САУРАН АУДАНЫНДА 20 ЖИНАЛМАЛЫ БАССЕЙН ОРНАТЫЛУДА
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен ауданда орналасқан білім ошақтарында демеушілер тарапынан жаңа 20 дана жиналмалы бассейндер орнатылуда. Тың жобаның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін сақтай отырып, жазғы демалыста оқушылардың уақытын тиімді пайдалану. Ағын су қауіпінен болатын оқыс оқиғалардың алдын алып, бала өміріне араша түсу.
Жазғы маусымда оқушылар көп уақытын сыртта өткізеді. Әйтсе де көптеген қайғылы оқиға да сыртта, оның ішінде су айдындарында орын алып жатады. Сондықтан аудан басшысы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Биыл Сауран ауданында 23 364 оқушының жазғы демалысы басталады. Оның 1451-і 11-сынып түлегі. Бастауыш сынып оқитын жастар үшін мектеп жанындағы лагерлер 3 ауысымда жұмыс істейді. Онда 9666 бала қамтылды. Қазіргі таңда 1 ауысым жұмысына 3150 бала баруда. Мыңнан астам оқушылар қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Сонымен қатар, ауыл мектептерінен 150 оқушы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен демалады. 1 маусым күні 50 бала аталмыш қор арқылы сауықтыру лагерлеріне барады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі