Қан тазалығын сақтау бабалар аманаты
Өтейбойдақ Тілейқабылұлы «Шипагерлік баянын» жетпістен асқан шағында жаза бастады. 15 ғасырмен таласа туып, ғасырдың 90 жылын жасады. Хан да емес, сұлтан да емес, срай жағалаған оқымысты да емес, қарапайым қазақтың бірі. 1397 жылы дүниеге келген ұстазсыз ұстаз Жәнібек ханның жарлығы бойынша 1467 жылы жазуды қолға алады. Өзінің ғылымнамалық ұлы еңбегін жазуға себеп болған Жиренше шешен. Жиреншенің ертуімен Ақордаға барған ғалым ойламаған жерден Жәнібек ханмен жолығады. Хан Жиреншемен жауаптасып, одан көп нәрселер сұрайды. Жиренше сұрақтарға іркілмей жауап беріп отырады. Бір сөздің кезегі келгенде хан одан:
-Бізде қара үзген шипагер бар ма? – деп сұрайды.
-Алдыңызда тақсыр, — деп Жиренше ғалымды нұсқайды. Біраз әңгімеден соң, назарын ғалымға аударған хан:
-Сырқат қалай пайда болады? Жазылмайтын қандай сырқат бар? – деп сұрайды. Шипагер сұраған сұраулардың барлығына мүдірмей жауап беріп, сырқаттардың шығу, таралу, емдеу негіздерін қолмен қойғандай түсіндіреді. Жауапқа риза болған хан жеті атаға толмай қыз алса қанның уылуына душар болып, ұрпақтың кемтар болып қалатынын біледі. Дереу хатшыларын шақыртып:
-Күллі Алаш бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз болмағы үшін жеті атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт! – деген жарлығын жаздырып, «алтын мөрін» басып, қолма-қол шабарман аттандырып, жарлықты атқаруға уәзірлерін бұйырады.
Шипагерге осының барлығын жазып ұрпаққа қалдыру туралы тапсырма береді.
Одан соң:
-Үлгіңді титтей де қалдырмай, жасырып-жаппай бүкпесіз толық ашып жазып шық. Болғаннан соң, ордаға келіп жеке өзіме оқып бер. Қазынада сақтатамын. Қосқан есеңе қарай сыйыңды алып, мәртебеңді иелейсің, — деп тапсырма береді.
Жазуға кірісерде дала данышпаны: «Егер сырқаттанып, науқастанып қалмасам, қасиетті ханның жарлығын орындаймын» деп уәде еткен екен. Бірақ жазған дүниесін уәдесі бойынша хан қолына тапсыра алмайды. «Бітіріп болдым, дәтімді жазып, ертең тапсырамын дегенде Жәнібек хан қаза болған екен.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Астана