ЕГЕР МЕН ӨЗІМДІ ШЫН БАҒАЛАЙ АЛСАМ…

Танымағанға – талпыну, білмегенге – ынтығу мүмкін емес, демек, өзіңді шын бағалап, жақсы көруің үшін – жағымды қасиеттерің көбірек болуы керек.
ЕГЕР МЕН ӨЗІМДІ ШЫН БАҒАЛАЙ АЛСАМ…
1. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, зиянды-жасанды қоспаның бәрінен бойымды аулақ ұстап, табиғи таза тамақтарды ғана таңдап жейтін едім…
2. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, ерте жатып, сергек оянатын түнгі тынық ұйқыға дағдыланар едім (мысалы, түнгі 22.00-24.00 мен таңғы 05.00-07.00 уақыт аралығы)…
3. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, тұла бойымның жел үрлеген немесе желі шыққан шардай болбыр болмысыма намыстанып, тал шыбықтай тартылған түзу сымбатын қадағалар едім…
4. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, өзімнің дені-басымның саулығы үшін жамбастап жата бермей, жаттығулар жасап; кеудемді тік, тәнімді таза ұстап; жұмыс пен демалыстың күнтізбесін мұқият сақтар едім…
5. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, еңсені басатын уақытша уайым-мұңды ит қосып қуып, аз-кем ауыртпалықты – жігерлену жаттығулары деп түсініп, әрдайым шыққан күндей жарқырап-жадырып, еселенген ерік-жігермен емен-жарқын күн кешер едім. Басы ауырып, бауыры сыздаған жан – мені көргенде, дәрумені дереу шипа сіңіргендей сергектеніп, құлан-таза айығып, айқайлап: «Алып тұлға – байсалды…» – деп, әуелете ән шырқап кетер еді…
6. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, құдай жаратқан құйма-қалпымды құдайдың қымбат сыйындай разы пейіл, мамыражай сезіммен қабылдап, кемшіліктері мен артықшылықтарын жарты қадақ жатсынбай, әр күн, әр сәтімді «Әрқашан күн сенбесін!» дейтін күнәдан пәк, шадыман шаттықпен бақытты өткізер едім…
7. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, өзімнің ерік-жігерім мен күш-қуатыма арқа сүйеп; қабылетім мен қасиетімді, талабым мен талантымды, еңбегім мен бейнетімді шынайы мойындап, тау қопарып, өзен тасытар едім…
8. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, арманымның – асқақ, ойларымның – орасан, жігерімнің – жалын қуатын тиімді арнаға бұрып; тау қопарып, бұғаз бұзып, бай-патшадан артық шат-шадыман өмір сүрер едім…
9. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, төл пікір-пайымымды қазық қылып қазып, көңілімнің қалауына қол жеткізіп, қиялымның жалауын сөзсіз желбіретер едім…
10. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, айнадан қашпай, зәуде көзім түсе қалса – өзіме құлай ғашық болатындай сымбатымды сақтап, күндей көңілмен қағанағым – қарық, сағанағым – сарқ күліп, қылыштың жүзіндей жарқылдап жүрер едім…
11. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, құдай жаратқан қалпыма өзімде де, өзгеде де айрықша ынтықтық әрі ынтызарлық туғызар едім…
12. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, қолым тиіп, көңілім қалағанның түгелі таза сезім, мөлдір махаббатқа шомылып, мың-сан бояу-нақышымен түрленіп шыға келер еді…
13. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, кемшін-мінімнен – көрік көріп, қателігімнен – тәлім тауып; өзімді жылы сөз, мақтау-мадаққа мөлтілдетер едім…
14. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, өз басымды көптің – бірі, көйлектің – кіріне қоспай, толағай туған тұлға танып, қадір-құрметімді еселер едім…
15. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, күңгірт күдіктерім пен улы уайымдарымның тізесін кесіп, желкесін қиып тастап; қиял-ойларымның орнын тауып, асыл жобаларыма жол ашар едім: «арманға жетіп, мұратын тапты» деген, осы.
16. Егер мен өзімді шын бағалай алсам, Абай хакімге ұқсап «Қолымды мезгілінен кеш сермедім!» деп, ауызым ашылып аңқимай; дәргей демеп, дереу қимылдап, «бүгіндікі – ғаламат, ертеңдікі – аманат» деп, бұйырғанын – алып, іліккенін – іліп; сұңқардай самғап, тұлпардай тарпып; арыстан-айбат, қорғасын-қуатпен несібе-нәсібі мен қазына-байлығы тамшылаған тамаша ғұмыр кешер едім…