көлемде инвестиция тартып, көптеген жаңа кәсіпорындардың құрылысын бастады. Басқа да жұмыстарды өңір халқының зор ризашылығына бөленді. Сондай-ақ ірі көлемде инвестиция тарта отырып, ядролық медицина орталығы мен медициналық бұйымдар шығаратын фабрика ашу, 800 метрлік қоспасыз рельс өндіретін зауыт құрылысы сынды көптеген ірі жобаларға мұрындық болды. Бұлар іскер басшының қолынан келген әлеуметтік-экономикалық жұмыстардың бір бөлігі ғана. Президентіміздің биылғыдай күрделі жағдайда ұтқыр шешім қабылдап, тәжірибелі басшыларды маңызды міндеттерге тағайындап жатқаны қуантады. Ералы Тоғжановтың ендігі жерде Үкімет басшысының кеңесшісі ретінде өзінің жұмыс тәжірибелері мен білімін ел игілігі үшін аямай жұмсайтынына бек сенімдіміз.