Жігіттер жігерсіз болып барады

Жігері жасық, рухани әлсіз азаматтар көбейіп барады қазір. Бәрі бірдей демеймін, көпке топырақ шашудан да аулақпын. Бірақ шындығы сол. Сөзі көп, іске жоқ епсіздерді көргенде қарның ашады…

Бүгінде оңай олжа табуға құмар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін «азаматтар» саны артты. Заманақырдың таяғаны осы шығар. Тепсе темір үзеді деген ауыл жігіттерінің өзі әзілге жақын. Қайтсем жайдарманға шығып, «жұлдыз» болсам, көгілдір экраннан бой көрсетсем дейді… «Қолы алтын» деген теңеуді де екінің біріне айта алмайсың. Өйткені, қазір зергерлік бұйым, ағаштан тұрмысқа керек құрал-жабдықты жасауға епті адамды табу қиынның қиыны. Оны қойшы, араларында бір шегені түзу қаға алмайтындары да бар.

…Майдаланғандары соншалық, әйеліне «сен де жұмыс жаса, ақша тап!» деп санасатын еркектерге не дерсіз? Шариғат заңы бойынша, әйелге табыс табу міндеттелмеген. Соны біле тұра, білмеген боп жүретін әлсіз ер-азаматтар осы себеппен өз қадірін жоғалтып алды. Ертеңінің бұлыңғыр екенін біліп, келіншегінің «азаматым, қорғаным» деп сыйламайтындығы да сондықтан.

1398051121_789912928

…Бүгінде біз байтақ даланы аман алып қалған батыр бабаның ұрпағымыз деп мастанатын жігіттерге күмәнмен қарайтын деңгейге түстік. Неге?.. Өйткені біздің елді майдаланған ерлер, намыссыз жігіттер, қауқарсыз азаматтар қорғаған жоқ! …Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай секілді батыр бабаның ұрпағы жыл сайын ұсақталып бара жатқаны қандай өкінішті… Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай болуы керек демеймін. Ат үстінде қолына найза алып, жауға шабатын емес, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ сол бейбіт елдің біртуарлары неге көрінбей жүргенін білесіз бе?..

Оларды той-томалақтағы бүгінгінің «батырлары» һәм сал-серілері саналатын асабалары ығыстырып жіберді. Қағытпа қалжың, орынсыз сөйлеу көбейді. Қалай десек те, сол көненің өнегесін өзінен кейінгіге ұлықтап жүрген біріне аға, біреуге іні, бүгінгінің шешені Ардақ Назаров сынды апталдай азаматтарымыздың барына шүкір! Батырдың тұлғасы бар Бейбіт Ыстыбаев пен былғары қолғап шебері Қанат Ислам да көп жігіттерге үлгі. Намысын ту еткен ағаларымыз жоқ емес ау… Бірақ өте аз! Бойында қажыр-қайраты бар, көзінде от, жалынды рухы тасыған осындай жайсаңдар көбейсе, тақиямызға тар келе ме? Күні кеше ғана қаракөздерімізге күйеу бала болуға ниетті қытайлар елордаға келеді деп дүрліктік. Өз елінде айбарлы, батыл жігіттері тұрса, есті қыз өзге ұлтқа тұрмысқа шыға ма? Қорғаны қылушы ма еді?..

Тағы да айтамын, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен қазір кей жігіттерге «нәзік жанды» деп теңеу айтсаң да жарасады. Неге?.. Өйткені ұлттың, үйдің проблемасын арқалап жүрмей-ақ, сүйгеніне қол жеткізуге қауқарсыз. Бетін қайтарса, сағы сынып, мүжіліп, өзін тастап жібереді. Осыдан-ақ қайтпас қайсар мінезділердің сирегенін біле беріңіз. Қазақтың небір ақылына көркі сай қыздарының тұрмысқа шықпай қалуына да басты себеп осы. Қиындыққа қасқайып тұра алмаған дәрменсіздермен бас қосуға кім құлықты болсын?! Осалдық жігітке жарасқан ба?..

Жооқ! Үш жасар ұл бала құлап қалып, боздап отырса, атам қазақ: «тұра ғой, құлыным, жігіт деген жылай ма, сен азаматсың ғой», — деп, кішкентайынан құлағына құйып отырған. Ұлдың ұлықты болуы осыдан басталады. Желтоқсан көтерілісінің кезінде қазақ қыздары ер-азаматтардың намысын қайрап, бір қадам ілгері жүргенін аға-әпкелерімізден естіп-ақ келеміз. Қазақ десең, өзіңе тиеді. Менің мақсатым жігіттерді қаралау, кінәлау, жазғыру емес. Жігерлендіру!

Жұлдыз ӘБІЛ