ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫМДАР МЕН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Жиынға құзырлы орган басшылары мен жауапты басқарманың өкілдері қатысты. Кездесу барысында облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зулпархан Чалданов, облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Ерсұлтан Әмірбек және облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов сөз сөйлеп, облыс көлемінде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ жалпы ахуал, медиация, этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтарда мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау жайында мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, алдағы жоспарларды айтты.
Алқалы жиында сөз алған Дархан Амангелдіұлы бұл басқосудың ел бірлігін нығайтуда маңызы ерекше екенін айта келе Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысы, алдағы атқарар мақсат-міндеттерге тоқталды.
– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Мемлекет басшысы таяуда өткен сессияда Түркістан облысында қолға алынған этномедиацияға қатысты жұмыс тәжірибесін Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты. Осы орайда, этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейтуіміз керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, этностардың тату-тәтті ғұмыр кешуі олардың бір тілде сөйлеуіне де тікелей байланысты. Сондықтан этносаралық қатынастың негізі ретінде мемлекеттік тілді үйренушілерге барынша қолдау жасалады. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Мерейлі датаны мемлекеттілікті нығайту деңгейінде өткізуге баса мән беру керек. Білесіздер, қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес облыс орталығында заманауи «Достық үйі» салынып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеруде. Аталған қалашықта туристерді тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, мәдениетіміз пен мұрамызды сақтап қалуға этнос өкілдері де белсене атсалысуы тиіс. Толымды жетістіктерімізді еселеп, әлеуметтің әлеуетін көтеру – баршамыздың басты мақсатымыз. Осы міндеттерді орындауда облыстық Ассамблея мүшелері белсенді түрде үлес қосады деп сенемін. Алдағы уақытта өздеріңізбен жиі бас қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, – деді облыс әкімі.
Бірлікке үндеген басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы алда тұрған бірқатар міндеттерді айта келе, ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісіне үлес қоса беретініне сенім білдірді.
Еске сала кетсек, бүгінде өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі