ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ҮЛГІ ДӘРІГЕР

Дәрігер қай заманда да қастерлі мамандық саналған. Жүгі салмақты, атқаратын жұмысы маңызды бұл салаға екінің бірі өмірін арнай бермейді.
Жан алқымға келгенде Жаратқанға жалбарынамыз. Алладан кейін жанымызды дәрігерге аманаттаймыз. Өмірін ұзартуға септігін тигізіп, адам жанына араша түсіп жататын дәрігерлер қашан да елдің құрметіне бөленеді.
Ел құрметіне бөленіп, ауданның денсаулық сақтау саласына өзіндік үлесін қосқан ағамыздың бірі – Маманов Марат Тілепбергенұлы.
Маманов Марат аға 1955 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Тамды ауылында мүғалімдер отбасында дүниеге келген.
1972 жылы Жаңатас қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң, Семей мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1978 жылы бітіріп шығады.
1978-1979 жылдары Жамбыл қаласында дәрігер- хирург мамандығы бойынша интернатураны аяқтап, Жаңатас қаласындағы ауруханаға жұмысқа орналасады.
Кеңес Одағы тұсында тікелей орталықтан қолдау көріп, аты алысқа жайылған кеншілер қаласындағы жастық жігермен басталған еселі еңбек Марат ағаны тәжірибелі хирург дәрежесіне көтерді. Осы жылдар ішінде үлкен өмір мектебінен өтіп, мамандығын жетілдірді, тәжірибе жинақтады. Ең қиын да ізгілікті жұмыстың жауапкершілік салмағының қаншалықты жоғары екенін жүрегімен сезінді. Уақытпен санаспай, күн-түн деп санасып жатпай, денсаулығы сыр берген жанның қасынан табылды. Құрақ ұшып, әр науқастың жағдайын назардан тыс қалдырмады.
1987 жылы Жамбыл облыстық денсаулық басқармасы тәжірибелі, жігерлі жас маманды Сарысу ауданының сол кездегі орталығы Байқадамдағы аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі етіп жіберді.
Ол дәрігер-хирург болып істеген жылдары талай жандардың тағдырына, өміріне араша болды. Марат аға хирург болып қызмет еткелі он мыңға жуық операцияға қатысыпты. Өмір мен өлімнің арпалысқан тұсында адамдардың өміріне араша түсу айтқанға оңай болар. Бірақ, өз міндетіне жауапкершілікпен қараған алтын қолды дәрігер хирург деген атына дақ түсірмеді.
Марат Тілепбергенұлы 1992 жылдан 1995 жылға дейін Сарысу аудандық аурухананың бас дәрігері және денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1995-1998 жылдар аралығында Қаратау қаласындағы аймақтық медициналық орталықтың хирургия бөлімінің меңгерушісі, 1998-2005 жылдары Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, 2005-2021 жылдары аудандық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері қызметтерін атқарды
Марат ағаның аудандық денсаулық саласында басшылық қызметте болған кездері Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдан аса уақыт ішіндегі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ел егемендігінің қиын-қыстау кезеңі әсіресе ауылдар мен елді мекендер, шағын қалалар үшін оңай болған жоқ. Барлық салада дағдарыс туындады. Осындай қиын шақтарда аудандық аурухананың, медициналық пункттердің жұмысын тоқтатпау басты міндеттің бірі болды. Сол кезде болашаққа деген сеніммен ел азаматтары тоқтаусыз еңбек етті. Аурухананың, шалғай ауылдардағы медициналық пункттердің жағдайы, оларды қажетті медициналық құралдармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, жедел жәрдем жұмысы сияқты ең негізгі, маңызды мәселелерді дер кезінде шешіп отыру үлкен еңбекті, қажырлық пен іскерлікті қажет етті. Білікті дәрігер бұл басшылық қызметтің де үдесінен шыға білді. Одан кейін аудандық тубдиспансердің бас дәрігері қызметінде де абыройлы еңбегінің арқасында қол астындағы қызметкерлері мен қаралушы адамдардың алғысы мен ризашылығына бөленді.
Ұзақ жылғы елге еткен еңбегі де елеусіз қалмай, жоғарғы басшылық тарапынан көптеген марапаттармен марапатталды.
Бұл күнде бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Марат Тілепбергенұлы адал еңбегімен абырой тұғырына көтерілген ардақты аға.
Ағамыздың жемісті қызмет етуіне отбасында барынша жағдай жасаған жұбайы Фарида Калиақбарқызының қосқан үлесі зор. Фарида жеңешеміз ұрпақ тәрбиесінде ұзақ жыл еңбек етті. Жаңатас қаласында бұрынғы К. Маркс мектебінде, М. Әуезов мектеп- гимназиясында, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығында басшылық қызметтер атқарып, ауданның білім саласының дамуына өз үлесін қосты.
Орманы да орыс да көп еліміздің Шығыс өңірінің қызымен ағамыз Семейде оқуда жүріп танысып, шаңырақ көтеріп 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Жеңешеміз келін болып түскен елінің өз қызындай болды. Бір әулеттің ақылшы анасына айналған жеңешеміз ағайындарды төркініндей түгендеп отырады. Қолы ашық, пейілі кең жеңешеміз ағайға шаруамен немесе сәлем беруге барған ағайынның асты-үстіне түсіп, дастарханнан дәм татқызып жатады.
Ағамыз жұбайымен екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздардан немере сүйіп, бейнеттің зейнетін көріп отырған ардақты ата мен әже. Балаларының барлығы жоғарғы білімді, өмірде өз жолдарын тауып, әр салада жемісті еңбек етуде. Гүлназы экономист, Бибігүл мұғалім болса, ұлы Ғани жеке кәсіпкер.
Марат аға Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға араласып отырады.
Ағамыз жайлы азды-көпті әңгіме қозғап отырғаннан кейін, ағамыздың әкесі Тілепберген ағай туралы айтпай кетуге болмайды. Маманұлы Тілепберген ағай ауданымыздың, Жаңатас қаласының білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жаңатас қаласындағы мектептерде басшылық қызметте болды. Тарихи деректер мен ескі әңгімелерді, шежірелерді жинауға үлкен еңбек сіңірді. Аудан тарихына қатысты көптеген құнды дүниелерді жарыққа шығарды. Бірталай танымдық дүниелері баспасөз беттерінде жарияланып, кітаптарға енгізілген. Тілепберген ағай бір әулеттің ғана емес, елдің қадірлі қариясы, ауданның Құрметті азаматы, шежіреші, тарихшы, ұлағатты ұстаз болған кісі.
Атадан бата, әкеден тәрбие алған Марат ағамыз да қазіргі таңда бір әулеттің бәйтерегі, ағйынның ақылшысы, елдің сыйлы ағасы.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген сөзі бар. Осы қасиеттер Марат Тілепбергенұлының өне бойынан табылғандай.
Халықтың денсаулығын сақтау жолында еселі еңбектің үлгісін көрсеткен дәрігер ағаның еңбегі елге үлгі.
А.Тілемісов
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі