Олжас Бектенов Жамбыл облысындағы фармацевтика өнеркәсібінің дамуы мен денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмысын тексерді
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Шайқорық ауылындағы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған дәрігерлік амбулаторияға барып, облыс орталығына жақын маңда орналасқан Айша бибі ауылындағы Super-Рharm медициналық бұйымдар өндіретін зауытының қызметімен танысты, — деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысына өңірде 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатқаны баяндалды, оның 20-сы Ұлттық жоба шеңберінде салынып жатыр, оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. Облыстағы медициналық мекемелердің тозуы 40,3%-дан 36,5%-ға дейін төмендейтін болады. Сонымен қатар 4,5 млрд теңге 125 бірлік медициналық құрал-жабдық мен 30 санитарлық автокөлік сатып алуға бағытталды.
Шайқорық ауылында халық саны шамамен 6 мыңға жетті. Медициналық қызмет осыған дейін ескі ғимаратта көрсетіліп келген, ал диагностика мен талдау жасау үшін жергілікті тұрғындар 25 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығына баруға мәжбүр болды, бұл өзіндік қолайсыздықтар тудыратын.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы — бұл Мемлекет басшысының ауылда медициналық инфрақұрылымды дамыту, қолжетімді сапалы медициналық көмек көрсету туралы тікелей тапсырмасын іске асыру. Жаңа ғимаратта зертхана, УДЗ, ЭКГ және басқа да құрылғылар бар, тар бейінді мамандарға қаралып, кеңесін алуға болады.
Сондай-ақ шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына кең ауқымды сапалы медициналық қызметтер көрсетуді қамтамасыз етуге арналған аудандық амбулаторияға жылжымалы медициналық кешен берілді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша барлығы 655 нысан салынады. Ауылдық елді мекендерді медициналық мекемелердің жаңа ғимараттарымен қамту үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Премьер-Министр бірқатар жаңа нысандарды кеңейту қажеттігін айтып, сондай-ақ кадр тапшылығы проблемасын атап өтті.
«Мемлекет басшысы ауылдарда денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жаңғыртылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ауруханалар мен емханалар барлық заманауи сапа мен жайлылық стандарттарына сай болуы керек. Бұл жағдайда тек инфрақұрылымның болуы жеткіліксіз. Кадрлық әлеуетті үнемі арттырып отыру қажет. Сондықтан, әкімдік жаңа медицина мекемелерін іске қоспас бұрын, техникалық жарақтандырумен қатар, білікті мамандарды тартуға назар аударып, оларға тиісті жағдай жасауы керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ұлттық жоспар шеңберінде жыл аяғына дейін өңірдегі барлық медицина нысандарының құрылысын уақтылы әрі сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін тарту тетіктерін күшейтуді тапсырды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова 2022 жылдан бастап өңірге 234 жас маман келгенін, жақын арада 2,5 мың дәрігер біліктілігін арттыру үшін оқудан өтетінін жеткізді.
Жамбыл облысында фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда бір реттік медициналық бұйымдар, инфузиялық ерітінділерді, қан және қан алмастырғыштарды құюға арналған системалар, биологиялық сұйықтықтарды жинауға арналған контейнерлер және т. б. өндіріледі. Super-Pharm зауыты отандық медициналық мекемелерді жылына 300 млн бірлік көлемінде бір реттік инъекциялық шприцтермен, тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдармен, лейкопластырьлармен, спиртті майлықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Мұнда шикізаттан бастап дайын өнімге дейін технологиялық процестің толық циклі бар.
«Отандық өнеркәсіп сапалы дәрі-дәрмектер мен жоғары бәсекеге қабілетті медициналық бұйымдар шығарып, тұрғындар арасындағы қажеттілікті ескере отырып, өндірілетін өнім қорын жаңартуы тиіс. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін мұндай кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі өте маңызды», — деді Премьер-Министр.
Жамбыл облысы әкімдігі