ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕРДІҢ САНИТАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.
«Бүгінде Түркістан облысындағы балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қадағалау шаралары жүргізіліп жатыр. Осы орайда лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары тексеріліп, алдын ала медициналық тексеруден өтуі бақылауға алынған. Биыл облыс көлемінде 33 жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы жоспарланған. Оның 17-і жергілікті СЭББ тарапынан тексеріліп, оң қорытынды алды. Ал 3 лагерьдің санитарлық кемшіліктері түзетілуде. Қалған демалыс орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде»,- дейді Асқар Бекболатұлы.
Айта кетейік, жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 33 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Биыл өңірдегі 70 мың бала сауықтыру лагерьлерінде демалады. Оның ішінде 50 мың бала — әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, 20 мың бала — ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3 421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі