ЖАҚСЫ ҚАРТАЮ ДА БІР БАҚЫТ…….
Алпыстан асқаннан кейін, тәжірибең молайып, ақылды бола түсесің. Сол бойыннан кеткен қуат тілге ауысады.
Кейінгілерге ақыл айтқанды ұнатасың, өзің жас кезіңде жіберген қателіктерді үрім- бұтағым қайталамаса екен дейсің.
Сондықтан көп сөйлеп, қызыл тілге сүйенесің. Алпыстан асқаннан кейін адамның қимыл- қозғалысы, тіпті іс-қимылы өзгере бастайды, уақыт өз дегенін істейді.
Бетке әжім түсіп,адам қартая бастайды.
Үлкейген адамның көркі — денсаулық!
Жас кезіңде денсаулықты табиғаттың өзі береді.
Қартайған кезде өз денсаулығыңызды күтіп сақтауыңыз керек.Осы кезде адамның бірінші жауы- дұрыс тамақтанбау және жеңілтектік. Жас кезде майлы тамақ организмге күш жинау үшін керек.
Ал қартайған кезде жүрісіңіз азайып, ас қорыту қиындайды. Сол себепті тамақты талғап жеуге тырысыңыз. Кейде жерік әйелдер секілді бір асқа көңіліңіз соғады, ол ағзаға сол заттың жетіспеушілігінен болады, алып жеп, өзіңізге құрмет жасаңыз…
Жасы келген адамның басты рухани жауы- жеңілтектік. Барған жерде жастармен билеп, біреуге қырындап, қалжың айту үлкендерге ерсі.
Осындай ойланбай істеген қылығымыз үшін «Үлкейсе де, бір үзім ақылы жоқ», «Сақалы ағарған да, ақылдан ада екен» деген елден сөз есту бізге лайық емес.
Алпыстан асқаннан кейін әдептің бірі — адам жасына қарай киінуі керек.
Жас болдық жеңі жоқ кеудеше кидік, қысқа кидік дегендей.
Тіпті, керемет денеңіз сұлу болса да, қысқа, денеге жабысқан киім кию ерсі, денеңіздің сұлулығың көрсететін жер ол теңізге барып дем алғанда.
Өз жасыңыздан жас көріну үшін кірпік жапсыру, жеңсіз киім кию сіздің талғамыңыздың төмендегін көрсетеді.
Кірпік пен бояу кәрілікке қорған бола алмайды.
Қайта сіздің жасыңызды онан сайын айқындап көрсетеді. Шамалап өзіңізді ретке келтіру, әтір жағу, бетке массаж жасау, крем жағу пайдалы, артық болмайды.
Жас келсе де көңіл қартаймайтыны белгілі. Бірақ үлкейген шақта ақшыл киім жарасымды.
Менің қуанатыным қазақтың балалары ата-анасын зейнетке шыққанда құрмет көрсетіп, тойын жасап, қолындағы барын салып киіндіреді. Көшеде, қонақта жасынан сай киінген үлкендерді көргенде қатты қуанып, бойымды мақтаныш билейді.
Осындай сый-құрмет жасау менің қазағымның қолынан келетін сияқты.
Осындай ұрпағы бар қазағымның ерте қартаймауы заңдылық.
Жас келгенде денсаулықтың болмайтыны рас, жаныңызға батқан ауруды жақындарыңыз бен балаңыз білсе жеткілікті, елге айтып жарияламаңыз.
Оны бүкпесіз айтатын жер сіздің дәрігеріңіз.
Кейде құлақтың дұрыс қабылдамайтын кезі болса, уақыт кетіріп, қайталап сұрамаңыз.
Қартайған адам өкпешіл болады…
Өкпе айтып, ренжудің қажеті жоқ.
Өміріміз өкпемен өтпесін, Кешірімді болайық.
Өткен күндерге жиі оралмаңыз.
Кеткен жандар оралмайды, жастық шағың тек арман болып қалады.
Ол үшін бас қатырмаңыз..
Жастарды әңгіме етуден аулақ болыңыз, кезіңде бізді де көп адамдардың жақтырмағанын естен шығармауымыз керек.
Балалардың қызмет бабымен көшсе, ашулаңбаңыз. “Отырса -от басында, көшсе- көш басында» дегендей жасың келгенде бір қаладан екінші қалаға көшу қартайған адамға онай емес, денсаулығына зиян, әрі үйренген ортадан алыстау онай емес, бірақ заман талабы болғандықтан оған да көнуіміз керек.
Мен бірнеше қалаға қоныс аудардым.
Қиналамын үйренген жерден ауыса беру онай емес, бірақ өзіме:» Бастысы сен тірісің, ел мен жер көру де бақыт»- деп басу айтамын.
Ғалымдардың айтуы бойынша қазір адамдар жасарды дейді. Әке-шешелеріміз қырық жасында үлкен адамдар көрінетін.
Бір байқағаным адамда көркем мінез болса, қартаймайды. Қарт адам өз киімімізбен, ақылымызды, ой-өрісімізді, талғамымызды байқата білсек қадірлі боламыз.
… «Кәрілік келіп қалды қай жағымнан» деп айтуымыз заңдылық. Ешкім қартаюды жақсы көрмейді. Елу шылбырдан алды. Алпыс тізгіннен алды.
Жетпіс өре салды. Сексен тұсау салды- дегендей қартаюдан қашқанмен құтылмайтын бұл да өмірдің бір белесі ғой.
Кейде ойлайсың осы жасқа жетпей кеткен жер құшқан қаншама адам бар, тәубе деймін Тәңіріме риза болып…
«Көп жасаған құрдасынан айырлады» дегендей өзіңіз шамалас адамдардың, жақындарыңның қазасы жанға батады.
Иман тілеп, жақсы жақтары еске алыңыз.
Өмірімде мені қинайтын өлік шыққан үйге бару. Жаныма қатты батып, бірнеше күн ұйқыдан айырыламын.
Қартаюдың да өз бақыты бар. Ол ұрпағының бақытын көру, баланның өзіңе деген құрметін сезіну, немерелерінің тәтті қылығы.
Ойымды қағазға түсіремін. Сіздерге де кеңес зейнетке шықаннан кейін, ойыңызды қағазға түсіріріңіз. Ойсыз адам болмайды, кейін өзіңіз оқып, осыны мен жаздым ба?- дейсіз. Тамаша осындай ойдың иесі болғанымыз ды сонда сезесіз.
Атың барда ел таңы дегендей ел көріп, жер табуға да уақыт бар.
Үйде де таза киініп жүруді әдетке айналдыру керек. Жатар төсегіңіз жанға жайлы болуы керек.
Ас ішетін ыдысыңыздың да әдемі болғаны көңіліңізге қуаныш сыйлайды. Өзіңізден әрине жағдайыңыз келсе өзіңізден ешнәрсе аямаңыз.
Ұнаған нәрсеңізді алыңыз, дәріңізден үнемдемеңіз. Шақырылған жерге уақытымен баруға тырысыңыз.Өзіңізге ұнамаған затты біреуге сыйламаңыз.
Жағдайыңыз келмесе болмайтын нәрсе апарып, сіз туралы жаман пікірде болмауын ойлаңыз.
Апаратын нәрсеңіз болмаса, ұятқа қалмас үшін бармағаныңыз дұрыс және бармайтыңызды айтып, хабар беріңіз.
Жақсы ортада болыңыз, ән мен күй тыңдаңыз, тіл үйреніңіз, атқан таңды көріп, табиғатты тамашалаңыз!
Көре білсеңіз қуаныш көп!!!
Рухтарыңыз үстем болсын, қарттарым аман-сау жүріңіздер!
Райхан Матаева