5,7 млрд теңге БҚО мәдениетін дамытуға бөлінді

Батыс Қазақстан облысында биыл мәдениет саласына 5720,0 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов мәлім етті.

Оның айтуынша, 2017 жылы түрлі мерекелік бағдарламадан басқа көптеген шаралар ұйымдастырылмақшы. Мысалы, «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай Алашорда үкіметінің мүшесі, оның Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовке арналған облыстық жыр мүшәйрасы өткізілмек. Сол секілді атақты батыр, би, шешен Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған «Айбынды жігіттер» атты республикалық аймақтық байқауы көптің көңілін аударары анық. «Қобыланды», «Ер Тарғынның» ең көркем нұсқасын бүгінге жеткізген Марабай жыраудың 175 жылдығына арналған «Жыр дүлдүлі — Марабай» республикалық жыршылар байқауына ат қосатындар аз бола қоймас.  Белгілі әнші-композитор Әшір Молдағайыновтың шығармашылығына арналған республикалық вокалистер фестивалі осы өнер қайраткерін ұмытпағанымыздың айқын айғағы болмақ. Биыл сахна саңлағы, Қазақстан халық әртісі Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толды. Ендеше, соған орай облыстық халықтық театрлар фестивалін өткізсе, несі айып. Ал Алашорданың 100 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға алыс-жақыннан біраз ғалымның келіп, өз ой-толғамдарымен бөлісері хақ.

-Дәулеткерей Атауұлы, енді өткен жылдың басты оқиғаларына тоқтала кетсеңіз?

-Жоспарлы шаралар уақтылы атқарылды ғой, мен бастыларын айтайын. Өткен жылы құрылғанына жарты ғасыр толған Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының өнер ұжымдары «Айналдым, елім, Қазақстаным!» концерттік бағдарламасымен облыс аудандарында ғана емес, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе өңірлерінде гастрольдік сапармен болып, көрермендерін қуантып қайтты. 2016 жылдың қыркүйек айында Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысының күндері өтіп, оған елге танымал батысқазақстандық өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдары қатысып, елорда тұрғындарына есте қаларлықтай әсерлі кеш сыйлады. Сол айда Македонияда өткен «Стоби — 2016» антикалық драма театрлары ХV халықаралық фестивалінің бас жүлдесін алып келген Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры кәсіби шеберлік деңгейінің жоғары екендігін тағы бір танытты. Осы театрда ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) шығармалары бойынша «Мәңгілік елдің алтын адамы» республикалық театр фестивалінің ұйымдастырылуы да заңды еді. Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін өзге мемлекеттермен мәдени қарым-қатынастардың маңызы жоғары.

Айталық, қазан айында Қазан қаласында бұрынғы одақ көлемінде кеңінен танылған композитор, мемлекет және қоғам қайраткері Назиб Жигановтың 105 жылдығы мен оның мемориалдық музейінің 25 жылдығына орай «Музей кеңістігіндегі музыка» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен өнер майталмандары барып, Қазақ елі атынан сахнаға шықты. Мұндай ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасары анық. Оған қоса өткен жылы көптеген күйші, әнші-композиторлардың, жыршы-термешілердің мерейтойлары ұмыт қалмай, аталып өтілді.

-Мұндай шаралар биыл да ұйымдастырылатын шығар?

-Иә, оған сөз бар ма! ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Ақжайық» халықтық ән-би ансамблінің алғашқы жетекшісі Құрамыс Ғаббасов пен белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің, жазушы, ұстаз Қайыр Бектұрғановтың 80 жылдығына орай еске алу кештері өтеді. Әнші-термеші, айтулы айтыскер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев 65 жасқа толуына орай өз көрермендерімен кездеседі. Халық композиторы, күйші Түркеш Қалқаұлының 185, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің 115, домбырашы Есел Қазиевтің 90 жылдығына орай «Бабадан қалған күмбір күй» қайтадан жаңғырмақшы. Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына орай мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмақшы. Сондай-ақ ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығы ұмыт қалмайды. Арамызда жүрген ақын-журналист Закария Сисенғалидың 60, қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиеваның 50 жасқа толу кештері де өтеді.

Елжан ЕРАЛЫ